«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕДАГОГТЕР СЕМИНАРЫ Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесіне арналды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Наурыздың 15-і күні Білім басқармасының ұйымдастыруымен Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында мектеп директорларына арналған облыстық семинар өтті. Ол Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибелерін облыс мектептеріне енгізуді көздеді. Семинарға облыс мектептерінің басшылары мен мұғалімдер, қалалық оқу бөлімінің, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ, “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының өкілдері қатысты.

Республикада ашылған Назарбаев Зияткерлік мектептері Еуропаның білім беру жүйесін өздерінің тәжірибелеріне енгізуде. Қазіргі күні еліміздің Білім және ғылым министрлігі бұйрығының негізінде әр өңірде базалық мектептер бекітілді. Ол базалық мектептердің басты мақсаты – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін өздеріне енгізе отырып, оны өз өңіріне тарату. Осындай базалық мектеп облысымызда екеу.

 

– Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясы – қазақ тілінде, екіншісі – Бескөл мектеп-гимназиясы орыс тілінде оқытатын мектептерге тәжірибе таратады. Бұл мектептер қыркүйек айынан бастап Талдықорған, Орал, Семей, Астана, Көкшетау қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептеріне барып, солардың тәжірибелерімен алмасып, өздерінің пәндеріне және тәрбие жұмыстарына енгізіп, осы аралықтағы жинақтаған тәжірибелерімен облысымыздың қазақ мектептері ұстаздарымен бөлісуде. Басты мақсатымыз мектеп әкімшілігіне осы сабақтарды көрсету болатын. Сондықтан семинарды төрт секцияға бөлдік. Бірінші секцияда полилингвалды оқыту, екіншісінде заманауи оқу үдерісі әдістері, үшінші секцияда критерийлік бағалау және төртінші секцияда электрондық оқыту бойынша сабақтар үлгілерін көрсетуді жоспарладық. Критерийлік бағалау бұрынғыша мұғалімнің баға қоюы емес, онда балалар бір-бірін өздері бағалайды. Бағалаудың арнайы өлшемдері болады. Сабақтың әр тұсында жеке-жеке балдар қойылып, соңында ол бағаға аударылады. Бала өз бағасын өзі немесе оның білімін басқа оқушы бағалайды. Мысалы бала: “Мен бүгін сабақта 5 алдым деп ойлаймын, себебі”, – деп оны өлшемдер бойынша дәлелдейді. Қасындағы балалар оның кем түскен тұстарын атап, оған кері пікір айтуы мүмкін, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Ырысжан Нұрғалиева.

Семинарға жиналғандар өздерінің қалаулары бойынша секцияларға бөлініп, заманауи үлгіде берілген сабақтарды көрді. Ол сабақтарды негізінен Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 3 деңгейдегі курстан өтіп келген мұғалімдер берді. 4-сыныпта “Етістік” тақырыбы бойынша өткен кіріктірілген қайталау сабағында қазақ, ағылшын, орыс тілдері бірге жүргізіліп, оқушылар үш тілді қатар меңгеріп жүргендерін көрсетті.

Бастауыш сыныпта өткен математика сабағына да ағылшын тілі элементтері қадам бойынша енгізілген.

Мұғалімдер арасында жүргізілген тренингте де ұстаздар XX және XXI ғасыр мұғалімдеріне салыстырмалы түрде келіп, өз пайымдарын білдірді.

Күні бойына жоспарланған семинар бағдарламасында заманауи үлгідегі сауықтыру кешенінің жұмысы және денсаулық сақтау аспектілері бойынша дайындалған спорттық жаттықтыру, көркем гимнастика, көңілді старт, релаксациялық ойындар да назарға ұсынылып, мектеп-гимназияның өнерпаздарының концерті тамашаланды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp