«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКШЕНІҢ ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРЛЕРІ Наурызға тарту жасады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық бейнелеу өнер мұражайында Наурыз мейрамына орайластырылған көрме ұйымдастырылды.  

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Көрмеде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің “Бейнелеу өнері және сызу” кафедрасының ұстаздары мен студенттерінің 70-тен астам туындысы қойылды. Кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер жанрларында орындалған картиналар көрермендер назарына ұсынылды.

Кескіндеме жанрында қалам тербеген Дужан Мағзұмовтың “Бекзада”, “Қымыз”, “Үндестік” деп аталған ұлттық нақышқа толы картиналары бірден көзге түсті. Ағаштан ойылған, киіз, тоқыма және қолдан тоқылған кілемдер, зергерлік бұйымдар, кесте сияқты дәстүрлі қазақ қолөнеріне тән бұйымдар да көздің жауын алды. Әсіресе, аталмыш жоғары оқу орнының аға оқытушысы Нинель Погнеребконың “Керуен” және “Жаздың бояуы” картиналары көлемі жағынан шағын болса да, әсемдігімен ерекшеленді.

 

Өңірімізде кенже қалған қолөнердің бір түрі – зергерлік өнер көкшетаулықтар арасында ерекше сұраныста екенін көрмеге қойылған бұйымдардан байқауға болды. Ұлттық оюлармен әспеттелген шолпы, сырға мен сақиналар зергерлік өнердің көне тәсілінде орындалған.

“Наурыз”, “Көкпар”, “Аңыз”, “Көктем әуені”, “Керуен”, “Ұлттық дастарқан”, “Дала әуендері”, “Қыз ұзату”, “Көшпенділер” деп аталған картиналарында көкшетаулық қылқалам шеберлері қазақ халқының ұлттық болмысын суреттеген. А.Полубникованың “Алғашқы рәсімдер” деп атау алған сериялы картинасында қазақ халқының бесікке бөлеу дәстүрі ерекше талғампаздықпен бейнеленген.

Іс-шараның ашылу салтанатына көрменің авторлары ауа райының қолайсыздығынан үлгере алмады. Бірақ олар келді. Аталмыш жоғары оқу орнының бейнелеу өнері және сызу кафедрасының жетекшісі Ольга Лузина мен аға оқытушысы Нинель Погнеребко іс-шараның соңына қатысты. Солтүстікқазақстандықтар көкшетаулық қыл-қалам шеберлерінің туындыларын бір ай бойы тамашалай алады.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp