Кәрібай МҰСЫРМАН.
Ауыл неге түседі жиі есіме?
Мазалаған жанымды киесі ме?..
Анам жайлы ойласам, көз алдыма
Оралады үйімнің биесі де.
Қара бие балаған қара нарға,
Еркелеуші ед кекілін тарағанда.
Ұқсайтын ед елікке құлынында
Екі көзі жаудырап қарағанда.
Ат қойғанбыз Елік деп содан-дағы,
Бала біткен ұйғарып сол маңдағы.
Жұрт қызыға қарайтын тұлғасына
Төресі еді жылқының қотандағы.
Жазда арбаға анашым жегетін ед,
Салдырмай бір қамшыны желетін ед.
Елік десең, жалт қарап, анадайдан
Бірден танып, шауып, тез келетін ед.
Әкем қайтқан, еңбекқор анам ерен,
Шөп те шапқан бойда бар шамаменен.
Пішеніміз таусылып бірде қыста,
Сабан іздеп шықтық біз шанаменен.
Сабан таптық қар басқан дала кезіп.
(Онда менің кішкентай бала кезім).
Мен әперіп сабанды айырменен,
Шана үстінде жайып тұр анам өзі.
Бір мезетте бие үркіп әлденеден,
Сүйрей тартты шананы бар пәрменмен.
Анам байғұс абайсыз құлап түсіп,
Жәрдем бере ұмтылдым жан дәрмен мен.
Естен танып сәл уақыт анам жатты,
Зәрем ұшып, сілкінді санам қатты.
Қамшыны ала жүгірдім Елікке мен
“Көрсетейін мен саған, арам қатқыр!”.
Бүлдіргенін Елігім сезіп тұрды,
Оны маған кінәлі көзі ұқтырды.
Қолым батпай ұруға қамшыменен,
Ұрсып алдым ұялған “сезіктімді”.
Сол сәтті мен есімнен шығармаймын,
Анам жайлы кеудемде тұрар қайғым.
Не көрмедің мен үшін, қайран шешем?!
Соны ойласам, морт етіп сынардаймын…
Анам өтті өмірден қызық көрмей,
Бұл тірліктің мәуелі күзін көрмей.
Елік те жоқ бүгінде ауылымда,
Кетпеуші едім келгенде жүзін көрмей.
Көкіректе кетеді-ау кей арманым:
Туыстарға: “Соймаңдар!” – дей алмадым…
… “Қара бие еті ғой…” дегенде әпкем,
Бір түйір де дәм татып, жей алмадым…