«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰТЫНУШЫЛАР ҚУАТ БЕРУШІЛЕРГЕ РАЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

“СевКазЭнергосбыт” ЖШС-і облыс тұтынушыларын жылумен және электр қуатымен жабдықтау қызметін көрсетеді. Бүгінде кәсіпорын қызметін 229 мыңнан астам абонент пайдаланады, соның ішінде жылу қуатын алатындар – 68971 және электр қуатын пайдаланушылар – 160130 абонент.

“СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нің директоры Мағауия Сағындықов өткен жылдың қорытындысы бойынша берген есебін осылай бастады.

Кәсіпорын 2012 жылдың 1 тамызына дейін жылу қуатымен жабдықтау жөніндегі қызметке 1 Гкал үшін 2418,72 теңге (ҚҚС-сыз) немесе бір шаршы метрге 72,97 теңге көлемінде тариф қолданып келді. Соның ішінде жабдықтаушылық үстемесі 1 Гкалға 24,3 теңге құрады. Сол жылдың 1 тамызынан бастап облыстық ТМРА департаменті 4 шілдедегі №117-ОД бұйрығымен бекіткен тариф бойынша жылу қуатымен жабдықтау қызметіне ҚҚС-сыз 1 Гкал үшін 2 418,65 теңге және әр шаршы метріне 72,56 теңге уақытша орнын толтыру тарифі қолданылды. Ал жабдықтаушылық үстемесі 24,24 теңгені құрады. 2012 жылдың 1 қазанынан бастап ТМРА департаментінің 28 тамыздағы №157-ОД бұйрығымен 1 Гкал жылу қуатының тарифі 3096,02 теңгеге көтерілді, бірақ ол жіктеліп жеке тұлғалар үшін 2708,97 теңге болса, басқа тұтынушыларға ҚҚС-сыз 3750,20 теңге көлемінде бекітілді.

 

Кәсіпорын басшысы қысқаша негізгі өндірістік-қаржылық көрсеткіштерге тоқталды. Атап айтқанда, энергетиктер есепті кезеңде өз тұтынушыларына 786,9 млн. кВ/сағат электр қуатын және 1303,5 мың Гкал жылу қуатын берді. Ұжымда 188 адам жұмыс істейді. Негізгі қызметтен 9945,9 млн. теңге кіріс алынды, ал өнімнің өзіндік құны мен жұмсалымдары 9788,2 теңгені құрады, сөйтіп жылдың қаржылық нәтижесі 157,7 млн. теңге пайдамен аяқталған. Алайда, жылу қуатымен жабдықтауда ол 31,6 млн. теңге шығын келтірген. Оны кәсіпорын басшысы өткен жылы өздерінде жаңа тарифтің 1 қазанда, ал жылу орталығына 1 шілдеден бастап енгізілгенімен түсіндіреді. Сонымен бірге инвестициялық бағдарламалары бойынша жоспарланған жұмыс толық атқарылған. Барлығы 10 млн. теңгедей ғана бұл қаржы негізінен әкімшілік ғимаратты жаңғыртуға және техникалық құрал-жарақтармен жабдықталуға жұмсалған.

Баяндамашы сондай-ақ өз тұтынушыларымен жүргізілетін жұмыстарға және кәсіпорынды дамытудың 2013 жылғы жоспарларына тоқталды. Одан кейін жиынға келушілер есепті баяндаманы талқылап, кәсіпорын басшысына сұрақтар қойды. Соның ішінде ең бас ауыртарлық мәселе – дебиторлық қарыздарды өндіру үшін қандай шаралар қолданылатыны туралы қала әкімінің кеңесшісі Анатолий Мишин сұрақ қойды. Кәсіпорын басшысы қазіргі таңда дебиторлық қарыздардың 330 млн. теңге құрайтынын, соның ішінде 210 млн. теңге тұрғындардың қарызы барын және оның 107 млн. теңгесі жылу берешегі екенін айтты. Мерзімі өткен дебиторлық қарыздарға айыппұл салу шарасынан бастап, әкімшілік ықпал ету және ең соңында сот арқылы өндіріп алу шаралары қолданылады. Мағауия Сағындықовтың айтуынша, белшеден батқан борышкерлер саны 500 абоненттің төңірегінде. Олардың көбі желіден ағытылып отырғанымен, өз беттерінше желіге қосылу фактілері жиі кездеседі.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь кәсіпорын басшысынан егде жастағы тұтынушыларға ыңғайлы болуы үшін электр қуаты мен жылудың төлем есебін жекелеп жүргізуді сұрады. Сондай-ақ жылу қуатына есептегіш құралдарын қоюды жеделдету үшін оның пайдасы барын танытатын үлгілі ПИК-тердің жұмысын БАҚ құралдарында жариялап тұру керектігін айтты. Оған қайтарылған жауапта бөлектеп төлем есебін жасаудың мүмкіндігі қарастырылатыны айтылды, ал есептегіш құралдарын қоюдың жақсы бастамаларын насихаттау қолға алынатын болды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Иван Куропаткиннің орнатылған есептегіш құралдарына кім бақылау жасайды, оған әдеттегі слесарь-сантехник емес, білікті маман қажет болады деген сауал-ұсынысы көптің көкейіндегісі еді. Кәсіпорын басшылығы бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізілетініне сендірді. Жиын қорытындысында тұтынушылар қуат берушілердің қызметіне ризашылығын білдірді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp