«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖИҺАЗЫ САПАЛЫ ДА СӘНДІ кәсіпорын 90 кісіні жұмыспен қамтып отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отандық өндірістің дамуына елеулі үлес қосып, бүгінгі заман ағымына сай тауар шығару үдерісін қалыптастырған салалардың бірі – жиһаз жасау кәсіпкерлігі. Бәсекелестігі нық бұл саланың өндірушілерге қояр талабы зор. Өңірімізде осы бағытта басымдық танытып жүрген бірнеше кәсіпорын болса, солардың бірі – “Промстроймебель” ЖШС-і. Аталмыш өндіріс орны – өзінің тауарлық белгісін қалыптастырған кәсіпорын. Ал оның басшысы Мұрат Харсиев – бизнес ортада өзінің іскерлігімен танылған тұлға.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Біз Мамлютка қаласында орналасқан аталмыш өндіріс орнына ат басын тіреген кезде Мұрат Харсиев жұмыс бабымен сапарлап кеткен екен. Алайда, оның орнын жоқтатпаған өндіріс бастығы Нина Рябцева кәсіпорынның жиһаз жасау цехының жұмысымен кеңінен таныстырды. 2004 жылы қабырғасы қаланған кәсіпорын бүгінде 90 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал жиһаз жасау цехындағы мамандардың саны – жиырмаға жуық. Еңбеккерлердің айлық табыстары да жаман емес, орта есеппен олардың айлық еңбекақысы 70-80 мың теңгеден айналады. Сондай-ақ әкімшілік ынталандыру сыйақысын да жиі беріп тұрады.

 

– Басшымыз мақсаткер жан. Қолға алған ісін соңына дейін жеткізбей тынбайды. Мәселен, өндірістегі құрал-жабдықтарды жаңғыртуды көздесе, біз ол жоспардың орындалатынына сенімдіміз. Өндірісті кеңейтіп, жұмыс орнын көбейтемін деді ме – ол істің де оң болары сөзсіз. Жақында кәсіпорын үлкен жүк көліктерін сатып алды. Өйткені, өндіріске қажетті шикізаттарды темір жол қатынасы арқылы тасымалдағаннан гөрі, өз автокөлігіңмен әкелген әлдеқайда тиімді екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Тоқетерін айтар болсақ, Мұрат Исрапилович – әр қадамын жеті рет өлшеп, бір рет кесетін білікті басшы. Ол өзінің жоспарлы әрекеттерімен басқаларға қашанда үлгі, өз ортасында мерейі әрдайым үстем, – дейді Нина Анатольевна.

Жиһаз жасау өндірісіндегі басты талап – сапа мен сән. Сондықтан да аталмыш серіктестік қызметкерлерінің әр таңы ізденіспен басталады. Техникалық жаңғырту өндірісті өркендетудің айқын жолы екендігін білетін кәсіпорын басшысы өндірістегі барлық құрал-жабдықтарды заманауи еткен, цехтан бірде-бір ескі станокты көре алмайсыз. Бұйым түрлерін көбейтіп, үлгілерін жаңартып отыратын мамандар да жақсы сұрыпталған. Нәтижесінде сұраныс күннен-күнге артуда. “Промстроймебель” ЖШС-і көтерме саудамен Көкшетау, Щучье, Қарағанды, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының сауда үйлерімен жұмыс істейді.

– Былтыр итальяндық ағаш өңдеу станогы мен мембранды тығыздауыш сатып алдық. Бұл – соңғы технологиялық жаңалық. Оның әрқайсысы 70 мың АҚШ доллары тұрады. Осы құрал-жабдықтарды сатып алғаннан кейін өніміміздің сапасы тіптен жақсарды, ал бұйымдардың түрі көбейе түсті. Кәсіпорын бұл жаңғыртуға қажетті қаржыға “Нұрбанк” АҚ-ы арқылы қол жеткізді. Сондай-ақ бұл несиенің банкке өтелетін сыйақы мөлшерлемесіне “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттің демеуқаржысы берілді, – дейді өндіріс бастығы.

Өз өніміне сенімді кәсіпорын елімізде ұйымдастырылатын отандық тауар өндірушілердің түрлі байқаулары мен көрмелеріне жиі қатысады. Былтыр серіктестік “Қазақстанның үздік тауарлары” байқауына қатысып, абыройлы меженің тағы бір шыңын бағындырған болатын. Ал ең бастысы “Промстроймебель” ЖШС-нің тауар айналымы жыл сайын еселене түсуде. Кәсіпорын бір айда 8-9 миллион теңгенің тауарын сатады. Сондай-ақ ондағы негізгі кәсіпкерлікке қосымша ағаш өңдеу, пластикалық терезелер жасау цехтары, диірмен мен наубайхана жұмыс істейді. Наубайханада күніне 1500 бөлке нан пісіріліп, “ас атасымен” аудан орталығы мен жақын маңдағы ауылдар қамтылып отыр.

“Біздегі заманауи құрал-жабдықтар нарық бәсекелестігіндегі бағаны төмендетіп, сапаны көтеріп, кәсіпорынды басқалардан көш ілгері етті”, – деп Нина Рябцева отандық кәсіпкерлердің көкейінде жүрген кейбір мәселелерге тоқталды. Кәсіпорынға қажетті шикізаттар Ресей нарығынан алынатындығын айтады. Соған қарай шетелдіктер мен қазақстандық ағаш өңдеушілердің баға жағынан айырмашылығы сезіледі. Сондай-ақ қазақстандықтар өндірістің өңдеу технологиясы мен сапасын жақсартса, құба-құп болар еді деген ойын да жеткізді.

“Промстроймебель” ЖШС-і өңірімізде жаңадан ашылып жатқан мекемелерге кеңселік жиһаз жасап беру тапсырысын жиі орындайды. Мәселен, олар Тайынша және Бескөлде ашылған балабақшаларға, Мамлютка қаласындағы қазақ мектебі мен Пескидегі жаңа мектепке арнайы тапсырыстар алған.

Еңбеккерлер үшін тапсырыстың үзілмегені жақсы. Бұрынғы жылдары қыс айларында тапсырыстың жоқтығынан жұмысшылар мезгілсіз демалысқа шығарылатын. Ал былтыр жыл он екі ай жұмыс болды. Биыл да жыл басынан бастап тапсырыстар қабылдануда. Оған кәсіпорын әкімшілігі де, еңбеккерлер де разы.
– Биылғы жыл да қарбалас жұмыспен басталды. Бәрін де белгіленген мерзімінде орындау керек. Ол үшін жұмыс уақытын екі кезеңге бөлуге тура келді. Тапсырыс көбейсе, тауардың тұтынушылар көңілінен шыққандығы. Бүгінде біздің беделіміз ел нарығында елеулі. Ендігі мақсат – шетел нарығын бағындыру. Бұл білікті басшының, еңбекқор ұжымның қолынан келер іс деп ойлаймын, – дейді Нина Рябцева.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp