«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР «БОЛАШАҚҚА ЖОЛ» ЖАЙЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алтынгүл ҚОЖАХМЕТОВА,

Новоишим агротехникалық колледжінің экономика пәнінің мұғалімі.

Жас буынның дамып, қалып-тасуының бірден-бір кепілі – сапалы білім. Тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл салада жеткен жетістіктер аз емес. Жас маман ретінде мен үшін таяуда бекітілген мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі “Қазақстан – 2020: Болашаққа жол” атты тұжырымдамасы аса маңызды. Себебі, білім жастар саясатының негізі болып табылады. Елбасының тапсырмасымен қолға алынған “Болашақ” бағдарламасы, “Назарбаев Зияткерлік мектептері”, “Назарбаев Университеті” сияқты біліми жобалар өскелең ұрпақ арасында беделге ие. Агротехникалық колледжде қызмет ететін жас маман ретінде Қазақстанда Елбасының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында халықаралық тәжірибелерге негізделген оқытудың дуальдық жүйесі енгізілгелі жатқандығы көңілге қонымды дер едім. Қазақстанда Елбасының бастамасымен бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін техникалық және кәсіптік білім жүйесін түбегейлі өзгерту үдерісі басталды.

Мамандарды даярлауда оқытудың дуальдық жүйесі маңызды орын алуы керек. Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуальдық жүйесі – кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Оның ерекшелігі – жастар теориялық және тәжірибелік білімді қатар алып, таңдаған мамандықтары бойынша шыңдалуларына мүмкіндік алады.

 

Жас маман ретінде “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бағдарлама аясында баспана сатып алуға төмен пайызды несие мен көтермеақы алдым. Аталмыш бағдарламаның арқасында жоғары оқу орнын тамамдаған соң ауылды жерге қызметке келген жас мамандардың баспана мәселесі шешіліп, мемлекеттің дамуына өз үлесін қосады деп сенемін.

* * *

Әлия ҒАЛЫМОВА,

Жамбыл ауданының ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерінің аға медбикесі.

Мен денсаулық саласының қызметкері әрі “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының қатысушысы ретінде мемлекеттік жастар саясатының “Қазақстан – 2020: Болашаққа жол” атты тұжырымдамасын толықтай қолдаймын. Себебі, тұжырымдама жастар саясаты саласында атқарылатын жұмыстардың 11 басты бағытын айқындап отыр. Екі кезеңді қамтитын, сапалы білім, мәдени даму және бірлік, жастар кәсіпкерлігін, ғылымды дамыту, еріктілер қозғалысы және тағы да басқа мәселелердің шешу жолдарын қарастыратын жобаның ел жастары үшін маңызы зор. Сондықтан кейінгі толқын бұл құжатпен жақсы танысып, оның негізгі идеясын түсінуі қажет.

Бүгінде біздің ауданда жас мамандарға бар жағдай жасалған. Үкімет тарапынан мол қаражат бөлініп, жастарға жеке баспана мәселесін шешу мүмкіндігі берілген. Ендігі кезекте әр азамат алдына мақсат қойып, діттегеніне жету үшін бар күшін салу керек. Ел жастары өзгелерге қарап қалмай, болашақты бүгіннен ойлап, іске кіріссе нұр үстіне нұр болар еді.

* * *

Данияр ҚАППАСОВ,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 1-курс студенті,

каратэден спорт шебері.

Менің балалық шақтан бергі басты арманым – дене шынықтыру факультетіне оқуға түсу. Сол арманымның арқасында өткен жылы №20 орта мектепті тамамдағаннан кейін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті атандым.

Инфрақұрылымы дамыған, студенттердің уақыт талабына сай білім алуына бар мүмкіндік жасалған ЖОО-да білім алу маған қатты ұнайды. Оған қоса университетте студенттердің сабақтан тыс бос уақытын өткізуге арналған арнайы ұйымдар мен спорт үйірмелері жұмыс істеуде. Біздің университетіміздің қабырғасында түрлі іс-шаралар өткізілетіндіктен, оқуға түскен алғашқы күндерден бастап қатарластарымнан қалыспай, қоғамдық жұмыстарға араласып, белсенділік таныттым. Оған еш өкінбеймін.

Атап айтатын болсақ, оқу жылының алғашқы айында университетте өткен дәстүрлі күзгі кроссқа қатыстым, соның арқасында өзге факультеттердің студенттерімен таныстым. Бала күнімнен каратэнің шинкиокушинкай түрімен айналысып, бүгінде спорт шебері болғандықтан, республикалық “Денсаулық күні” фестивалінде аталмыш спорт түрі бойынша көрсетілімге қатысып, қала тұрғындарын саламатты өмір салтына және спортқа деген қызығушылығын арттыруға өз үлесімді қостым.

Мұнымен тоқталмай, футзал бойынша өткен факультетаралық жарыста деңгейіміздің жақсы екенін көрсеттік. Оқуға түскен жылы бірінші курстарға арналған “Студенттер қатарына қабылдау” атты салтанатты іс-шара өте қызықты әрі жоғары деңгейде өтті. Себебі, мен аталмыш шаралардың барысында факультетімізде спортшылар ғана емес, сонымен қоса жақсы КТК ойыншылары, әншілер мен бишілер, неше түрлі өнер иелерінің оқитынын аңғардым. Бұл іс-шара менің әрі қарай қоғамдық жұмысқа белсене араласуыма әсер еткендей болды.

Араға көп уақыт салмай дене шынықтыру факультетінде негізі қаланған студенттік “SpArt” ұйымына мүше атанып, достарыммен бірге қоғамдық іс-шараларға белсене араластым. Бұл ұйымның басты мақсаты – белсенді студенттердің басын қосып, факультет абыройын биікке шығару, жанжақты ізденісте болу. Міндетіміз — мәдени шараларға атсалысу, студенттің қоғамдық жұмыспен айналысуына ықпал ету, белсенділігін, қоғамдық көзқарасын және жан-жақты дамыған азаматтық тұлғасын қалыптастыру, олардың әлеуметтік тұрғыдан жетілуіне және дербес болуына көмектесу.

Аталмыш ұйымның мүшелігінде жүріп бірнеше айшықты шараларға қатыстым. Мысалы, біз Тұңғыш Президент күніне орай Соколовка арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілеріне қонаққа барып, балаларды тарихи маңызы зор мерекемен құттықтадық. Шараның басты мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау. Шара барысында балалардың көңілдерін көтеру мақсатында түрлі көріністер көрсеттік. Сонымен қатар таэквандо бойынша әлем чемпионы, СҚМУ-дің 4- курс студенті Александр Поляков, біздің топтағы Азия чемпионы Ильмира Кунахунова, кекушинкайдан облысымыздың белгілі жаттықтырушысы Ерболат Жүзенов балаларға Шығыс жекпе-жектерінен шеберліктерін көрсетіп, балалардың спортқа деген қызығушылықтарын оята білді. Сондай-ақ оларға шағын естелік сыйлықтарымызды тапсырып, ықыласымызды білдірдік. Білім ордасының бір топ тәрбиеленушілері болса “Special Olympics” олимпиадасында көрсеткен өнерлерін назарымызға ұсынды.

Аталмыш шараның өтуіне мұрындық болған мектеп-интернат басшылығының өтініші бойынша біз оқу ордасының жоғары сынып оқушыларымен әңгіме-дүкен өткіздік. Оларға студенттік өмірдің қызықты оқиғаларын айттық. Балалармен жақсы тіл табысқан біз келесі жолы “Көңілді мәре” ойындарын өткізуді жоспарладық.

Содан кейін де қоғамдық жұмыстарға араласуымыз бір сәт саябырлаған емес. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен жастар форумында өңіріміздің белсенді жастарының түрлі аталымдар бойынша марапатталуын тамашалап, үлгі алғандай болдық. Себебі, бұл жерде жиналған қауым мемлекетіміздің дамуына үлестерін қосқан, тың идеяларымен көзге түскен жастарға қошемет көрсетті.

Күздің соңғы күндерінің бірінде факультетімізде өткен “Тұңғыш Президенттің еліміздегі спортты дамытудағы рөлі” атты “дөңгелек үстелге” қатысып, студенттерге спорттың пайдасы жайында баяндама жасадым. Онда өткен жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарына қатысушы, белгілі жеңіл атлетші Ирина Эктова Қазақстанда спорттың дамуына Елбасы Н.Назарбаевтың қосқан үлесі жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. Ал екінші қонақ ретінде қатысқан факультетіміздің түлегі, “KazFond” жастар қоғамдық қорының атқарушы директоры Нұрсаят Сәркен 2017 жылы Астана қаласында өтетін “EXPO – 2017” көрмесіне қатысуға белсенді студенттердің зор мүмкіндіктері бар екендігін жеткізді.

“Қазақстан Республикасы мемлекеттiк жастар саясатының тұжырымдамасында” еліміздің жастары мемлекет болашағының негізін қазірден бастап қалау керектігі туралы айтылған болатын. Осыған байланысты жастар саясатымен танысып, мемлекетіміздің дамуына өзімнің зор үлесімді қосқым келеді. Себебі, университетіміздің студенттеріне жоғары білім алумен қатар қоғамдық және спорттық шараларға қатысудың еш сөгеттігі жоқ екенін жеткізгім келеді. Сөз соңында айтарым, студенттік “SpArt” ұйымының төрт жылға құрған іс-шаралар жоспары бар. Олардың әрқайсысына жастар белсене қатысып, еліміздің қоғамдық өміріне студент кезден бастап араласса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp