«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ҰРЛАҒАНДАР аттестаттаудан өте алмаған полицейлер болып шықты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

13 наурызда Петропавлда белгісіз біреулер ұрлап әкеткен “Дарын” мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Сергей Семенченя дін-аман үйіне оралды. Облыс тарихында бұрын-соңды болмаған мұндай қылмысты жасағандар өткен жылы аттестаттаудан өте алмаған полицейлер болып шықты.

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Аты-шулы оқиғаға байланысты өткен брифингте кәмелеттік жасқа толмаған баланың ата-анасы мен облыстық Ішкі істер департаментінің басшылығы жағдайдың қалай болғанын баяндап берді.

– Осыған дейін екі ұлымды сабақтарынан соң көлікпен алып кетіп жүрдім. Бірақ оқиға орын алған күні Сергей сынып сағатында біраз бөгелетін болған соң кіші ұлымды ғана үйге жеткізіп тастадым. Мұндай болатынын кім білген? Сергейді үйге барар жолда гараждардың арасымен өтіп бара жатқанда күшпен көлікке мінгізіп, аяқ-қолын байлап, көзін таңып алып кеткен. Маған ұлым ұялы телефоны арқылы хабарласып, үш ер адам күштеп ұстап отырғанын айтты. Алайда, мен оны әзіл шығар деп қабылдап, басында сенбедім. Жұбайым үйде баламның жоқтығын айтқанда ғана көзім жетті. Оның үстіне қылмыскерлерден “Ақшаңды дайындай бер” деген хат келді, – дейді ұрланған баланың әкесі Виктор Шиманских.

 

Бес күн бойы баланы Көкшетаудағы жалдамалы пәтерлердің бірінде қамауда ұстап отырған қылмыскерлер қанша ақша талап ететіндігін айтпаған. Ата-анасымен байланысқа шықпаған. Бірақ балаға жақсы қараған.

Облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Мұрат Ұрымхановтың айтуы бойынша, іздеу шараларының екінші күні 37 жастағы қала тұрғынының қылмысқа қатысы бар екендігі анықталып, ол қамауға алынған. Артынша ұрланған оқушы да табылды. Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Думан Таев бастаған топ көрші қалаға барып, баланы босатып алған. Оны құтқару барысында ешқандай күш қолданылмай, барлығы қылмыскерлермен келіссөз жүргізу арқылы шешілген. Тәртіп сақшылары наурыздың 17-сі күні таңертең Сергей Семенченяны әке-шешесінің қолына әкеліп тапсырған.

Баланы іздеуге СҚО ІІД мен Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының жеке құрамы жұмылдырылып, үш күн, үш түн тынымсыз еңбек еткен. Бұл істе қала тұрғындары да белсене атсалысқан. Тіпті, бір қызылжарлық қылмыскер лақтырып тастаған Сергейдің қымбат “iPhone” маркалы телефонын өз еркімен әкеліп тапсырған екен. Полицейлер осы телефон мен автокөлік нөмірі арқылы ұрылардың ізіне түскен.

Адам ұрлау және күшпен қамауда ұстау фактісі бойынша әзірше бір адам қамауға алынды. Қылмысқа қатысы бар қалған адамдар кім екені анықталып, іздестірілу үстінде. Олардың ішінде өткен жылы аттестаттаудан өте алмай, жұмыссыз қалған бір капитан және аға лейтенант бары белгілі. Бұрынғы тәртіп сақшылары неліктен мұндай іс-әрекетке барғаны әзірше белгісіз. Алайда, олар енді 15 жылға абақтыға қамалуы мүмкін.

Мұндайды бұған дейін кинодан ғана көрген Виктор Шиманских Сергейдің дін-аман екендігін әрі еш алаңдамай мектепке барып жүргендігін айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp