«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛДІҢ ІСКЕРЛІГІНЕ ШЕКТЕУ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау орталығы елімізде әйелдер іскерлігін дамыту мақсатында отандық қаржы институттарымен бірлескен іс-қимыл жасауды қолға алып отыр. Осы орайда “БанкЦентрКредит” АҚ-ның өңірлік филиалы бір топ әйел кәсіпкерлердің басын қосып, оларға ұтымды бизнес жүргізуде қандай қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсетілетіндігі туралы ақпарат берді.  

“Даму” қорының әйел кәсіпкерлігін дамытуға арналған арнайы бағдарламасы бар. Оған бизнес саласында өз орнын тапқан немесе кәсіпкерліктің тізгінін енді қолға алған қыз-келіншектер қатыса алады. Әрине, екінші деңгейдегі банк филиалдары арқылы мемлекеттің қаржылай қолдауы көрсетілетін бұл бағдарламаның несие алушыларға қояр бірнеше талабы бар. Онда несиеленуші кәсіпкерлігіне жұмсалатын қаржының жартысын иемденуі керек және онда қажетті жұмыс күшінің 30 пайызы жасақталуы шарт. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14 пайыз, ал егер кәсіпкерлік экономиканың басым секторынан болса, оған “Бизнестің жол картасы – 2020” бойынша демеуқаржы беріледі.

“Даму” қоры тың бизнес-идеясын ұсынған іскер жандарға қайтарымсыз қаржы беру жағын да қарастырған. Былтыр осы бағытта өңіріміздің бес кәсіпкері 3 миллион теңгеден грант алды. Сондай-ақ аталмыш қор “БанкЦентрКредит” АҚ-мен бірлесе отырып әйелдер кәсіпкерлігіне бағытталған “Damu Startup” бағдарламасын әзірледі. Онда несиеленуші “Даму” қорының 70 пайыздық кепілдік қолдауын пайдалана алады.

– Әрине, жобаңыз сәтті болсын десеңіз, ұсынылатын құжаттар сауатты әрі толық болуы керек. Жақсы бизнес бастамаңыз болса, құжаттың қалай толтырылу керектігіне қор мен банк қызметкерлері кез келген уақытта ақыл-кеңестер беруге дайын. Жалпы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған бағдарламада кәсіпкерліктің түрлеріне шектеу қойылмайды, – дейді аталмыш банктің жеке тұлғаларға сату бөлімінің бастығы Елена Лысенко.

Осындай несие алудың шарттарын түсіндірген мамандар жиын соңында кәсіпкерліктің жолын таңдаған әйелдердің сауалдарына жауап берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp