Бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың XIII сессиясы өтіп, онда 2013-2015 жылдарға арналған облыс бюджеті талқыланды. Бұдан басқа жиырма мәселе қаралды. Оған өңір басшысы Самат Ескендіров, Петропавл қаласының және аудандардың әкімдері, барлық деңгейдегі мәслихаттардың хатшылары, ведомстволардың басшылары қатысты.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кәсіптік білім мен кадрларды кәсіптік даярлау жағдайы туралы облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов баяндама жасады. Бұл саланың жұмыс күшін қажетсінетін кәсіпорындар мен ұйымдар сұранысына талдау жасалды. Былтырғы жылы 14 мың бос орынға өтініш түскен екен. Соның нәтижесінде 12 мыңға жуық адам жұмысқа тұрған. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау және білім беру мамандарына жоғары сұраныс сақталған. Газэлектрдәнекерлеуші, слесарь, токарь және тағы басқа жұмыс күшіне қажеттілік басым.
Бүгінде облыстағы 32 кәсіптік-техникалық оқу орнында 16200 оқушы білім алуда. Облысымыз астықты өлке болғандықтан, агрономия, ветеринария мамандықтары бойынша оқытудың жаңа үлгілері енгізілген.
Депутат Сергей Тимофеев кәсіптік-техникалық білім беруде тәжірибе мен осызаманғы құрал-жабдықтардың аздығын алға тартты. Оның айтуынша, жастар осы бағытта оқып жүріп, тәжірибелерін шыңдай түсуі тиіс. “Егер колледждерде арнайы қондырғылар болмаса, онда кәсіпорындармен байланысты нығайтып, өндірістік тәжірибенің мерзімін ұзартуымыз қажет”, – деп ой тастады. Депутат Елена Коноплёва бұл мәселені шешу үшін электронды оқыту жүйесін толығымен енгізу қажеттілігіне тоқталды. Қазір облыстың тек 9 колледжінде осы бағытта білім беріледі, кәсіптік-техникалық мамандықты таңдаған жастар компьютердің және интерактивті тақтаның көмегімен шығармашылық қабілетін шыңдап, оқу орны қабырғасында жүріп-ақ тәжірибе жинақтайды екен. Сондай-ақ сессия отырысы барысында колледждер оқушыларының тегін тамақтануы, жатақханамен қамтамасыз етілу мәселелері көтерілді.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанапов 2013-2015 жылдарға арналған облыс бюджетіне енгізілген өзгерістермен таныстырды. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің бастамасымен биыл облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен барынша қаржы бөлу ұйғарылғаны мәлім. Оның көлемі өңіріміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихында тұңғыш рет 5 миллиардтан асып түспекші. Сондай-ақ облыс орталығында және Тайынша ауданында бой көтеретін 6 тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға өңірлік бюджеттен 374 млн. теңге қаржы жұмсалатын болады. Облыс орталығындағы бөліп тарату қосалқы станциясы республикалық бюджет есебінен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы негізінде тұрғызылуда. Оның аяқталуына облыс бюджетінен 22 млн. теңге бөлінбек. Өңір басшысы Самат Ескендіров депутаттар алдында сөйлеген сөзінде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындары 212 млрд. теңгенің өнімін шығарған, өнім өндірудің өсу деңгейі – 101 пайызды, қайта өңдеу өнеркәсібінде 103,8 пайызды құрады. Өңіріміздің басты көрсеткіші – ауыл шаруашылығының жалпы өнімін өндіру көлемі 8,7 млрд. теңгеге артып, 5,5 пайыз өсімді көрсеткен. Шағын және орта бизнес өнімінің көлемі де ұлғайды, 36,2 млрд. теңгеге жеткен.
Самат Сапарбекұлы биылғы бюджет жоспарында орташа айлық еңбекақы көлемін арттыруға басымдық берілетіндігін мәлімдеді. Өйткені, бұл көрсеткіш бойынша облысымыз артта қалып отыр. Экономиканың нақты секторындағы орташа айлық еңбекақы деңгейін 80 мың теңгеге дейін арттыруымыз керек, деді облыс әкімі. Өңір басшысы еңбекақыны көтеруден облыс бюджетіне қосымша түсімнің көлемін 1,7 млрд. теңге деп болжады. “Бюджетке түсірілетін қосымша кіріс есебінен біз облыс аумағындағы автожолдардың ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз”, – деді ол. Расында да, тозығы жеткен жолдарды жөндеуге биыл бұрын-соңды болмаған қомақты қаржы – 2,4 млрд. 547 млн. теңге қарастырылып, республикалық бюджеттен бөлінетін соманың мөлшерімен теңестірілді. Сөйтіп, жол жөндеуге жұмсалатын қаржының көлемі биыл үш есеге артып, 5 млрд. 95 миллион теңгені құрады. 2012 жылы бұл бағытта бөлінген соманың жалпы көлемі небәрі 2 млрд. 900 млн. теңге болған. Сөйтіп, үстіміздегі жылы Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалово бағытындағы жолдарды қалпына келтіру қолға алынады. Бұған қоса, Арықбалық-Саумалкөл, Антоновка-Лавровка-Горное-Покровка-Петропавл, Пресновка-Благовещенка-Қайранкөл, Тимирязево-Ақсуат-Мичурино және тағы басқа бағыттағы автожолдар жөнделетін болады. Облыс әкімінің айтуынша, жергілікті жолдарды жөндеумен барлық аудандар қамтылмақ.
Самат Ескендіров әкімдердің тұрғындар алдындағы есепті кездесулерінде айтылған өтініштілек-тердің көбі осы жол мәселесіне байланысты болуы себепті аталмыш проблеманы шешу – кезек күттірмейтін мәселе деп қадай айтты.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.