Аян АЛЫПҚАШЕВ,
“Қызылжар” мешітінің наиб имамы.
Қазіргі қоғамда көптеген адамдардың әлеуметтік жағдайдың қиындығына төтеп бере алмай, өзіне-өзі қол жұмсап жатқанын көріп отырмыз. Өзін-өзі өлтіру адамның өзін өмірінен айыруы ғана емес, ол осы арқылы басқаларға жаман үлгі көрсетеді, туған-туысқандарын қасіретке ұшыратады, барлық жамандық осыда. Өз жанын өзі қиғаны үшін сол адам о дүниеде тозақ отына тасталады. Бұл орайда Құранда: “Ал кім Алланың шектеріне шықса, расында, ол өзіне қастық қылған болады”, (Талақ сүресі-1, аят), – делінген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) “Азапқа душар ететін жеті күнәдан аулақ болыңдар”, – дегенде сахабалар: “Ей, Алланың елшісі! Бұл қандай күнәлар?” – деп сұрады. Сонда Алланың елшісі: “Аллаға серік қосу, сиқыр жасау, Алланың рұқсат еткен жағдайларынан басқа уақытта кісі өлтіру, өсім жеу, соғыс майданынан қашу, абыройлы, мүмин әйелдерді зинақор деп жала жабу”, – деген. Тағы осыған қатысты бір хадисте: “Үлкен күнәлар – көпқұдайлық, яғни Аллаға серік қосу, кісі өлтіру және жалған куәлік беру!” – деген.
Адам өміріне қол сұғуға болмайды, әрі ол қасиетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жануарларды азаптап, оларды өлтіргендердің барлығына лағнет айтқан. “Сахих әл-Бухариде және Муслимде” Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Бір әйел бір мысықты қамауда өлгенше ұстағаны үшін жазаға душар болды”, – деген.
Адамды өте ауыр күнә істегенде ғана өлтіруге болады, ал басқа жағдайларда мейлі ол мұсылман болсын не мемлекет қам-қорлығында болсын, мейлі мұсылман болмасын – бәрібір өлтіруге болмайды. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Кімді болсын әділетсіздік жасап өлтірмеңдер. Кімде-кім әділетсіздік жасап кісі өлтірсе, оған Адам атаның үлкен ұлына төгілген қан күнәсінің ауыртпалығының бір бөлігі түседі. Өйткені кісі өлтіруді бастаған сол”, – деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Әрбір мұсылман үшін басқа бір мұсылман адамның өміріне, мал-мүлкіне және ар-намысына қол сұғуына қатаң түрде тыйым салынады” – деген. Өкінішке қарай, бұл заңдылық ұмытылып бара жатыр. Расында бір мұсылманның екінші біреуге шабуыл жасап, қол көтеруі, оны өлтіру мақсатында қару кезеуі немесе қанын төгуі – екі мұсылманды да тозаққа алып баратын, Алланың қаһарына ұшырататын ауыр күнә. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисіне орай Абу Бәкір: “Егер екі мұсылман адам бір-бірімен қылыштарын айқастырып кездесетін болса, онда өлтірген адам да, өлген адам да тозаққа түседі!” – дегенде мен: “Ей, Алланың елшісі, өлтірген адамның тозаққа түсуі түсінікті, ал өлген адам не үшін?” – деп сұрадым дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Ол да өзінің жолдасын өлтіруді қалады ғой”, – деп жауап берген екен.
Әдейі кісі өлтіру мен қан төгуі мұсылман адамды бірден иманынан айырады да, жазасы дайын болған имансыздардың қатарына қосады. Алла тағала Құранда: “Кім бір мүмінді әдейі өлтірсе, оның жазасы, ішінде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған”, – деп баян етеді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): “Имансыз болып өлген мен әдейі кісі өлтіруден басқа қандай күнә болса да, бәлкім кешірілер”, – деген. Имам әл-Бухаридің жинағындағы хадисте: “Алланың жек көретін үш адамы бар”, солардың қатарында: “….хақысыз қан төгу жолын іздеген адам”, – делінген.
Ауыр қылмыстың үш түрі бар. Бірінші жағдайды алатын болсақ, бұл қылмыс жалпы кінәсіз жанды өлтіру, ал бұл болса адам өміріне қиянат жасау. Ал екінші жағдайдағы қылмыс – зинақорлық. Зинақорлық дегеніміз – адамзат қоғамын өлтірумен пара-пар. Өйткені, мұндай арсыздық орын алған қоғам жойылып кету мен құрып кету қаупі алдында тұр. Ал үшінші жағдайда иманды адамның діннен шығуының салдарынан адамның жан дүниесі өлтіріледі. Өйткені, Алланың бірлігін мойындамай өмір сүрген адамның жан дүниесі өлі болып саналады.
Барлық ғұламалар мұсылман адамды әдейі өлтірген адамның өзіне де сондай жаза қолдануды, яғни өлім жазасына қиюды ұсынады. Бірақ біздің егемен еліміз бүкіләлемдік үрдіске орай қандай ауыр қылмыс жасаса да, өлім жазасын қолданбайды. Есесіне ондай адам ғұмыр бойы өмірін темір тордың арғы жағында өткізеді. Алла тағала: “Әй, ақыл иелері! Сендер үшін қысаста тіршілік бар. Әрине, сақтанарсыңдар”, (Бақара сүресі – 179, аят), – деген.
Хайбар соғысы кезінде үлкен қаһармандық көрсеткен Кузман атты кісінің тозаққа түсетінін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білдірген болатын. Хузайи Әксүм деген сахаба Кузманның соғыстан кейінгі ауыр жарақатына төзе алмай, өз қылышына құлап өлгенін көреді. Кузманның өлімі жайлы Алла елшісіне (с.ғ.с.) жеткізілгенде ол былай дейді: “Адамдардың арасында сырттай қарағанда жәннат иелеріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық…” (Бұхари, Тағдыр, 5).
Алланың соңғы елшісі, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұдан өзге бірқатар хадистерінде өзін-өзі өлтірген адамның ақыреттегі азабы жайлы хабар берілген. Солардың бірінде былай делінеді: “Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жәһаннамда қолына темір алып, мәңгі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал кімде-кім у ішіп өлсе, жәһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал кім өзін таудан тастап өлтірсе, жәһаннамда да өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады”. Бұл хадис өзін-өзі өлтірудің ақыры ауыр азаппен аяқталатынын білдірсе, екінші жағынан ХХІ ғасырда пайда болатын осы сұм өлімнің бірнеше негізгі түрлерінен сақтандырады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеулеріне қарасақ, өзіне қол жұмсаушылардың басым көпшілігі тапанша немесе пышақ қолданатын көрінеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисінде “өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе” деп осы ақиқатты білдірген. Сондай-ақ у ішіп, дәрі-дәрмекті мөлшерден тыс көп қолданып немесе газ жұтып, өзге де химиялық заттармен уланып, өзіне қастандық жасайтындар да кездеседі. Хадисте: “кімде-кім у ішіп өлсе” деп бұған да ишара жасалған. Ал өзін-өзі көп қабатты үйлерден, басқа да биіктіктен тастап, өз жанын қиятындардың да көп кездесетінін ескерсек, Алла елшісінің (с.ғ.с.) бұл хадисі сонау жетінші ғасырда жазылса да, қазіргі заманға дөп айтылғанын аңғарамыз.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисшәріптердің тағы бірінде: “Кім өз жанын қандай затпен қиса, тозақта сол затпен азапталады”, – делінген. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі. Әрбір қиындықтан кейін жеңілдіктің келетініне сенеді. Құдайдан үмітін еш үзбейді. Сабыр етеді. Ең қиын сәттерде де өзін өлтіруге бармайды.
Алла тағала біздің күнәларымызды кешіріп, жасаған тәубелерімізді қабыл етіп, баршамыздың имандылығымызды арттырсын!