Облыс орталығында 1996 жылы алғашқы болып ашылған №6 қазақ орта мектебіне 2002 жылдың 17 маусымында Қожаберген жырау аты берілген болатын. Биылғы жылы Қожаберген бабамыздың 350 жылдық мерейтойы тойланады. Бүгінде мектепте оның атын мәңгілік есте қалдыруға бағытталған шаралар өткізіліп жатыр.
Ботагөз АЙТМАҒАМБЕТОВА,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің
ағылшын тілі пәні мұғалімі.
Соның бірі – Кожаберген бабамыздың өмірі мен сан қырлы адами қасиеттерін ашып көрсету мақсатында ұйымдастырылған “Қожаберген – әділ ер, таныған оны қалың ел” атты конференция. Бұл іс-шараны орыс тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәндері әдістеме бірлестігі ұйымдастырды.
Конференцияда 10-сынып оқушылары Зарина Амангелді, Дана Есмағамбетова, Фарида Иманбаева (орыс тілінде), Айжан Жолдыбаева (ағылшын тілінде), Раушан Мұхамеджанова, Гүлімжан Қайырбекова, Еділ Рымжанов (қазақ тілінде) баяндама жасады. Оқушылар өз баяндамаларында Қожабергеннің өмірі мен ерлік жолдары және “Баба тілі”, “Жеті жарғы”, “Елім-ай” дастандарына терең бойласа, Алтын Адракова, Әділхан Амангелді, Бәтима Қабдош, Ұлпан Төлебаева, Мәдина Тоқбай бабамыздың дастандарынан үзінділер оқып, жақсы әсер қалдырды. Кеш соңында “Елім-ай” жыры тыңдалды.
Қожаберген сынды даңқты тұлғаны танып-біліп өскен жас ұрпақ өз елін, тарихын мақтан тұтып, оған құрметпен қарайды деген сенімдемін.
Петропавл қаласы.