«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Біз наурызды осылай тойлаймыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наурыз – ежелгі дәстүр бойынша Жаңа жылдың басталуы ғана емес, сонымен бірге таңғажайып көктем мерекесі, табиғаттың қайта жаңғыруы, оянуы. Осы бір табиғат-ананың көктемнің жып-жылы шапағатымен жайнап тұрған сәтін біздің №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушылары кеңінен атап өтеді. Оның мақсаты бүкіл түркі халқының ұлы тойы – Наурыз мерекесін ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен байланыстыра насихаттап, ұрпақтардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.  

Алма БАЗАРБАЕВА,

№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің мұғалімі.

Мектебімізде 9 ұлттық бөлім (қазақ, неміс, татар, шешен, армян, поляк, украин, әзірбайжан, корей) жұмыс істейді. Балалар ана тілдерімен қатар, еліміздің мемлекеттік тілін де үйренуде. Оқушылардың атсалысуымен жыл сайын Наурыз мерекесіне арналған апталық өткізіледі. Оның аясында көктем мерекесінің қадір-қасиеті, мән-мағынасы ашылатын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Апталық соңы мектеп алаңында өтетін Ұлыстың ұлы күніне арналған той-думанға ұласады. Алаңда әр сынып өз бұрыштарын ұйымдастырып, оны ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарымен безендіреді. Сыныптар мерекелік дастарқан жайып, ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетеді. Әрине, үлкенін ардақтаған елдің кез келген мерекесі құрметті ата-әжелеріміздің қатысуынсыз өтпейтіні белгілі. Осы орайда тойымыздың көркі – ақсақалды аталар мен ақжаулықты әжелер. Мерекеге жиналған жұртшылықты ертегі, аңыздағы кейіпкерлер ұлттық фольклорды еске түсіргендей болады. Әсіресе, өз әзілімен жұртшылықты күлкіге қарық қылатын Алдар көсе көтеріңкі көңіл күйін сыйлайды.

Тойдың соңында Қыдыр ата “Наурыз мейрамы құтты болсын! Ақ мол болсын! Уайым жоқ болсын! Аспанымыз ашық болсын! Денсаулығымыз мықты болсын!” деген бата береді. Біздің мектеп Наурыз мерекесін әр жыл сайын осылай тойлайды. Әрине, балалардың таным-түсінігін кеңейту үшін жыл сайын мерекелік шараның кемкетік тұстарын толықтырып, дамытып отырамыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp