«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА ҚАЗЫНАСЫН ТОЛЫҚТЫРА ТҮСКЕН қалалық салық басқармасының жұмысы жайлы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі нарықтық қатынастар жағдайында салықтың негізгі экономикалық тетіктердің бірі болып табылатыны анық. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық салалары салықтан түсетін бюджет қаржысы арқылы қаржыландырылады. Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші десек, ол алдымен түсетін салық көлеміне байланысты. Бүгінгі күн талабына сай, салық саясаты елдегі ішкі өсімді ынталандыруы және сыртқы нарықтарға отандық экспортты, ал жекелеген азаматтар деңгейінде олардың қорларын, жинақтарын және салымдарын ынталандыруға тиіс. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, бүгінгі өмір тынысының ажырамас бір бөлігіне айналған салық мәселесі ешкімді бейжай қалдырмасы сөзсіз. Соған байланысты өткен жылдың қазан айында облыстық салық департаментінен еншісін алып, Петропавл қаласы бойынша жеке салық басқармасы болып құрылған мемлекеттік мекеме басшысы Мұрат Мұхамеджановты сөзге тартып, сұхбаттасудың сәті түсті.

 

– Мұрат Бағытжанұлы, әңгімемізді алдымен дербес қалалық басқарма құрудың мақсатынан бастағанымыз дұрыс болар.

– Қалалық салық басқармасы бізде бұрын да болған. Ана бір жылдары оның департамент құрамында жұмыс істеуі тиімді саналып, облыстық құрылымға қосылып кеткен болатын. Алайда, соңғы жылдары біздің және бір-екі облыстан басқаларында қалалық салық басқармалары қайта құрылып, өткен жылдың қазан айынан бастап мұндай құрылымға біздің де қолымыз жетті. Ондағы мақсат айқын – қалалық салық басқармасы салық төлеушілермен жұмыс тиімділігін, салықтық әкімшілдендіру сапасын арттыруы және қала бюджетіне түсімдерді өсіруі тиіс. Облыстық салық департаментінің құрамдас бөлімшесі болып табылатын қалалық салық басқармасы Мир көшесі, 85-үй және К.Сүтішев көшесі, 56 А үй мекенжайлары бойынша екі ғимаратта орналасқан 14 бөлімнен тұрады. Басқармада барлығы 105 адам қызмет етеді.

– Осы арада қысқаша өзіңіз туралы да айта кетсеңіз.

– Өзім облыстың салық органдарында 2001 жылдан бастап әртүрлі қызметтер атқардым. Екі жоғары білімім бойынша заңгерлік және экономист мамандықтарым бар. “Салық қызметінің үздігі” атағының иегерімін. Осы қызметке тағайындалғанға дейін облыстық салық департаменті басқармасының бастығы қызметінде болдым.

– Құрылымдық өзгерістің қызмет сапасы мен салық түсімін арттыру үшін жүргізілгені белгілі. Оның алғашқы нәтижелері аңғарыла бастаған шығар?

– Әзірге салыстырмалы көрсеткіштер келтіруге ертерек. Десе де, жеке басқарма болып құрылғалы ілгері басушылық бары айқын аңғарылады. Бюджетке түсетін болжамды көрсеткіштердің сапалы орындалуы үшін салықтық әкімшілдендіруді жақсарту және салық түсімдерінің қосымша резервтерін іздестіру жөнінде жоспарлы, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазір Петропавл қаласында бизнес субъектілері саны 21 мыңнан астам салық төлеушілерінен тұрады, 1999 жылмен салыстырғанда 3,9 есеге өсті. Салық төлеушілері санының өсуіне байланысты қала бюджетіне салық түсімдері де көбейді. Қала бойынша салықтар мен төлемдер түсімінің облыс бюджетіндегі үлесі 70 пайыздан асады.

Салық органдарының алдында тұрған басты міндеттердің бірі – салықтар түсімінің толықтығын қамтамасыз ету болып табылады, қалалық салық қызметінің пәрменді іс-қимылының арқасында 2012 жылы қаланың мемлекеттік бюджеті 101,8 пайызға атқарылды. Бұрнағы жылмен салыстырғанда түсімдер көлемі 14,0 пайызға немесе 4366,8 млн. теңгеге өсті. Соның ішінде республикалық бюджет бойынша атқару 101,6 пайызға қамтамасыз етілді, ол бұрнағы жылдағыдан 15,6 пайызға немесе 3093,2 млн. теңгеге артты. Жергілікті бюджет бойынша жоспар 102,2 пайызға атқарылды, түсімдер өсімі 1273,5 млн. теңге немесе 11,2 пайызды құрайды.

– Енді қалалық басқарма тарапынан салық төлеушілерге қызмет көрсетудің қолайлы жағдайларын жасауда қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы не айта аласыз?

– Салық төлеушілеріне барынша қолайлы жағдай туғызу үшін Петропавл қаласының “Ақпараттар қабылдау және өңдеу орталығында” құжаттарды қабылдау, өңдеу және беру жөніндегі жұмыстар жүргізіледі. Барлық салық қызметтерін көрсету мүмкіндігі осы орталыққа шоғырландырылған, ол салық төлеуші үшін өте қолайлы, өйткені оған бірнеше кабинетке барудың қажеті жоқ, сондай-ақ байланыс уақытын айтарлықтай қысқартады және салық органдары тарапынан сыбайлас құқық бұзушылыққа жол бермейді. Бүгінде қалалық салық басқармасының ақпараттар қабылдау мен өңдеу орталығы салықтық сипаттағы құжаттардың 30-ға жуық түрін өңдейді.

Сонымен бірге қала әкімі Болат Жұмабековтің қолдауымен орталықта “Электрондық кезек жүйесі” бағдарламасы енгізілді. Осы электрондық кезектің енгізілуіне байланысты құжаттарды қабылдау және толтыру рәсімдері тәртіпке келтірілді, салық төлеушілеріне қызмет көрсету тиімділігі артты. Салық төлеушілерінде қызметтер алғаннан кейін оның сапасы жайлы өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік туды. Күнделікті статистикалық деректерді сараптау орталық мамандарының жұмысын оңтайландыру мен жетілдіруге, сол сияқты құжаттарды қабылдау мен толтыру рәсімдерін тәртіптеуге мүмкіндік береді. Салық төлеушілерге жедел ақыл-кеңес көмегін көрсету және өтініштер бланкілерін беру үшін орталықтың операциялық залының кіреберісінде келушілерді модератор (кеңесші) қарсы алады.

– Электрондық қызмет көрсету аясын кеңейтудегі жетістіктеріңіз қандай? Іске жаңа кіріскен кәсіпкерлерге бірыңғай ақыл-кеңес беру күндері өткізіле ме?

– Қазір электрондық технологиялар заманы. Оған, әсіресе, салық қызметі мүдделі болуға тиіс, өйткені кең ауқымды электрондық қызмет қана салық жүйесінің жеделдігін, ондағы операциялардың дәлдігі мен мөлдірлігін толық қамтамасыз ете алады. Жыл сайын салық органдары көрсететін электрондық қызметтер аясы кеңи түсуде. Айталық, салық органдарында көрсетілетін 33 қызмет түрінің 20-сы автоматтандырылған. Бүгінде бұрын жүзеге асырылған жеке шоттың жағдайын қарау, салық өтініштерін беру, салық есебін тапсыру, салық анықтамалары мен ескертпелерін алу, салықтық төлемдерге төлем жүргізу электрондық мүмкіндіктеріне патент құны есептемелерін тапсыру, салық есебін қайтарып алу және тағы басқа қызметтер мүмкіндігі қосылды.

Сол сияқты орталықта электрондық түрде салық есебін тапсыру үшін бағдарламалық қамтылуы бар 19 осызаманғы компьютермен жарақтанған салық төлеушісі терминалы орналасқан.

Көрсетілетін салық қызметтерінің сапасын жақсарту үшін облыстық салық департаментінің бастамасы бойынша жаңадан іске кіріскен кәсіпкерлерге бизнес жолының басында кедергілерге ұрынбас үшін әр бейсенбі сайын бірыңғай ақыл-кеңес беру күнін өткізеді. Өткен жылы қалалық салық басқармасы 490 адамға кеңес берді. Бүгінде басқармаға күніне орта есеппен 14 жаңадан іс бастаған кәсіпкер өздері келіп, ақыл-кеңестер алады.

– Елбасы биылғы Жолдауында салық саясатын жан-жақты сөз етіп, салық қызметкерлері алдына оны жетілдіру мақсатын қойды. Осы орайда, негізінен қандай мәселелерге баса назар аудару қажет деп ойлайсыз?

– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Тиісті органдар алдына барлық қолданыстағы салық жеңілдіктеріне ревизия жүргізіп, оларды мейлінше тиімді ету, салық есептілігін жеңілдетіп әрі барынша азайту міндеттерін қойды. Біз алдымен осы міндеттерді бағдар етеміз. Расында да, салық жеңілдіктерін қайта қарап, оның тиімді түрлеріне көшудің кезеңі келді. Сол сияқты салық есептілігін жеңілдету мен азайту да уақыт талабынан туындап отыр. Бұл орайда салық төлеушілері үшін айтарлықтай өзгерістер Салық кодексінде қазірдің өзінде қарастырылған десе болады. Айталық, жеке кәсіпкерлердің кейбір санаттарына бухгалтерлік есеп жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың кейбір санаттарын тарату тәртібі жеңілдетіледі. Ал арнайы салық режімінің (АСР) рұқсат ету сипатындағы қолданылуы тоқтатылып, АСР-ін ескертпе таңдау тәртібі енгізіледі. Сондай-ақ көптеген салық есебі түрлері алып тастау жолымен бір түрге біріктіріліп, жекелеген есеп түрлерінде қосымшалар саны азайтылады. Осынау шаралардың бәрі бизнеске кедергі болатын бөгесіндер тудырмасы үшін жасалып отыр. Өйткені, Жолдауда шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше маңыз берілген.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp