«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕПТЕРДЕГІ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ: кеше және бүгін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Шаһарымыздағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат қазақ мектептерінің ішінде ертеден келе жатқан білім ошағы болғандықтан, алдымен осы мекемеге бас сұқтым. Ондағы ойым ордалы білім ошағы Ұлыстың ұлы күнін алғашқы жылдары қалай қарсы алғанын, қазір сол кездегі бағдарламада өзгерістер бар-жоғын білу болатын.

Гимназияның физика пәнінің мұғалімі Бекет Мұстафин білім ошағында өткен ғасырдың 80-жылдарының соңынан бері қызмет етіп келе жатқан ұстаз екен. Ол бірден Наурыз мейрамын алғашқы кезде өздерінің қалай тойлай бастағанын еске алды.

– Ол кезде Наурыз мейрамының не екенін өзіміз де білмейтін едік. Біз кеңес өкіметі кезінде туған жандармыз ғой. Мереке туралы сол кездегі көнекөз қарттардан сұрастырып білдік. Бірақ ол кезде де ежелгі Наурыздың қалай тойланатынын тап басып айтатын жан болмады. Алғашқы жылдары ұмыт болып кеткен қазақтың салт-дәстүрлерін жандандырып, жастар көрсін-білсін деген ниетпен соларды насихаттадық. Киіз үй жабдықтары, ұлттық киімдер, күбі, оны баптау, қымыз дайындау амалдары, ежелгі ыдыс-аяқтар, олардың атаулары, т.с.с. таныстыру, балаларға ұғындыру ол кезде керек болды. Олар балалар тұрмақ өзімізге қызықты еді, – деді Бекет Мұстафин.

 

Сол кезде киіз үй құру білетін адамның өзі қат болған. Бекет Мұстафиннің айтуынша, киіз үйді құрудың әдісі бар, дұрыс құрмасаң, құлап қалады. Ол үшін математикалық есеп керек. Бұл – ерте кездің өзінде ата-бабаларымыз математиканы білгендігінің дәлелі. Сонымен қатар, ата-бабаларымыздың астрономияны жақсы білгендігіне Наурыз мейрамының күн мен түннің теңесетін күнімен дәл келуі арқылы көз жеткізуге болады. Ұстаздың ендігі ойы – жас ұрпақты ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрді сақтай отырып, оларға қазіргі инновацияны енгізу жолдарын қарастыруға үйрету.

Гимназия-интернаттың бүгінгі басшысы Күлжан Төкенованың сөзіне сүйенсек, Наурызды тойлай бастаған алғашқы жылдарда “Бесікке салу”, “Тұсау кесу”, “Қыз ұзату”, тағы басқа дәстүрлердің бәрін бірінші өздері зерттеп, сосын оны балаларға көрсеткен. Кезінде оларды насихаттау керек болды. Енді оны қайталай берудің қажеті жоқ. Қазір оқулықтар да бұрынғыдай орысша емес, ұлттық тұрғыда шығарылады. Сондықтан, оның барлығы ересектерді былай қойғанда, бастауыш сыныптардың бағдарламасына да енгізілген. Күн мен түннің теңелуі, жаңару, жаңғыру бәрі – өткен шақ, қазіргі балалар бәрін біледі.

– Наурызды біз жаңаша үлгіде тойламақпыз. Мәжіліс залында бейнепроектор тұр. Сол арқылы егемендігімізбен бірге келген ұлы күнге еліміз, облысымыз қандай жетістіктермен жеткенін көрсетеміз. Басқа түркі елдерінде мереке қалай аталып өтетіні жайында мәліметтер беріледі. Тәрбиешілер төс қағысу, кешірімділік, татулық туралы айтып, осы бағытта өздері жұмыс жүргізіп жатыр. Жетістіктері бар мұғалімдер мен оқушылар марапатталады. Қазір біздің балалар Жаңа жылды заманауи түрде қарсы алуға концерттік нөмірлерін дайындауда. Оған мектептің домбыра оркестрі, хоры атсалысады. Айтысқа дайындалып жатқан оқушыларымыз да бар. Оларға тақырыбын алдын ала беріп қойдық. Ал наурыздың 20-сы күні наурызкөже міндетті түрде дайындалып, барлығымыз дәм татамыз. Ұлттық күрес, тоғызқұмалақ, шахмат, волейбол сияқты спорттық шаралар ұйымдастырылады, – деді Күлжан Жұмашқызы.

Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық “ЛОРД” мектеп-лицейінің қазақ тілі мұғалімі Рахат Әзімбаеваның айтуынша, бұл білім ошағында “Қыз сыны”, “Жігіт сұлтаны” сайыстары кезектестіріліп өткізіледі. Қатысушылар өзін-өзі таныстырады, тек қазақ тілінде түрлі сала бойынша білім сайысына түседі, өздерінің таланттарын көрсетеді, сахналық көрініс қояды, қолөнеріне байланысты өнер көрсетеді. Сонымен қатар Наурыз мейрамына орай мектеп-лицейде апталық өткізіліп жатыр. Онда стендтер ресімделіп, бірінші күні Наурыз тойы және қазақтың салт-дәстүрлері туралы сынып сағаттары өткізіліп, теледидардан соған байланысты материалдар көрсетеді. Апталықтың әр күні қазақстандық суретшілер, қазақтың ән-би өнері мен мәдениет қайраткерлері, фильмдері, қазақ дастарқаны насихатталады.

Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушылары түрлі ұлт өкілдеріне бөлініп, сол ұлттардың дәстүрлерін, тағамдарын, ұлттық ойындары мен киімдерін насихаттамақ болса, Айыртау ауданындағы Лавровка орта мектебінде оқушылармен бірге ата-аналар да мерекелік шараға жұмылдырылады.

– Наурызды оқушылар мен олардың ата-аналары бірлесіп қарсы алмақшы. Олар ауыл-ауылға бөлініп, өздеріне “Шоқан ауылы”, “Ақан сері ауылы”, “Үкілі Ыбырай ауылы”, “Махамбет ауылы” деген атаулар алған. Сол ауылдар арасында түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Олар білім, өнер, күш сынасу, ептілік, шапшаңдық, ұлттық тағамдар сайыстарын өз атауларымен байланыстыра отырып қорғайды. Онда әр ауыл қатысушыларының киімдеріне де назар аударамыз. Осындай шаралар ұйымдастыру арқылы оқушы-отбасы-мектеп арасында берік ынтымақтастық орнатамыз, – дейді Лавровка орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Құсайынова.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp