«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

“Қызылжар” мешітінің баспасөз хатшысы.

“Қызылжар” орталық мешіті мен Қазақстан қажылары қауымдастығының Солтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесі Аққайың ауданында орналасқан Қарттар үйінде тұрып жатқан қариялар мен мүгедектерге қайырымдылық көмек көрсетті.

Қызылжардан келген қонақтарға мекеме директоры Еркін Жақыпов пен мамандар медициналық емдеу, шаштараз, қолөнер, қазақ тілі үйірмесі бөлмелерін, қариялардың жатын, демалатын, серуендейтін орындарын, кітапхананы, асхананы көрсетті. Қариялардың үсті-бастары таза, көңіл күйлері жақсы көрінді. Бәрі де мемлекет пен Қарттар үйінің қызметкерлеріне ризалықтарын білдірісті.

– Туыстарымнан айрылып, жалғыз қалып, таныстарымды паналаған болып едім, әркімнің қас-қабағына қарау қиын екен. Сосын өзім сұранып, осында орналастым. Өкінбеймін. Өте жақсы. Бөлек бөлме берді. Бес уақыт тамақтанамыз. Тамақ тоқ, көйлек көк деген сияқты күй кешудеміз, – дейді екінші топтағы мүгедек Қайыргелді Сыздықов.

“Қызылжар” орталық мешіті мен Сәлима Балтабаева, Сапура Тәшенова, Зәуреш Мәшікова, Жібек Кенжебаева сынды қажы әжелер, өңірімізге белгілі кәсіпкер Әсия Қарабалина қосылып, азық-түлік сатып алып, қарияларға мерекелік дастарқан жайды. Осында тұрып жатқан 357 адамға сыйлықтар үлестірілді. Жасы биыл 115-ке толған кейуана Гүлшара Бейсековаға ерекше құрмет көрсетіліп, иығына төс-қамзол, басына орамал жабылды.

Қайырымдылық шарасы барысында Қазақстан қажылары қауымдастығының облыстық бөлімшесінің төрайымы Сәлима қажы Балтабаева, кәсіпкер Әсия Қарабалина, Сапура қажы Тәшенова пайғамбарымыздың туған айы – Мәуліттің жас ұрпақты тәрбиелеудегі мәнін айта келіп, қарияларды Наурыз мерекесімен құттықтады. “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді өз уағызында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: “Кімде-кім саған жақсылық жасаған адамға рақмет айта алмаса, онда Құдайға да рақмет айта алмайды” деп атап көрсетілгенін айтты. Қарияларды Алла тағаланың жазған тағдырына төзімділікпен қарауға шақырды.

Содан кейін облыстық филармонияның әртістері, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары Алла Рамазанова мен Дәурен Топышев, Қарттар үйінің қызметкерлері Елена Киселева мен Сейітжан Тастеміров концерт берді. Кездесу соңында Түркия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының келісімі бойынша “Қызылжар” мешітінде ұстаздық етіп жатқан Халил Ибраһим Құран оқып, бата берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp