Қазіргі таңда құтырма дерті – кеңінен етек жайып келе жатқан ауру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенер болсақ, адам өліміне себепші құтырма ауруы жұқпалы аурулардың ішінде 10-шы орында тұр. Жыл сайын әлемде бұл аурудан 55 мың адам қайтыс болады.
Ғалия ЖАМАНКИНА,
№2 қалалық емхананың
саламатты өмір салты бөлмесінің дәрігері.
Аталмыш ауру жайында сөз қозғамас бұрын “Ит құтырма дертін қайдан жұқтырады?” деген сауалға жауап тауып көрейік. Мамандардың айтуынша, бұл оларға жабайы жыртқыштармен қатынасының салдарынан жұғады. Қарапайым тілмен айтар болсақ, қасқыр, түлкі, шағыл, жанатты иттер, қаншық, ақ түлкі, тарбағатай, мангуст, жарқанат секілді жыртқыштар мен иттер қатынасқа түседі. Ал құтырма ауруын тасылмалдайтын да негізінен осындай жыртқыштар болып табылады. Бүгінде бұрынғыдай орманда мыңғырған мал жоқ. Сондықтан жабайы жыртқыштар елді мекендердің айналасын айналшықтайды. Тамағын да осы жақтан табады. Содан келіп иттермен байланыс жасап, сілекей арқылы ауруды оларға жұқтырады.
Жануарлардағы құтырма белгілері әртүрлі. Бірақ, бастысы, олардың мінез-құлықтарына назар аудару қажет. Иттер жеуге жарамайтын тастар, шынылар, ағаштар және тағы басқа заттарды жұта бастайды. Ауыздарының астыңғы жақтары салбырайды. Мөлшерден көп сілекей ағады. Құтыра бастайды. Адамдар мен өзге жануарларға қарсы шабады. Көздерінен жас ағып, судан қорқады. Ал адам бұл ауруды “құтырған” жануарлар тістеген кезде, сондай-ақ ауру жануарлардың сілекейі сілемейлі қабық немесе зақымдалған теріге енген жағдайда жұқтырады.
Құтырма дертін иттен ғана жұқтыруға болады десеңіз, қателесесіз. Бұл вирусты үй жануарлары: жылқы, шошқа, ірі қара мен мысықтан да жұқтыру қаупі бар.
Егер ойда-жоқта сізді немесе танысыңызды ит қауып алса, онда міндетті түрде жараны кір сабынмен жуып, йод қышқылын жағу керек. Ең абзалы – бірден дәрігерге көріну. Дәрігер жараңызды таңып, қажетті дәрумендер егеді. Емханаға тіркеуге алады. Уақытында дәрігерге қаралмаған жағдайда адам кенеттен жан тапсыруы да мүмкін. Аурудың бірінші сатысында әлсіздік, бастың ауруы, дене қызуының жоғарылауы, бұлшық еттің ауруы, ауыз қуысы құрғап, тәбет төмендеп, тамақ ауырады. Құрғақ жөтел басталады. Жүрек айнып, адам лоқсиды. Ит тістеген жер ашып, қышып, терінің жоғары сезімталдығы байқалады. Науқастың көңілі жабырқаңқы, тұйық мінезді болып, тамақтан бас тартады. Қатты ашушаң келіп, ұйқысыздық билеп, қорқынышты түс көру, иіс сезу және көру елестері пайда болады.
Үш күннен кейін аурудың екінші сатысы – аурудың әрі қарай қозуы басталады. Мазасыздық, үрей, судан қорқу ұстамасы пайда болады. Су ішуге талпынған кезде судың аққан дыбысына көмей және жұтқыншақ бұлшық еттерінің құрысуы мен қорқыныш сезімі, дем алуы қиындап, сіңір тартылуы пайда болады. Бұл кезең әдетте 2-3 күнге созылады. Бұл сәтте қорқыныш, судан қорқу ұстамасы жоғалады. Сол кезде науқаста сауығамын деген үміт пайда болады. Бұдан кейін дене қызуы 40-42 градусқа жоғарылайды. Аяқ-қолдың салдануы, есі ауысып, сіңірі тартылады. Дем алу параличі немесе жүрек соғуының тоқтауынан науқас қайтыс болады. Аурудың ұзақтығы бір аптадан аспайды. Сондықтан жануар тістегеннен-ақ дәрігерге қаралуды ұзаққа созбаңыз. Аурудың белгісі табылған жағдайда үнемі дәрігердің қарауында боласыз. Бұл ауру адам ағзасында екі жылға дейін сақталады. Осы уақытқа дейін науқас өзін күтіп, зорығудан, қатты тоңу мен қыздырынудан аулақ болуы тиіс.