Мемлекеттік ақпараттық саясат көп ұзамай негізінен Интернет-ресурстарға сүйенетін болады. Сол себепті бүгінгі таңда дәстүрлі БАҚ-тар өз сайттарын жаппай ашу үстінде. Олардың бұл істеріне “Қазконтент” АҚ көмектесуде. Осы мақсатпен Петропавлдағы Достық үйінде “Өңірлік БАҚ-ты Интернетке көшірудің маңыздылығы” тақырыбында семинар өтті.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Маңызды шараға аудандық, қалалық және облыстық басылымдардың өкілдері жиналды. Baq.kz ақпараттық порталы мен “Қазконтент” АҚ-ның мамандары сайттың артықшылықтары мен пайдасын түсіндірді.
Жалпы “Өңірлік БАҚ-тарды Интернетке көшіру” жобасы 2012 жылы бастау алған екен. Содан бері “Қазконтент” АҚ солтүстік өңірде 9 басылымға тегін сайт ашып берген. Ал Baq.kz порталындағы “Өңірлік БАҚ” бөлімінде 8 басылым өз парақшасын ашқан. Алайда, соның санаулысы ғана ғаламторда белсенді жұмыс істеп отыр.
Солардың ішінде облыстық “Солтүстік Қазақстан” газеті де бар. “Қазконтенттің” деректеріне сүйенсек, аталмыш ұйым ашқан сайттың ішінде бірінші орында тұр. Басылымның электронды нұсқасына (https://soltustikkaz.kz/) ақпан айының қорытындысы бойынша 44 000-дай оқырман кірген екен.
Болашақта ұйым өңіріміздегі тағы 7 бұқаралық ақпарат құралына сайт ашып беруді көздеп отыр. “Қазконтент” АҚ аймақтағы БАҚ-тарға барлығын тегін жасап бермек.