«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТТЫ ЕЛІ ҰМЫТПАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Болмысы биік азамат еді” деп айтуға әбден тұрарлық Сүйіндік Бегалин егер көзі тірі болса, үстіміздегі жылдың ақпан айында асқаралы 60 жасқа толған тойын дүрілдетіп өткізген болар еді. Бірақ сұм ажал оған жазбады.

Ол өз өмірінде өшпейтіндей із қалдырған, есімін ел құрметтеп, әлі күнге дейін сыйлайтын азамат еді. Оның туған жері – Жамбыл ауданының Баян ауылы. 1978 жылы Қарағанды политехникалық институтын ойдағыдай бітірген Сүйіндік Қазиқанұлы еңбек жолын Петропавл ауыр машина жасау зауытында бастады. 1990 жылы №3 кәсіптік-техникалық колледждің директоры болып тағайындалды. Міне, сол кездің өзінде ол елім деп еміренген, тілім деп тебіренген нағыз ұлтжанды азамат екенін көптің алдында көрсете білді. Оған училищеде қазақ жастарынан тұратын 2 бірдей топты ашуы дәлел. Кейін қазақ тілі кабинетін ашқан.

 

Сүйіндік Қазиқанұлы 1996 жылдан 2006 жылға дейін, қатарынан 10 жыл кәсіптік-педагогикалық колледждің директоры қызметін атқарған. Бұл қызметте де ол абыройсыз болмағаны оның сол жылдарда тындырған істерінен айқын аңғарылған.

1987 жылы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. 1999 жылдан бастап қалалық мәслихаттың депутаты. Ал 2006 жылдың қазан айында Петропавл қалалық мәслихаттың хатшысы болып сайланған.

Өмірінің соңғы сәтіне дейін ол педагогикалық ұжымның белсенді мүшесі болды. Педагогика ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Өндірістік оқыту шеберін даярлауға арналған оқу құралдарын шығарды. Елеулі еңбегі бағаланып, “Ерен еңбегі үшін” медалімен, “Қазақ КСР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің озық қызметкері” белгісімен, бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Аяулы азамат көзден кетсе де, көңілден кетпейтіні анық. Ол қызмет еткен кәсіптік-педагогикалық колледждің қабырғасына мемориалдық тақта орнату салтанатты жағдайда өтті. Алғашқы сөз облыстық Білім басқармасы бастығының орынбасары Руслан Нұрмағанбетовке беріліп, ол тақтаны ашу құрметіне ие болды. Одан әрі Қорған мемлекеттік университеті оқытушыларының және педагогикалық факультет қызметкерлерінің құттықтауы оқылды.

Мемориалдық тақта ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін жиналған жұртшылық колледждің спорт залында С.Бегалинді еске алуға арналған футзал бойынша V халықаралық турнирдің ашылуын тамашалады. Оған Ресейдің Шадринск қаласынан, Астанадан және өз қаламыздың колледждерінің оқушыларынан құрылған 8 команда қатысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp