«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚШ-та ДА АТАП ӨТІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білікті де білімді жастардан кадрлар даярлау үшін “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындағаны мәлім. Содан бергі уақыт ішінде мыңдаған жас өркениетті елдерде білім алып, бүгінде Отанымыздағы іргелі мекемелерде абыройлы қызмет атқарып жүр. Төрткіл дүниенің атақты оқу орындарына жолдама алған қазақстандық жастар соңғы жылдары тек қана білім алып қоймай, шетелдіктерді еліміздің ұлттық мерекелерімен таныстыруда. Соған бір мысал, шетелдерде оқып жатқан болашақтықтар өткен жылы өздері ұйытқы болып, Наурыз мейрамын өткізген болатын. Ал үстіміздегі жылы аталмыш мерекені қалай атап өтетіндіктері жайында Колорадо университетінің магистратурасында білім алып жүрген солтүстікқазақстандық студент Алтынбек Малибаевтан сұрап білдік.


  

 

– Алтынбек, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді аяқтап, бүгінде “Болашақ” бағдарламасы аясында АҚШ-та білім алып жүрген студенттердің бірісіз. Алғашқы сұрағым: шетелде еліміздің төл мерекелерінде үнсіз қалмайсыздар ма?

– Елімізден қашық жүрсек те, ұлттық-салт-дәстүрімізді ұмытпай, жылда ұлттық мейрамдарымызды атап өтуге тырысамыз. Мысалы, болашақтықтар қазіргі ұрпақ өз ата-бабаларының дәстүрін, тарихын, тілін сақтап, өз бойында үлкендерге деген құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеуі тиіс деп санайды. Сондықтан да күллі ел тойлайтын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын Америкадағы Қазақстан студенттері де ерекше атап өтті. Болашақтықтардың Наурыз мейрамына белсене қатысуы жастардың қаланың әлеуметтік өміріне белсене араласуына, Қазақстан жастарының арасында ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұрамыздың насихатталуына елеулі үлес қосты.

– Өткен жылы Наурызды қалай атап өттіңіздер?

– Америкадағы барлық болашақтықтар Наурыз мейрамын Пенсильвания штатының университетінде қарсы алды. Аталмыш оқу орнын таңдаудың өзіндік себебі бар. Пенсильвания штатының университеті – АҚШ-тың 15 үздік жоғары оқу орындарының тізіміне кіретін мемлекеттік жоғары оқу орны. Оған жыл сайын 44000 студент оқуға түседі, әрі ол жерде “Болашақ” бағдарламасы бойынша Қазақстанның көп студенттері білім алады. Сол жердегі студенттер ғимаратты жалдап, мейрамға келген барлық жұртшылыққа қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын көрсетіп, тарихын сахналап, шығармашылық концерт берді.

– Шараға жиналғандар көп болды ма?

– Бұл шараға барлығы 700-ге жуық қонақ келсе, оның ішінде АҚШ елінде оқып жатқан 15 оқу орнынан 300-ге жуық “Болашақ” стипендианттары қатысты. Сонымен қатар америкалық жастар мен оқытушылар да келіп, өткізілген іс-шараға жоғары баға берді. Сонымен қатар қонақтардың барлығы наурызкөже ұсынылған дастарқаннан дәм татты.

Шара барысында Қазақстаннан арнайы жұмыс бабымен келген “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ президенті Саясат Нұрбек қазақстандық студенттерді көктем мерекесімен құттықтап, бүгінде орталық басшылығы шетелде оқып жатқан студенттер арасындағы ауызбіршілік пен патриоттық тәрбиені дамытуға көп көңіл бөліп отырғандығын тілге тиек етті. Осы мақсат аясында “Болашақ” стипендиясының иегерлері мен басқа да студенттер арасында қазақстандық мерекелерді мәнді де маңызды етіп өткізіп тұруға қолдау көрсетілетіндігін хабарлады. Бұл жаңалық баршамыздың көңілімізден шықты. Себебі, студент болып, әрбір тиын-тебенді санап жүрген соң мерекелерді қажетті деңгейде өткізуге мүмкіндік болмай жатады. Алдағы жылдары дәл мұндай қолдаудың арқасында бұл мәселе шешіледі деп сенеміз.

– Аталмыш мереке Сіз үшін несімен ерекшеленеді?

– Шетелде білім алып жүргендіктен, әр уақытта сабағыңды дұрыс оқып, ұстаздарыңды жерге қаратпаудың амалын жасайсың. Негізгі мақсат – Америкада күні-түні қыдырып, көңіл көтеру емес, елге жоғары білімді, білікті маман болып оралу. Дегенмен, елді сағынып тұратынымыз тағы бар. Кең жолақты Интернеттің арқасында елдегі ағайындарға Skype бағдарламасымен бейнеқоңырау шалып, сағынышымызды басамыз. Сонымен қатар оқудан бір сәт демалып, мүмкіндігімізше кездесулер өткізіп, өзара жаңалықтармен алмасып тұруға тырысамыз. Мәселен, өткен жылы атап өткен Наурыз мейрамы бұл мәселе бойынша көп септігін тигізді десек, артық айтқандық болмас. Себебі, қазақ халқы үшін ежелден-ақ Наурыз мерекесі – береке-бірліктің, жаңғырған тіршіліктің, ерен еңбектің үлгісі. Белсенді студенттер көңіл көтеруден бөлек, ұлттық нақыштағы “Беташар” атты театрландырылған қойылым мен “Айтыс” өнерін, “Жігіт сұлтаны” сияқты байқаулар ұйымдастырды. Тамаша концерттік бағдарлама, ұлттық билер мен дәстүрлі әндер және ұлттық ойындардан соң қонақтар мен қатысушылар ұлттық дәмді тағамдар толған дастарқанның дәмін татты. Жеті түрлі астан жасалған наурызкөже ішіп, дән риза болысты.

– Студенттер арасында Наурыз мейрамын атап өткендеріңіз құп, ал аталмыш мерекені Америкада басқалар атап өте ме?

– Егер біз мейрамды студенттік деңгейімізде өткізсек, 2011 жылы Вашингтонда дүниежүзіне танымал АҚШ Конгресі кітапханасының ғимаратында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шара өткен болатын. “Наурыз комиссиясы” мен америкалық қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері ұйымдастырған салтанатты шараға беделді конгресшілер, АҚШ әкімшілігінің, дипломатиялық корпустың, ғылыми және іскер топтардың өкілдері, мәдениет қайраткерлері қатысты. Шараның мақсаты – Наурыз мейрамын тұрақты тойлай отырып, Ұлыстың ұлы күнінің маңызын америкалық қоғамға кеңінен таныстыру. Одан соң мереке АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінде жалғасты. АҚШ-тың беделді “Asia Society” мәдени-ағартушылық ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл шара барысында қонақтар Наурыз мейрамының тарихымен, маңызымен, Шығыстың Жаңа жылын тойлаудың салт-дәстүрлерімен таныстырылды. Менің ойымша, ондай шаралар екі елдің қарым-қатынасын жақсарта түседі.

– Ал биылғы жылы Наурыз мерекесін қалай атап өтуді жоспарлап отырсыздар?

– Биылғы жылы Наурызды Американың астанасы – Вашингтон қаласында өткізуді жоспарладық. Американың барлық штаттарындағы қазақстандық студенттер бір жерде атап өткенін жөн көрдік. Сонымен қатар Наурыз қазақ жастары көп оқитын жоғары оқу орындарында – Американың Purdue, Boston, Urbana деген университеттерінде аталып өтпекші.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Наурыз мейрамынан көрініс.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp