Кәрібай МҰСЫРМАН.
(Сәкен, Жасұлан,
Тұрғын және Игібайдың рухына)
Сағынып, еске аламын, бажаларым,
Мен үшін періштедей тазаларым!
Тірлікте қанша мәрте бас сүзісіп,
Қалжыңдап, өздеріңді қажаладым?!
Ғұмырдың бірге көктем, жазын кешіп,
Жүруші ек жарасып-ақ, әзілдесіп.
Бауырдай бірге туған болдың бәрің,
Ауырсақ: “Аунап тұр тез, жазыл!” – десіп.
Содан соң кетуші едік жазылып-ақ,
Бергендей бажалардың назы қуат!
Сырласып отырушы ек, сыйластықпен,
Өмірдің төккендей боп жазы шуақ.
Ботадай тату едік туған бірге,
Арманды алда тұрған қуған бірге.
Бөлісіп ренішті бірге талай,
Дәл солай қуанышты “жуған” бірге.
Ақ қардай аппақ еді көңілдерің,
Неліктен қысқа болды өмірлерің?!
Толғантып кетті мені ойға салып,
Кенеттен келген ажал-өлімдерің.
Дүние сендер кетіп тарылғандай,
Кілең бір жақсылардан арылғандай.
…Қатары жамандардың сиремей тұр,
Жүрегім соны ойласам, жарылғандай…
Жақсы адам керек шығар о жаққа да,
Деуші еді кейде үлкендер болжап қана…
…Жақсылар жұмақты да толтыра алмай,
Жамандар сыймай жүр ме тозаққа да?..