Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар легі мәдени орталықтарда басталып-ақ кетті. “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде “Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!” мерекелік интерактивті іс-шарасы өтті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мектеп оқушыларына арналған шара наурыз айының 12-сінен басталды. Оған қалалық классикалық гимназия, №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешені мен М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің оқушылары қатысты.
Оқушылардың ой-өрісін дамытуға арналған іс-шара танымдық бағдарламаға негізделген. Бастауыш сыныптың оқушыларына арнайы ұлттық ойындар мен салт-дәстүрден көріністер көрсетілді. Резиденцияның бұл жолғы қонақтары қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып оқушылары болды. Салтанатты іс-шара ұлттық ойындармен ашылды. Ұлдар “Ұйқы ашар”, қыздар “Селт еткізер” ойындарын ойнады. Наурыз жайында ән шырқалды. Балаларға арналып “Бесікке бөлеу” дәстүрі көрсетілді. Оқушылар “Көкпар”, “Тиын жинау” ойындарын ойнап, наурыз-көжені дайындау әдісімен танысты. “Қара жорға” биін билеп, шашудан дәм татты.