«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИСЛАМ ҚАНДАЙ ДІН?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қадырбек ШӘРІПҰЛЫ,

“Қызылжар” мешітінің наиб имамы.

Ислам (араб: إسلام) – әлемдік монотеисттік-ибраһимдік дін. Христиандықтан кейін дүниедегі ең көп таралған дін болып табылады. “Ислам” “сәләм” деген түбірден туындаған. Мағынасы: “бейбітшілік”, “тыныштық”, “амандық”, “татулық”, “мойынсыну” “бағыну” (Алланың заңдарына) болып табылады. Ал шариғат терминологиясында “ислам” – толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа Құдайларға табынбау болып есептеледі. Ислам дінін ұстанушы жан мұсылман деп аталады.

Жер беті жұртшылығы бүгінде Ислам әлемін түрлі ұлттардан, этностардан, сан алуан мәдениеттерден құралған, географиялық орналасуы әрқилы үлкен бір қоғам деп қабылдайды.

 

Ислам – ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін. Қоғам ішінде бейбіт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың алдындағы, өзгелердің алдындағы мұсылмандық міндеттерін толық орындауына мүмкіндік береді. Олай болса үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды.

Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында Отанымды, елімді әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына қоссам деген ұлы мақсатты мүдде етуді ұмытқан емес. Соның ішінде ең маңыздысы – тәуелсіз Қазақстан, Отан, халық мәселесі. Бәрі де Отан, ел үшін, елдің көсегесін көгерту, елді биікке көтеріп, мәртебесін асыру, асқақтату. Ал осындай ұлы мақсаттарға жету үшін бізге ең алдымен ынтымақ пен бірлік, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білу керек.

Ислам ешкіммен соғыспайды. Ислам – ізгілік діні. Біз Алланың сый еткен өмірін қастерлейміз. Сол себепті ешкімге қиянат жасамаймыз. Ислам – ынтымақ, бірлік діні. Біз адасып жүргендерді Алланың ақ жолында бірігуге, бейбітшілікке, тыныштыққа шақырамыз. Мешіттеріміз ғибадат ғана емес, сондай-ақ рухани білім ордасына айналуы үшін де күш саламыз.

Белгілі бір ұлттың өз тілін сақтауына, құрметтеуіне дінімізде тыйым жоқ. Мұсылмандықты қисапсыз көп ұлттар мен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қарамай бір шаңырақ астына біріктірген бүкіләлемдік бауырмашылдық деп есептеуге де болады. Сондай-ақ Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі.

Алла тағала өзінің қасиетті кітабындағы мына аятта былай дейді: “(Мұхаммед (с.ғ.с) Ханиф ретінде жүзіңді Ислам дініне жөнелт. Алла жаратқан адам баласының табиғи болмысы сондай, Алланың жаратылысы еш өзгермейді. Осы тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді”. (“Рум” сүресі 30- аят).

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде былай деген болатын: “Халық Тәңіріне, Алла тағалаға сеніп, ертеңгі күнін ойлап, дүниедегі мынау бүгінгі күннің күйбеңімен жүре бермей, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистеріне сәйкес өмір сүрсе деймін”.

Ислам діні арқылы Алла тағала мына нәрселерді қорғады.

Арақ және есірткіні арам қылу арқылы адам баласының ақыл-есін қорғады. Өсек пен ғайбаттты арам ету арқылы әр адамның ар-ожданы мен абыройын қорғады. Зинақорлықты арам етіп, адамның намысы мен ұрпағын қорғады. Ұрлық, құмар ойынға, парақорлық пен өсімқорлыққа тыйым салып, мал-мүлкімізді сақтады.

Ендеше Ислам – алдыңғы пайғамбарлар баяндаған діндердің үкімдерінің күшін жойған және өзгермейтін үкімдері Қиямет күніне дейін жүретін соңғы әрі толық дін.

Ислам – дүниежүзілік дін. Алдыңғы пайғамбарлар жеткізіп, баяндаған діндер тек қана белгілі бір ұлтқа, халыққа келсе, Ислам барша адамзатқа түсірілген.

Күллі әлем бойынша Ислам дінін ұстанатын адамдар – 1 миллиард 300 милионнан астам.

1. 35 елде мұсылмандық басым

2. 28 елде Ислам діні – мемлекеттік дін.

3. 120 елде Ислам діні тараған

Ислам дінінде мына нәрселер қамтылған

1. Ақида (Сенім)

2. Ғибадат (Құлшылық)

3. Ахлақ (Мінез-құлық)

Исламшылар кімдер?

Байқасаңыздар, соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында “террорист” деген сөздің тағы бір баламасы шыға бастады. Ислам дінін терроризмнен арашалай алмай жатқанда бұл сөз тіптен төбеден жай түсіргендей қылды. “Құлаққа өкпелеп жүргенде мүйіз шықты” дегендей, ендігі күні террористердің қатарына сіз де, біз де кіріп кеттік.

“Исламист” деген термин не? Қандай мағына береді? Расымен де “исламисттің” мағынасы террористтің баламасы ма екен?

Жоқ, олай емес. Бұл сөз орыстардың түсіндірме сөздігінде бұрыннан бар. Және де бұл сөздің қазіргі теңеліп жүрген мағынамен бес қайнаса сорпасы қосылмайды. Мәселен, С.А.Кузнецовтың түсіндірме сөздігін алар болсаңыз, онда “Исламист” деген сөзге “Сторонник ислама” деген мағына береді. Қазақша айтсақ, исламды жақтаушылар. Ал Т.Ефремованың сөздігіне келсек, онда “Исламисты – те, кто исповедует ислам” делінген. Яғни, сөздікте тілін кәлимаға келтіріп, исламға бойұсынған адамды “исламист” дейді екен.

Не керек, енді исламшылдар да лаңкестердің қатарына қосылып, бұл теңеу күллі мұсылманның сүйегіне таңба боп басылайын деп тұрау. Бұрын исламды құбыжық қып көрсетіп келсе, енді исламды ту еткен мұсылмандар да жаппай лаңкес болып шығады деген сөз.

Атеистік қоғам құруға талпынған дінге қарсы кеңес өкіметі кезінде ұлтшыл, түркішіл, мұсылман зиялыларын “исламшылдар” деп айыптаған еді. Ал бүгінгі жала тонын теріс аударып киіп келеді. Сондықтан да бұған дер кезінде тосқауыл қажет секілді. Әйтпесе, ертеңгі күні ата дініміз – исламды жақтағанымыз үшін сіз бен бізді террорист деп айыптап шықпасына кім кепіл?

“Әзірет Сұлтан” мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы, былай дейді:

– “Исламист” – қазақшаға аударғанда исламды жақтаушы, ислам дініне жаны ауыратын мұсылман деген сөз. Исламист пен мұсылман бір мағынаны береді. Біріншіден, бүгінгі күні “исламист” сөзін кезіндегі атеисттік қоғамның сарқыншағы саналатын, сол қоғамды аңсайтын журналистер қолданады. Себебі, кеңестік дәуірде “исламист” деп дінге бүйрегі бұратын мұсылмандарды кемсіту мақсатында атаған. Екіншіден, БАҚ өкілдерінің “исламист” деген сөзді террористтің баламасы ретінде қолдануы – ислам мен мұсылмандарды әлемге жағымсыз етіп көрсету мақсатында саналы түрде жасалып отырған ақпараттық науқан деп айтуға болады. Ал, үшіншіден, “бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді” демекші, қасақана істеліп отырған ақпараттағы бұл терминді кейбір журналистер білмей де қолданып жатады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp