ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтында “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру – әскери білім берудің басымдықтары” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Ресей, Украина, Беларусь ғалымдары, ІІМ Ішкі әскері комитетінің, елдегі өзге әскери ЖОО-лардың өкілдері қатысты.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Конференция барысында ішкі әскердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттерінің теориясы мен тәжірибесінің тарихына және қазіргі заман мәселелері, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау, оқытушылар мен оқу бөлімшелері командирлерінің кәсіби даярлығын жетілдіру, тағы басқа маңызды мәселелер ортаға салынды. Елбасы өзінің Жолдауында білім мен тәрбие берудің жаңа бағдарламасын әзірлеу міндетін айқындаған болатын. Мұны жүзеге асыру әскери оқу орындарына да қатысты. Мәселен, Әскери институт бұған дейін де үздік оқу бағдарламасымен көзге түскен. Мұнда оқытудың кредиттік технологиясы енгізіліп, білім беруді жетілдіру мәселесімен айналысатын арнайы бөлім құрылған. 16 жылдың ішінде 2 мыңнан астам офицер тәрбиеленіп, олар бүгінде ішкі әскер, шекара, тағы басқа салаларда табысты қызмет етуде. Институт бастығы Жұмабек Ахметовтің айтуынша, профессорлықоқытушылық құрам ғылымға ден қойып, бірқатары әскери тақырыптағы жарияланымдардың авторлары атанған. “Әскери білімді реформалау барысында бұл жүйені мемлекеттің әскери ұйымдарына сәйкестендіріп, оны қазақстандық жоғары мектептің жаңа стандартына және жоғары білімнің бірыңғай еуропалық кеңістігіне бейімдеу керек”, – деді ол. Ал ҚР ІІМ ІӘ бас қолбасшысының орынбасары Альберт Мәткәрімов Әскери институттың жеткен жетістіктеріне тоқталып, оны Елбасы талап етіп отырған жоғары сапалы білім беретін оқу орны деп атап өтті. Бүгінде ішкі әскердің роталық құрамындағы офицерлердің 46 пайызы осы оқу орнын тамамдап шыққандар екен. Бұдан басқа институт түлектері арнайы мақсаттағы бөлімшелерде, Республикалық Ұлан сияқты беделді әскери орындарда қызмет етуде. Дегенмен де, Стратегияда аталған талаптарға сай болу үшін білім беру саласын жоғары сапаға көтеруіміз керек, деді бас қолбасшының орынбасары.
ҚР Қорғаныс министрлігі Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары Мұхтар Серікбаев қазақстандық әскерилер білім беру жүйесі үздік саналатын таяу және алыс шетелдерде тәжірибе жинақтаулары керек, деді. Мәселен, өзіміздегі Әскери институтты тамамдайтындар негізінен әскери саладағы тәрбиелеу, әлеуметтік-құқықтық жұмысты жүргізуге машықтанады. Сондықтан оқу орны түлектерінің білімі мен тәрбиесінің жан-жақты болуы басты орында болуы тиіс.
Биыл институтты тұңғыш рет Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары да тамамдағалы отыр.