«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ХАЛЫҚТЫҚ IPO” АКЦИОНЕРЛЕРГЕ АЛҒАШҚЫ ПАЙДАСЫН ӘКЕЛУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандағы “Халықтық IPO” бағдарламасы табысты басталды. Бұған бағдарлама аясында Қазақстан қор биржасына бірінші болып қадам басқан “ҚазТрансОйл” АҚ (ҚТО) акцияларын сатып алғандар санының көптігі, акциялар бағасының өскені және айтарлықтай дивидендтерге иек артып отырған ҚТО-ның 2012 жылғы оң қаржылық нәтижесі дәлел бола алады.  

 

“САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ” СӘТТІ ТАҢДАУЫ

“Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры “ҚазТрансОйл” АҚ “Халықтық IPO” бағдарламасының алғашқы қатысушысы етіп таңдады. Арада бірнеше ай өткенде Қазақстан қор нарығына қатысушылар бұл таңдаудың өте сәтті және дұрыс болғанын мойындап отыр. “Самұрық-Қазына” Қазақстанның стратегиялық активтерін бақылай отырып, олардың тиімді басқарылуына жауапты. Қор IPO-ға шығарылуы жоспарланған барлық мемлекеттік компанияларға мұқият сараптама жүргізді. Олардың ішінде “ҚазТрансОйл” барынша дайыны деп танылды. Өйткені, бұл – Қазақстандағы аса ірі магистральды мұнай құбырлары жүйесіне иелік ететін компания, оның құбырлары арқылы елімізде өндірілетін мұнай көлемінің 60%-ға жуығы тасымалданады. Шикізатты жеткізу көлемінің артуы кәсіпорын табысының ғана емес, сондай-ақ халықтық акционерлер инвестициясының да ұлғаюын қамтамасыз етуде. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық жағдайында компанияның шикізат конъюнктурасына тікелей тәуелді болмағаны маңызды. “Самұрық-Қазына” АҚ үшін сайып келгенде осы факторлардың барлығы “Халықтық IPO” дебютантын таңдауда шешуші рөл атқарды. Таңдау дұрыс болды: алғашқы орналастыру кезінде ҚТО акцияларына сұраныс ұсыныстан екі еседен астамға артып түсті.

АЛҒАШҚЫ ХАЛЫҚТЫҚ АКЦИОНЕРЛЕР ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ ПАЙДА ТАБУДА. БҰЛ БАСЫ ҒАНА!

Қазақстандағы алғашқы халықтық акционерлер де қателескен жоқ. Қазіргі уақытта “ҚазТрансОйл”-дың қарапайым акцияларының иелері шикізат бағасы өсімінің өзінен әрбір бағалы қағаздан 100 теңге пайда көріп отыр. Бастапқыда 725 теңге болған әрбір акцияның құны –13%-дан астамға өсті.

Осы пайдадан бөлек, инвесторлар дивидендтер алады, оның мөлшері мамырда өтетін ҚТО акционерлерінің жылдық жиналысынан кейін анықталады. Қазірдің өзінде компания 2012 жылғы таза шоғырланған табысының 40%-дан астамын акционерлеріне дивидендтер төлеуге бағыттайтыны белгілі. Ал оның көлемі өткен жылы 33,5 млрд. теңге болды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 29,1%-ға көп.

“ХАЛЫҚТЫҚ IPO”-ның АЛҒАШҚЫ ТАБЫСЫ ТУРАЛЫ САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Дивидендтердің ықтимал мөлшерін қор нарығының кәсіпқой қатысушылары есептеп қойған. BCC Invest компаниясының болжамынша, бір акция сыйақысының ең аз мөлшері 38 теңгені құрайды (орналастырылған бағаның 5,2 %-ы). Компания балансындағы өтімді активтердің сомасын және оның негізгі акционері – “ҚазМұнайГаз” АҚ ақша қаражатындағы сұранысын ескере отырып, біз дивидендтер мөлшері көп, тіпті, 2012 жылғы таза табысының 100% дейін жетеді деп есептейміз. Сондай-ақ акционерлер арасында дивидендтер ретінде бұрнағы жылдардағы бөлінбеген табыстар да бөлінуі мүмкін”, – дейді BCC Invest Сауда операциялары департаменті сараптау басқармасының бастығы Әділ Табылдиев. Ал Halyk Finance инвестициялық банкі компанияның көрсеткіштері нарықтағы баға белгілеуге оң ықпал жасайтынын күте отырып, ҚТО акцияларына қатысты өзінің болжамын қайта қарастырды. “Біз өзіндік құнның өсім қарқынына қатысты болжамды төмендетіп, бағалау моделімізді қайта қарастырдық. Нәтижесінде, акцияның әділетті құнын бағалауды 854 теңгеге дейін көтердік, сондай-ақ бір акцияның бағасын 912 теңгеге дейін белгілеп, 12 айға қатысты мақсатты бағамызды да көтердік және ҚТО акцияларын сатып алуды ұсынамыз”, – деп атап көрсетті Halyk Finance-нің Іскерлік құралдар жөніндегі аға сарапшысы Мариям Жұмаділ. “Асыл-Инвест” болса, жаһандық қаржы нарығында күтіліп отырған жағымды жаңалықтарды ескеріп, ҚТО акцияларын қорғаушы құрал ретінде сатып алуды ұсынады.

“ҚТО акцияларының құнына оң ықпал етуі мүмкін үш факторды атап өту керек. Біріншісі, Қазақстанның құбыр жолдары арқылы Қытайға жылына 7000000 тонна Ресей мұнайы тасымалдануы мүмкін. Екіншісі, “Транснефть” ҚТО-ға технологиялық мұнай үшін 65 000 000 доллар мөлшерінде қосымша төлемдер төлеуі ықтимал. Үшіншісі, “Қасымов” атындағы мұнай айдау станциясы арқылы мұнайды ауыстырып құю бойынша 11 ақпанда бекітілген тариф”, – дейді “Асыл-Инвест” Сараптау орталығының директоры Нұрлан Рахымбаев.

“ХАЛЫҚТЫҚ IPO”-ның ДЕБЮТАНТЫ ТАБЫСЫ ӨСЕДІ ДЕП КҮТІП ОТЫР

“ҚазТрансОйл” менеджменті осы жылы компанияның таза табысы өсетінін күтіп отыр. Тиісінше ҚТО бағалы қағаздарының инвестициялық тартымдылығы да артпақ. “Мен 2013 жылы табысымыз жоғары болатынын сенімді түрде айта аламын, себебі, былтыр 1 желтоқсаннан бастап мұнай тасымалдау тарифі көтерілді. Оның мөлшері ішкі және сыртқы нарықта да өсті. Қол қойылған инвестициялық меморандумдар аясындағы тиісті тарифтерге сәйкес, компанияның табысы айтарлықтай, менің ойымша, 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылдың нәтижесі бойынша 30%-ға жуық өсетін болады”, – деп мәлімдеді ҚТО Бас директоры Қайыргелді Қабылдин.

Анықтама:

“ҚазТрансОйл” АҚ 2012 жылдың желтоқсан айында Қазақстан қор биржасына (KASE) өзінің 38 463 559 қарапайым акцияларын орналастырды (бұл орналастырылған акциялардың жалпы санының 10%-ына жуықтайды). Нәтижесінде “Халықтық IPO” бағдарламасы аясында Қазақстанның 33989 азаматы мен 10 Жинақтаушы зейнетақы қоры ҚТО акционері атанды. Ресми мәліметке сәйкес, IPO аясында орналастырылған бағалы қағаздардың тең жартысына жуығын республикамыздың қаржылық орталығы – Алматы қаласының тұрғындары сатып алған. Бұл көрсеткіш бойынша екінші орынды Астана иеленді. Ал өңірлер арасында Маңғыстау облысы көш бастап тұр.

(Өз тілшімізден).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp