«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МІНДЕТ – АЙҚЫН, МАҚСАТ – ЗОР уәлихановтықтар одан аянып қалмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Біздің мемлекетімізді жаһандық саясатта таныту үшін жасалып келген және алдағы уақытта іске асырылуы қажет барлық іс-шаралар “Қазақстан – 2050” Стратегиясында дәйекті түрде көрсетілген. Аудандық мәслихаттың депутаттары мен аппараты Президент Жолдауын үлкен қызығушылықпен тыңдады, әрбір депутат өз сайлау округтерінде оны талқылауға арналған жиналыстарға қатысты. Халықтың көңілінен шыққан бұл Жолдау бойынша жоспарлы іс-шаралар бекітіліп, нақты тапсырмалар берілді. Дамудың осындай бағытын таңдау өзінің тиімділігін дәлелдеп те үлгерді.

Бауыржан ҚАДЫРОВ,

Уәлиханов аудандық мәслихаттың хатшысы.

Мысалы, Уәлиханов аудандық мәслихаттың 5-ші шақырылым депутаттары жергілікті маңызы бар көкейкесті 70 мәселені 2012 жылы 9 мәслихат сессиясы мен тұрақты комиссиялардың 9 отырысында қарап, әрқайсысы бойынша тиісінше шешімдер қабылдады. Ал депутаттар жұмысының нәтижесін айқын көрсететін сайлаушылармен кездесулерде, әрбір ауылдық округте өткен тұрғындар жиналыстарында жолдарды жөндеу, таза ауызсумен қамтамасыз ету, елді мекендерді көркейту мен санитарлық тазалау, сондай-ақ жастардың бос уақытын ұйымдастыру, спортты дамыту, клубтар мен кітапханалардың жұмысы сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Соған сәйкес сессияларда тиісті ұйымдар мен мекеме басшыларының есептері тыңдалды, барлық тыңдалған есептер бойынша шешімдер қабылданып, орындау үшін атқарушы органдарға жолданды.  

“Нұр Отан” ХДП депутаттық фракциясының бір отырысы Қайрат және Қулыкөл ауылдық округтерінде өткізілді. Депутаттар аталмыш елді мекендердегі жағдайды өз көздерімен көріп, танысып қайтты әрі қажетті шаралар қолдану үшін тиісті шешімдер қабылдады.

 

Аудандық мәслихат депутаттары әр жерге 23 депутаттық сауал жолдады. Олардың ішіндегі негізгілері: сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, ауылдық елді мекендердің көшелерін жарықтандыру, иесіз қалған ғимараттарды жөндеп, жастардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған орындарға беру, жолдарды қысқы уақытта қардан тазарту, Моңғолиядан қоныс аударып келген ағайындарға жер телімдерін бөлу және тағы басқалары. Жолданған сауалдардың көбіне қанағаттанарлық жауаптар алынды, бірақ шешімі таяу араға шегерілген мәселелер де бар, оларға да көңіл көншітерлік жауаптар берілді.

Баспасөзде алдын ала жарияланған қабылдау кестесіне сәйкес аудандық мәслихаттың депутаттары 2012 жылы сайлаушылармен, ауылдық округтердің тұрғындарымен 32 кездесу өткізді.

Кішкенекөл ауылдық округінің және басқа да елді мекендердің тұрғындары депутаттарға көптеген көкейкесті мәселелермен келді. Мысалы,теміржол вокзалының ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, оның іші суық болатын. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары А. Башмаков пен С. Ескендіровке, сондай-ақ Мәжіліс депутаты Р.Мәдиновке және “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” АҚ президенті А.Маминге аталмыш мәселені шешуге жәрдемдесуді сұрап хат жолдаған болатынбыз. Бұл мәселе оң шешімін тауып, қазіргі уақытта теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында: “Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі”, – деп атап айтқан. Осыны басшылыққа алған аудандық мәслихаттың депутаттары тубдиспансердің жабылу мәселесінің оңтайлы шешілуіне барынша атсалысты. ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына бұрынғы туберкулезге қарсы диспансерді қайта ашу туралы бірнеше рет хат жолдады. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы А.Коға да хат жіберілді.Қазіргі кезде туберкулезбен ауыратындар облыстық туберкулезге қарсы диспансерде және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда емделуде.

Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда кез келген мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу үшін діннің, нанымсенімнің рөлі айрықша зор екені мәлім. Осыны әу бастан-ақ дұрыс түсініп, осы мақсатта атқарылатын барлық жұмыстарды тура жолға қоя білген Елбасы Жолдауда: “Бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал”, – деп атап көрсетті. Біздің аудан орталығы – Кішкенекөлде 500 орындық жаңа мешітінің құрылысы аяқталып келеді. Бұл мәселеден де мәслихат депутаттары сырт қалмай, сүбелі үлестерін қосуда.

Сондай-ақ ауданымызда қарқынды түрде жүргізілген көркейту, абаттандыру жұмыстарына да халық қалаулылары белсене қатысады. Мысалы, қызылтулық Кенжебек Жантілеуов Кішкенекөл ауылында балалар мен ата-аналар үшін салынған “Пирамида” демалыс орнының құрылысына қаржылай жәрдемдесті.

“Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады”, – деп атап айтты Елбасы өз Жолдауында. Бұл бағытта да депутаттар үлкен жұмыс жүргізуде. “Ар” шаруашылығының басшысы, депутат Кенжебек Жантілеуов инновациялық жобаны жүзеге асыру үстінде. Ол 11 мың тонналық астық қабылдау қоймасының құрылысын өткен жылдың жазында бастады. Жобаның жалпы құны – 170 млн.теңге. Бұл нысан биыл пайдалануға беріліп, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткелі отыр.

Кішкенекөл №2 орта мектебінің аумағында мектеп директоры, депутат Тұрлыбек Оспановтың жетекшілігімен мұғалімдердің демеушілік көмек көрсетулері арқасында “Алтын бесік” шағын сәулеттік құрылысы мен балалардың спортпен шұғылдануына арналған корт жасалды.

Сонымен қатар аудандық мәслихат депутаттары Қарттар айлығына орай өз округтеріндегі жалғызілікті зейнеткерлерге, аз қамтылған қариялар мен мүгедектерге қолдарынан келгенше сыйлықтармен, көмір, отын, мал азығымен көмек көрсетіп отырады. Мәслихат депутаттарының бұл мақсаттарға жұмсаған жалпы қаражат сомасы 1 млн. 800 мың теңгені құрады.

Елбасы мемлекеттік тіл мәселесіне әрдайым көңіл бөліп келеді. Шынында да, ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл. Одан уәлихановтықтар да шет қалып отырған жоқ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданымыз “Мемлекеттік тілді жетік меңгерген аудан” аталымында жүлделі орын алып, арнайы дипломмен марапатталды, ауыспалы кубокқа ие болды. Мәслихат депутаттары да аталмыш мәселені назардан тыс қалдырған емес, “Тіл туралы” заң мен тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын мәслихаттың сессиялары мен тұрақты комиссияларының отырыстарында басты назарға алып отырады.

2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағыт айқындалып, даму мен өркендеудің тағы бір межесі белгіленді. Міндет – айқын, мақсат – зор. “XXI ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін”, – деген Көшбасшымыздың сенімін ақтау үшін әрқайсымыз барымызды салатынымызға күмәнданбаймын.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp