Айнагүл ӘБІШЕВА,
№2 Преснов орта мектебінің мұғалімі.
Қожаберген жыраудың биыл тойланатын 350 жылдық мерейтойына орай мектебімізде түрлі іс-шаралар өткізіліп, оқушылар атақты “Баба тілі” мен “Елім-ай” дастанынан үзінділер жаттауда.
Жоспарға сәйкес №2 Преснов орта мектебінің ұстаздары Жазира Қасенова мен Бауыржан Мұсабаев Қожаберген жыраудың “Баба тілі” дастаны бойынша 8-сыныпта кіріктірілген сабақты облыс мектептері үшін On-line режімінде өткізді. “Дәстем сал Қарабасұлы (1677-1752), Жанкісі жырау Көшекұлы (1734-1817), Жанақ Төлекұлы (1743-1821), Баһрам Шақшақұлы (1779-1826), Сегіз сері Баһрамұлының (1818-1854) зерттеулерінің нәтижесінде Қожаберген батыр халқына қайта оралды. Белгілі заңгер Бекет Тұрғараев басқаратын “Жеті жарғы” және “Қожаберген жырау” қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауымен оның ерлігі, даналығы туралы көптеген еңбектер жарық көрді”, – деп тарих пәні мұғалімі оқушыларға мәлімет берді.
Оқушылар сабақ барысында ежелгі Тұранды суреттеп, картадан көрсетіп, Қожабергеннің Шыңғыс хан туралы сөзін “Кет-Бұғаның естіртуі” аңызындағы Шыңғыс бейнесімен салыстырды.
Қазақ тілі мұғалімімен бірге оқушылар өлеңді құрылысына талдай отырып, көркемдегіш құралдарды анықтай отырып, өлеңнің дастан екенін дәлелдеді. Ондағы кей сәттерді бүгінгі өмір көрінісімен байланыстырды. Көкейлеріне қонымды тұстарын саралап, өз ойларын ортаға салды. Шығармадағы тіл жайлы ойларын оқып, жырау ойымен келісетіндерін жан-жақты айта отырып, қазіргі таңдағы тіл мәселесіне тереңнен үңіліп, қоғамдағы тілдің алар орнымен байланыстырды. “Үш ғасыр бұрын Қожаберген жырау қозғаған мәселер қазір де өз маңыздылығын жойған жоқ. Ол – жыраудың бізге қалдырған мұрасы, біз оны ұмытпауға тиістіміз” деген оймен мұғалімдер сабақты қорытындылады.
Облыстың 36 мектебінің мұғалімдері сабақты көріп тамашалады, өз ризашылықтарын білдірді.
Жамбыл ауданы.