«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІНДЕТ КЕМІП КЕЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Туберкулез – қоғамның әлеуметтік мәселесі. Елімізде бұл індетпен күрес қарқынды жүргізіліп келеді. 1998 жылдан бері Елбасының Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған бағдарлама іске асырылуда.  

 

Светлана ХАРЛАМОВА,

облыстық туберкулезге қарсы

диспансердің сәулелі

диагностика бөлімшесінің меңгерушісі.

 

Жыл сайын облысымызда 350-400-ден астам адам рентгендік диагностикадан өтеді. Өткен жылы жасы15-тен асқан тұрғындардың 399,9 мыңы тексеріліп, солардың 93,5 мыңы жылжымалы қондырғылар арқылы қаралды. Тексерілгендердің арасынан 2,5 мың адамның флюорограммаларында өзгеріс байқалды. Олар одан әрі тексерістен өтті. Нәтижесінде 297-сінде өкпе туберкулезі анықталды.

Тұрғындарды рентгенге түсіруді ұйымдастыру мақсатында облыс бойынша 50 қондырғы іске қосылған. Соның 36-сы ауруханаларда болса, қалған 14-і жылжымалы. Соңғы жылдары флюоротехника 70 пайызға жаңарды. Ескі техниканың орнына сандық, аз сәулелі флюорограф сатып алынды. Облыстық туберкулезге қарсы диспансер соңғы 3 жылда сәулелі жүктемесі аз, сапалы сурет түсіретін 3 бірдей сандық рентген аппаратпен қамтамасыз етілді.

 

Ересек тұрғындар арасында туберкулез індетінің алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және елімізге қандай да бір себептермен келген әр азаматқа флюорографиялық тексерістер жасалады. Мақсатты топтардың жасы 15-тен асқан тұрғындар бұл тексерістерді тегін алады. Ал алдын алу шараларын ұйымдастыру мен жоспарлау қалалық және аудандық емханалардың құзырында.

Жылына 1 рет флюорографиялық тексеру мына топтарды қамтиды:

– медициналық қызметкерлер;

– әскерге шақырылғандар;

– жасөспірімдер;

– жүктіліктен кейінгі әйелдер;

– студенттер;

– созылмалы ауруларға шалдыққан, иммунитеті әлсіреген адамдар (өкпенің созылмалы аурулары, сусамыр, араққорлық, нашақорлық, ВИЧ/СПИД);

– туберкулез дертіне шалдыққан науқастармен қарымқатынаста болған адамдар;

– мектепке дейінгі оқу, жалпы білім беретін және мамандандырылған мектеп, лицей және гимназия қызметкерлері;

– Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері;

– тергеуге алынған және сот үкімі шығарылғандар жылына 2 рет тексеріледі.

Тамақтану, сауда, тұрғындарға қызмет көрсету, жолаушыларды тасымалдау салаларының және дәріханалардың қызметкерлері, орта және жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен Қазақстан Республикасына уақытша келген азаматтар жылына бір рет жұмыс берушінің қаржысына міндетті флюорографиялық тексерістен өтеді. Мақсатты топтар емханалардың үздіксіз жұмысының нәтижесінде тексерістерге келіп тұрса, тұрғындардың өзге топтары жылдар бойы бұл тексерістерден жалтарып жүреді. Сондықтан облысымызда 2 жылдан аса уақыт бойы туберкулезге қарсы сынамалардан өтпеген тұрғындарға тегін тексерістер жасау тәжірибесі қалыптасты. Себебі, індетке шалдығатындардың 50-60 пайызы осы топтарға жатады.

Біз тұрғындарды алдын алу тексерістерінен қорықпауға, ал ұзақ уақыт бойы флюорография талдамасын жасатпаған адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріліп, әсіресе, жылжымалы қондырғыларды пайдаланып қалуға шақырамыз.

15 жасқа дейінгі балаларға флюорографиялық тексерістер жасалмайды. Оларға туберкулезді анықтауға пайдаланатын биологиялық препараттың екпесі жасалып, туберкулез белгілерін сол арқылы анықтайды.

Медициналық алдын алу мақсатымен жүйелі тексерістер жүргізу мен тиісті ем-шара қабылдаудың арқасында жыл сайын өңірімізде туберкулез індеті кеміп келеді. Соңғы 3 жылда аурусырқау 39 пайызға төмендесе, өлім-жітім көрсеткіші 2,5 пайызға кеміген. Жасөспірімдер мен балалардың туберкулезден болған өлім-жітімі тіркелген жоқ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp