«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ” ОЛИМПИАДАСЫНДА облыстық кезең жеңімпаздары анықталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-интернат-лицейінде жалпы білім беретін оқу орындарының қазақ және өзге ұлт өкілдері оқушыларының арасында қазақ тілінде өтетін республикалық “Жарқын болашақ” олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Оған 111 үміткер қатысты.  

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“KATEV” халықаралық қоғамдық қоры және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бұл шара облыстық деңгейде төртінші рет өткізіліп отыр.

– Олимпиадаға оқыту тіліне қарамастан мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың 7-11-сынып оқушылары қатыса алады. “Жарқын болашақ” олимпиадасы “Тілші әдебиетшілер”, “Жазушылар”, “Жас ғалымдар”, “Сөз шеберлері” және “Әнші бұлбұлдар” конкурстарын қамтиды. Осы олимпиадада бірінші орын алғандар республикалық кезеңге жолдама алады, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Ырысжан Нұрғалиева.

 

“Тілші әдебиетшілерде” қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде үйренген оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетінен білімдері бағаланды. Конкурсқа қатысушылар 2 бөлімнен тұратын тест сұрақтарына жауап берді. Бірінші бөлім тапсырмалары – қазақ тіліне, екіншісі қазақ әдебиеті пәніне арналған. Бұл конкурста Мамлют ауданынан қатысқан Зарина Салмұқанова мен Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушысы Инабат Құсайынова 1-орын иеленді.

“Жазушыларда” қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде үйренген оқушылардың шығармашылық қабілеттері бағаланды. Қатысушылар отансүйгіштік, ерлік, қаһармандық рухтағы эссе жазудан бақ сынасты. Оқушы өз ойын таңдауы бойынша қара сөзбен немесе өлең түрінде жаза алады. Оған қазақ тілі, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері, еліміздегі ұлтаралық, дінаралық келісімнің маңыздылығы, бірлік пен татулық, ерлік пен батырлық, әдептілік тақырыптары ұсынылды. Бұл аталым бойынша Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінен Мұхамед Қоңқаев пен Ақжар ауданынан Карина Көпеева 1-ші орындарды жеңіп алды.

“Жас ғалымдар” қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде үйренген оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты бір тақырыпты қазақ тілінде ғылыми жағынан түсіндіру қабілеттері бағаланды. Конкурста ғылыми жоба тақырыбының өзектілігі, тіл табиғатының сақталуы, ғылыми жобаның жазылу шарттарына сәйкес дайындалуы ескерілді. “Жас ғалымдар” аталымында Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушысы Әйгерім Ержанованың еңбегі барлық талаптарға сай деп танылып, оған бірінші орын берілді.

“Сөз шеберлері” конкурсында қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде үйренген оқушылардың қазақ тілінде мәнерлеп оқу қабілеттері сынға түсті. Қатысушы 1 шығарманы (прозалық немесе поэзиялық) немесе одан үзіндіні жатқа мәнерлеп оқыды. Оқушының мәнерлеп сөйлеу машығы, сөздердің анық айтылуы, сөздің мәнін жете түсінуі тексерілді. Жамбыл ауданындағы Үлгі орта мектебінің оқушысы Айнагүл Мінайдарова мен Шал ақын ауданындағы Приишим орта мектебінің оқушысы Сергей Кошелев осы талаптар биігінен шыға білді.

“Әнші бұлбұлдар” конкурсы қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде үйренген оқушылардың қазақ тілінде ұлттық құндылықтарды насихаттайтын әнді орындаудағы вокалдық қабілеті, әнді жанды дауыста орындауы, сөздерін анық айтып, тіл табиғатын сақтап жеткізуі ескерілді. Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінің оқушысы Арман Сапарова мен Петропавл қаласындағы №5 орта мектеп оқушысы Яна Малеева бірінші орындарды иеленді.

Облыстық кезеңде бірінші орын алған жеңімпаздар сәуір айында Астана қаласында өтетін республикалық “Жарқын болашақ” олимпиадасында өңіріміздің намысын қорғайтын болады.

СУРЕТТЕРДЕ: “Сөз шеберлері” конкурсының жеңімпазы Сергей Кошелевті марапаттау сәті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp