«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛУ ЖЕТКІЗУ ЖЕҢІЛ ЖҰМЫС ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “Петропавл жылу желілері” ЖШС-і жылу қуатын беру және тарату жөніндегі реттелетін қызмет көрсету бойынша 2012 жылдың жұмыс қорытындысы туралы есеп берді. Есепті жиында серіктестік директоры Андрей Калиничев кәсіпорынның жыл ішінде атқарған жұмысын саралаған баяндама жасады.

Кәсіпорын шамамен тұрмыстық сектордағы 67 мың абонентке және 2096 өнеркәсіптік, бюджеттік, коммерциялық және басқа да тұтынушы абоненттерге жылу қуатын тасымалдаумен айналысады. Ол қызмет көрсететін жылу желілерінің жалпы ұзындығы 235,5 шақырымды құрайды.

“Петропавл жылу желілері” ЖШС-інде 2012 жылы 1 қаңтардан 1 қазанға дейін 1 Гкал үшін 991,62 теңге көлеміндегі тариф (ҚҚС-сыз) қолданылды. Ал 2012 жылдың 1 қазанынан 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін облыстық ТМРА департаментінің 2012 жылғы 24 тамыздағы №156-ОД бұйрығымен бекітілген 1 Гкал үшін 1362,66 теңге көлеміндегі тариф (ҚҚС-сыз) күшінде болды. Енді жыл басынан бері жіктелген тариф қолданылуда.

 

Кәсіпорынның техникалық-экономикалық көрсеткіштерін сөз етер болсақ, жоғарыда аталғандардан басқа, қысыммен су жіберетін 52 станция жұмыс істейді. Ұжымда барлығы 258 адам еңбек етеді. Жылу қуатын беру және тарату көлемі өткен жылы 1303,7 мың Гкал құрады. Жол-жөнекей жылу қуатының шығыны 31,04 пайыз немесе 586,7 мың Гкал болды, соның ішінде нормативтен тыс шығын 256,6 мың Гкал құрап отыр. Желідегі осы жылу шығындарына байланысты кәсіпорын негізгі қызметінен 1472,4 миллион теңге кіріс кіргізіп отырғанына қарамастан, қызметтің өзіндік құны мен жұмсалған шығындары 1955,5 миллион теңгеге жетіп отыр.

Жалпы кәсіпорын өзіне жүктелген міндетті нашар атқарып отырған жоқ. Оған биылғы қыста тұрғындардың жылудан тапшылық көрмегені дәлел. Қосымша қуаттар қосу шараларын қысылмай атқарды. Қала бойынша өткен жылы 4,99 Гкал/сағат жаңа қуат көздері қосылды.

Сол сияқты магистралды және тарату желілеріне жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуде де қыруар жұмыс атқарылып, 8,5 шақырым жылу желілерінің құбырлары жаңартылды. Жалпы ұзындығы 4,4 шақырым жылу құбырларының сыртқы орамаларын қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Әрине, бұл жұмыстардың негізгі үлесі инвестициялық бағдарламалардың арқасында жүзеге асырылды. Барлығы 301,3 миллион теңгенің істері атқарылды.

Баяндамашы сөзінің соңында кәсіпорынды дамытудың биылғы жылғы жоспарларымен таныстырды. Одан кейін тыңдаушылардан түскен көптеген сұрақтарға жауап берді. Мысалы, облыстық сауда-өнеркәсіп палатасы төрайымының кәсіпкерлік қызметін реттеу мәселелері жөніндегі орынбасары Александр Казанцев жылу орталығынан берілетін жылу қуатының жеткілікті екенін айта отырып, кәсіпорынның оң кіріспен жұмыс істеуі үшін нормативтен тыс шығындарды азайтуға ұмтылуы қажеттілігіне тоқталды. Жұмысшы кадрларды тұрақтандыруда қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады. Кәсіпорын басшысы оған қайтарған жауабында қосымша қуаттар қосу арқылы да кірістілікке жетуді көздейтіндерін, негізгі қызметтеріне қоса құрылыс және жобалау жұмыстары көлемін ұлғайтатын кіріс көзін молайтуды ойластырып отырғандарын, “Мереке” және “Жас өркен” шағын аудандарына қызмет көрсету үшін мемлекеттік транш алудың маңыздылығын, ұзақмерзімдік сыйақысы аз кредитке қол жеткізудің де қаржылық жағдайларын түзетуге септігі тиетінін айтты.

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жолдас Лұқпанов соңғы жылдары тұрғын үйлерге дайындық төлқұжатынсыз жылу беру белең алып бара жатқанын, сондықтан жылу жүйелерінде қысымды сумен жуу, тазарту жүргізілмейтін себептерін сұрады. Бұл жайында кәсіпорын директоры ПИК төрағаларын қанша жинап, нұсқаулар берілетінімен, істің алға баспай отырғанын жеткізді. Тұрғын үйлердің 20 пайыздайында маусымға дайындық жұмыстарын кездейсоқ адамдар жүргізеді. Олардың дайындық құжатын ала алмайтындары да сондықтан, бір сөзбен айтқанда, 700 миллион теңгенің жұмысы бақылаусыз жүргізіліп, олардан салық та түспейді, деді ол.

Жылу беру сапасы туралы әркімнің пікірі әртүрлі. Айталық, келісім комиссиясының мүшесі Виктор Сердюков оның биыл бұрынғы жылдардан төмен болғанын айтса, жиынға қатысқан көптеген ПИК төрағалары жылу желілері мекемесінің биылғы жылу беру маусымындағы жұмысына өте разы екендіктерін білдірді. Мысалы, Уәлиханов көшесіндегі үйлердің бірінің ПИК төрайымы Екатерина Дмитриева: біз биыл өте ризамыз, жазда жылу құбырлары ауыстырылып, жөндеу жүргізілгендіктен апатты жағдайға жол берілген жоқ, деді. Әрине, жекелеген кейбір мәселелер бойынша, көбінесе есептегіш құралдарын орнатуға байланысты түсініспеушіліктердің бар екені де аңғарылды. Кәсіпорын басшысы оларды тікелей ықпал ету арқылы шешу үшін өзіне жазып алды. Түптеп келгенде, есепті жиынға жиналғандар жылу берушілердің жұмысына қанағаттанарлық баға берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp