«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бұл мейрамның қалай тойланғанын қалайсыз?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күн мен түн теңелетін, табиғат ана тамылжып, қыс бойы қар құрсауында болған тіршілік оянатын, жер мен көк жаңаратын мезгіл – әз-Наурызға да келіп жеттік. Дегенмен, осы бір қадірі мен қасиеті мол ұлттық мейрамымызды өз деңгейінде атап өтіп жүрміз бе? Осыған орай облыс жастары арасында “Наурыз мерекесі қалай тойланғанын қалайсыздар?” деген сауалнама жүргізуді ұйғардық.  

Назым МАЛИБАЕВА,

“Назарбаев орталығы” ММ-інің

аға ғылыми қызметкері.

– Қазақша жыл қайыру бойынша – 21 наурыз күні табиғат жаңарып, тіршілік оянады, көктемнің алғашқы найзағайы ойнап, көк шығады деп саналған. Наурыз діни емес мереке болғандықтан, ол сол жерді мекендеген барша халықтың думанына айналып отыр. Бүгін Наурыз мейрамы – қазақтың да, украин, орыс, неміс және қазақ елін мекен еткен басқа да 130 ұлттың ортақ мерекесі.

 

Бұл күні ата-бабамыздың озық дәстүрін жалғастыру мақсатында акциялар, қайырымдылық шаралар өткізіледі. Жер-жерлердегі әкімшіліктер тұрғындарға шама-шарқынша мерекелік бағдарламалар әзірлейді. Құрылған сахналардың бірінде шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп жатса, бірінде спорттық ойындардан жарыстар өтіп жатады. Бірінен-бірі өткен киіз үйлер тігіліп, наурызкөже таратылады. Ұлттық киім киген ұл-қыздар алтыбақан теуіп, мәз болады. Жергілікті мейрамханалар мен наубайханалар өнімдерінің саудасы ұйымдастырылады.

Яғни, мереке барша қазақстандықтарға қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлауда. Қазақстандықтар күнделікті үй шаруасын, уайым-қайғысын бір шетке ысырып, көңіл көтереді. Ағайын-туыстарымен жүздесіп, бір дастарқан басында жиналады. Тек бір ұсыныс – Наурызды бір күнде орталық алаңда ғана тойлап қана қоймай, қалған екі күнде де мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылса, игі болар еді.

Дана ӘДІЛШИНА,

СҚО мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы.

– Тоқсаныншы жылдардан бастап ел болып тойлай бастаған Наурыз мерекесі алғашқы кездері жақсы атап өтілді. Сүрініп-жығылып, үйде ешкім қалмай, бәрі далаға шығатын. Бүгінде бұл үрдіс бірте-бірте бәсеңси бастады. Өйткені, ол тек киіз үй тігіп, шапан киіп, көже ішіп, тарқасатын мерекеге айналған. Мерекені әшейін бір науқанға айналдырып жібергенге ұқсаймыз. Сонымен бірге мереке біркүндік думанмен аяқталмауы тиіс.

Наурызды тойлауға үш күн демалыс берілгені ойға қонымды. Тек аталмыш мерекеде үлкен-кіші болсын наурызкөжеден бұрын арақпен ауызданып жүргендерін көріп жүрміз. Ұлттық мерекеде “шайтан суды” бір сәт ұмытып, саламатты өмір салтына бір қадам жақындай түскен дұрыс. Дастарқанға денсаулыққа пайдалы нәрселерді толтырып, ішімдік, т.б. харам нәрселерді жолатпасақ деймін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасасақ, арайлап жеткен әз-Наурыз мейрамында ақ мол болып, Жаңа жылымыз ырысты болсын! Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, бейбітшілік пен келісімнің арқауы болған Ұлыстың ұлы күні отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін!

Бекмұрат АЙТЖАНОВ,

қала тұрғыны.

– Жыл сайын ел болып тойлайтын Наурыз мерекесі – біз үшін қалыптасып қалған көңілді мерекелердің бірі. Балалар түгіл, үлкен адамдардың өздері қуанышпен қарсы алады. Бұл күні мұсылмандармен қатар, басқа ұлт өкілдері де етін асып, қазанын қайнатып, көппен бірге ұлық мерекемізге атсалысып жатады. Сондықтан Наурыз – ұлттық мейрам. Мейрам барысында отбасымызда түгел жиналу әдетке айналған. Бұл жыл бойы отбасымыздың басы бүтін болсын деген тілектен туса керек. Менің ойымша, мерекенің жалпыхалықтық сипаты барын ескеріп, жұрттың бәріне бірдей, тіпті, ұлты мен тегіне қарамастан, жарқын өмірдің үлгісіне айналатындай жаңашылдық, ортақ шаралар мен істер қажет-ақ. Енді Наурызды жарқылдата мейрамдауға кедергі боларлық жайттарға тоқталсақ.

Наурызды о баста көшеге шерулетіп шығару көрінісі көпті қызықтырғанымен, оған көпшілік аз қатысады. Содан кейін әрбір мекемені міндеттеп жүріп, киіз үй тігуді шығардық та, наурызкөже пісіруді қолға алдық, сол маңда сахна жасақталып, жұрттың санаулы өнерпаздардың өнерін қызықтаумен шектеле бастадық. Алайда, тігілген киіз үйлеріміз санаулы адамдардың рахаты мен ішіп-жеу ордасына айналып тынды. Отауларды тігу мен көшеде көже пісірудің де ешкімге рахат сыйламайтынына көзіміз жетуде. Мерекені ұйымдастырудың басқа ешбір нұсқасы ұсынылмағандықтан, ұлттық мерекеміз болып табылатын Наурыз мейрамы тартымсыз күйге ұшырауда. Бар болғаны аудандық, қалалық деңгейлердегі мәдениет бөлімдеріне бөлінген азын-аулақ қаржыға ірілі-ұсақты өнерпаздарды көшеге шығарумен шектелу орын алды. Ал жаппай жұртты, ұжымдарды, отбасыларды өз алдына мерекелеуге тартатындай дәстүр мен атрибуттар қалыптаспаған.

Тағы бір атап өтетін жайт, басында жаңажылдық сипаты бар Наурыз бүгінде күн мен түннің теңелу сәтін, көктемнің келуін атап өтуімен ғана шектелуде. Өйткені, 31 қаңтар – Жаңа жыл мерекесіне бір ай бұрын дайындалып, кең көлемде атап өтіліп, теледидардан неше түрлі ән кештері мен жаңажылдық қойылымдар көрсетіліп жатады. Ал Наурыз болса оның көлеңкесінен шыға алмауда. Қысқасы, Наурыз мерекесі шаралар тұрғысынан ғана емес, мазмұндық жағынан да төмендеу деуге тура келеді. Сондықтан да Наурызға араша боларлық іргелі ізденістер мен шаралар керек. Ең бастысы, шектеулі топтың сахналаған көрінісін қызықтаумен емес, жұртшылық болып отбасымызда мейрамдайтын мерекелік дәстүрге айналуы қажет.

Гүлсана ТӨЛЕБАЙҚЫЗЫ,

М. Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің 4-курс студенті.

– Атам қазақ ежелден Наурыз мейрамын Жаңа жыл ретінде тойлап келген. Қыстан қысылып шыққан, мал жайлайтын қазақ халқы көктемнің шуақты күніне жеткеніне қуанып, соғымнан қалған сүр етін асып, наурызкөжесін пісіріп, үйіндегі бар жақсы киімін киіп, осы күнді үлкен мереке қылып тойлайтын болған. Бұл діни мереке емес. Халықтық дәстүрлі мейрам. Сондықтан аталмыш мерекені тойлауға үш күн берілуін Қазақстан халқы қуана қабылдады деп есептеймін.

Дегенмен, Наурызды тойлау бағытында бізде біршама жетіспеушілік бар. Үш күндік мерекені тойлаудың арнайы тұжырымдамасы керек сияқты. Ұлтына, дініне қарамай, Жаңа жыл ретінде тойлаудың жөн-жосығын әлі де ойластыру қажет. Бүгінде жұртшылық арасында берілген үш күнді әдеттегі демалыс күні секілді қабылдау басым. Немесе Наурызды қарсы алу осы деп көшеге санаулы киіз үй тігеміз. Концерт беріліп, ойын-сауық өткізіледі. Бірақ Наурыздың белгілі бір жүйесін ойлап тауып, бүгінгі заман талабына сай кейбір элементтерді қоса отырып, кәрінің де, жастың да талабын қанағаттандыратындай ортақ пікірге келу керек. Үш күн бойы кезең-кезеңмен тойлайтындай етіп, нарық заманын да ескере отырып, қаражатты шашпай-төкпей, жөнсіз шығынды шығармай, өскелең ұрпаққа тағылым-тәрбие беретіндей, ұлттық құндылықтарымызды әспеттейтін мереке түрінде аталып өтетін болса, ғажап болар еді. Тек қана ішіп-жеумен, арзан көңіл көтерумен шектелмегеніміз жөн.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp