«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДЕРТТІ БАСҚАРУ” ЖОБАСЫ науқастарға демеу болады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Науқастың медициналық сауаттылығын арттыруды көздейтін қанатқақты жоба республика бойынша алғашқы болып Павлодарда және біздің өңірде жүзеге аспақ. Бұл жайында №3 қалалық емханада Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Күлкаева өткізген семинарда белгілі болды.  

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Денсаулық сақтау министрлігі қолға алған бағдарлама “Дертті басқару” деп аталады. Медициналық қызметтің сапасын арттыруды көздейтін аталмыш жоба жұқпайтын аурулардан болған өлім-жітімнің санын азайтуға бағытталған. Ол дерттерге қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және қан қысымы жатады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтарында іске асатын жобаға облыс орталығында орналасқан үш емхана қатыспақ. Тың жобаның ерекшелігі – оған науқастардың өздері тікелей қатысатын болады.

 

– Созылмалы аурулардан болған өлім-жітім санының азаюы науқастардың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бұл жоба науқастарға өз денсаулықтарын күтудің тетіктерін үйретіп қана қоймай, жауапкершіліктерін арттыруға негізделеді, – дейді.

Сәуір айында біртіндеп жүзеге асыралатын жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен қалалық емханалар жоғарыда аты аталған созылмалы дерттердің қайсысымен жұмыс істейтіндігін анықтайды. Жобаға диспансерлік есепте тұрған науқастар қатысады. Оған жауапты ақ халаттылар да таңдап алынған. Жобаны негізінен медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлер жүзеге асырмақ. Бірақ бұл дәрігерлер қол қусырып отырады деген сөз емес. Олардың да атқаратын өз міндеттері бар. Жоба аясында диспансерлік есепте тұрған науқастар тегін дәрі-дәрмекпен, медициналық қызметкерлермен тікелей байланысып тұруы үшін ұялы байланыс желісімен де қамтамасыз етілетін көрінеді. Ақ халаттылар да қосымша жалақы алмақ.

Бұл жобаның нәтижесінде науқастардың өзіне-өзі көмек көрсету деңгейі артып, созылмалы аурулардың асқынуы мен қайталануы төмендейді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде ауруханада жатып емделушілер мен жедел медициналық көмекке жүгінетіндердің санын азайтады. Бағдарлама өңірімізде өз жемісін беретін болса, еліміздің өзге облыстарындағы емханалар да осы жобаға жүгінетін болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp