«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒЫЗТАУ БОЛЫП ҚАЛАЙЫҚ!..

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Кәрібай МҰСЫРМАН.

 

(Байқал ініме)

Ауылда өстік көкжиегінде мұнартып,

Жалғызтау тұрған қол бұлғап.

…Қамсақты сұлу әлдебір оған, кінә артып,

Ағады жылап, солқылдап…

Суреттен осы табиғат салған сыр ұғып,

Өстік қой, сірә, ақын боп.

Жалғызтау шығар дарытқан бізге ірілік,

Жанымызға тым жақын боп.

 


 

Жалғызтау. Оның ежелгі аты Бүркітті,

Самғаған қыран көгінде.

“Жамантау” да деп, біреулер жұртты үркітті,

Тіл-көзден қорғап, тегінде.

Жалғызтау бізге таулардан өзге қымбаттау –

Көзге ыстық туған жер көркі.

Сол таудай, бәлкім, жігітпіз біз де жұмбақтау,

Қыран-жыр – біздей ер көркі.

Ақ ару бұлттар асыға жетіп алыстан,

Аймалар таудың кеудесін.

Жалғызтау, біз де өзіңнен әсте қалыспан,

Сүйгізу, сүю – ерге сын!

Жалғыздық, бірақ, Құдайға ғана жарасқан,

Жалғызтаудың тұр басында.

Кей кезде біздің басқа да төнген қара аспан

Түк емес оның қасында!

Жалғызтау-баба еңсесін ешбір түсірмей,

Тұр, әне, желдің өтінде.

Бізді де талай адамдар жүр-ау түсінбей,

Өкін не оған, өкінбе?!

Жалғызтау-батыр – ел менен жердің панасы,

Таға алмас оған Дала айып.

…Басқа тау болу жараспас бізге, шамасы,

Жалғызтау болып қалайық!..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp