Кәрібай МҰСЫРМАН.
Көретін тұрғандай бар бақыт тойда
Кез өтті. Енді оған уақыт қайда?..
Күндерім қымбатырақ қазір маған
Оңаша отыратын батып ойға.
Еске алып өткенімді, кешегімді,
Өзіме өзім берем есебімді.
Алады Ар мен Намыс кейде алқымнан,
Жақындап қалғандай-ақ Есеп күні…
Қалайша бас тартарсың өткен істен,
Ақиқат бәрінен де өктем, үстем –
Барлығын жазып отыр қос иықта
Көрінбес қос періште көктен түскен…
Әйтеуір, жанды өкініш өксітпейді,
Нұрлы үміт келер күнге жөн сілтейді.
…Жақсылық дәнін
сеуіп жүрмін мен де,
Жемісі, бірақ,
көңіл көншітпейді…