«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ ӘЗІРЛЕГЕН мерекелік көріністі асыға күтудеміз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері жыл сайын Наурызды халықтың алдында қарсы алады. Биыл да өнер иелері орталық алаңға шығып, Ұлыстың ұлы күнін сахна төрінде атап өтеді.  

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Театрдың көркемдік жетекшісі Болат Әбдірахмановтың айтуынша, биылғы сахналық көрініс Қызыр атаның батасымен бастау алады. Наурыз мерекесі қазақта осы кейіпкермен астасады. 22 наурызда күн мен түн теңеседі. Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Сол себепті Қызыр ата әз-Наурызды қарсы алып, халыққа ақ батасын береді. Ұлыс келер түнi Қызыр бабаға арналып әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған. Үй иелерi бар ыдысты аққа, суға, “ырыс толсын” деп дәнге, “жауын-шашын көп болсын” деп бұлақ суына толтырады. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса “ақша қар”, жаңбыр жауса “нұр жауды” деп шаттанған. Төс қағыстырусыз қазақта той өткен бе?! Ұлттық киімдердегі кейіпкерлер – театр әртістері бұрынғы реніштерді ұмытып, адамдардың бір-бірімен татуласып, төс қағыстыруына жол сілтейді. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. “Ұлыс – жақсы тiлектер күнi. Араздасқандар төс қағыстырып, татуласады. Бұл күнгi қайын ата мен келiн, күйеу бала мен қайын ата арасындағы әзiл де жарасымды. Біз көрінісіміз арқылы осындай ой-пікірді көрерменге жеткізгіміз келеді”, – дейді Болат Әбдірахманов. Театр әншілері Самал Тәшімова мен Кенже Ақжолова “Ойкөк” және “Саған, халқым” әндерін орындап, мың бұралған қыздар би билейді.  

Қазақ театры ашылғаннан бері облыс орталығында өтетін басты думан Наурыз мерекесі ұлттық нақышта тойланып келеді. Сахнадан Қызыр атаны көрмесек, Алдар көсе мен Қожанасырдың әзілдерін естімесек, Ұлыстың ұлы күнінің келгені сезілмей қалатындай болып тұрады. Биыл да 22 наурызда орталық алаңға шығып, театр әртістерінің әзірлеген мерекелік көріністерін бар ынта-ықыласымызбен тамашалайтын боламыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp