С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Наурыз мейрамына арналған “Нұр себеле, ұлыстың Ұлы күні!” атты әдеби кеш өтті.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі шараны өткізудегі басты мақсат оқырмандарды төл мерекеміздің тарихымен және қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстыру болатын. Сол себепті ата-әжелер, студенттер, мектеп оқушылары мен мұғалімдер бұл күні өздеріне рухани нәр алып қайтты.
Қазақ халқы әрқашан да қуанышты жағдайларға байланысты шашу шашқандықтан, әдеби кеш Көкен Қалиева апаның кәмпит шашуымен басталды.
Еңбек ардагері Қуаныш Беркімбаев жиналғандарға Наурыз мейрамының тарихы туралы баяндап берді. Танымдық кештің көркемдік тұсы да мол болды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 3-курс студенті Айтолқын Мінайдарова осы тақырыпта өлеңдер оқыды. Өнер колледжінің дарынды студенті Бибіжамал Ырысмамбет домбырамен дәстүрлі әндер шырқады.
Өткенді бір тірілтіп, өшкенді жаңғырту үшін шараға шақыртылған Күлбарам Мұқажанова апа аластау рәсімін көрсетсе, Қымбат Есмұқанқызы бесікке бөлеу салтымен таныстырды.
Жиналғандар кеш соңында “Ұлы мереке – Наурыз” тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады.