«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ОРТАҚ МЕЙРАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізбен Каспий теңізі арқылы шектесетін Әзірбайжаннан өңірімізге қоныс аударған кәсіби суретші Али Гусейновпен облыстық бейнелеу өнері мұражайында Ұлыстың ұлы күніне арналған көрменің ашылу салтанатында кездесудің сәті түсті. Суретші көрмеге қойылған қазақи ұлттық бояуларға қанық суреттерге ерекше тоқталды. Оған, әсіресе, салт-дәстүр, қазақ халқының ұлттық дүниетанымы көрініс тапқан “Наурыз” картинасы ұнағаны байқалды.  

– Наурыз – күллі түркі халықтарының ортақ мерекесі. Бірақ әр халық оны әртүрлі тойлайтыны мына суреттен-ақ көрініп тұр, – дейді ол. Сөздің орайы келген соң Әзірбайжан елінде күн мен түннің теңелуін білдіретін мейрамның қалай тойланатындығы жайында сұрақ қойдым.

 

– Әзірбайжанда Қазақстандағыдай бұл мейрамды бар сән-салтанатымен тойлайды. Халық бұл күнді асыға күтеді. Әр елдің табиғи-географиялық орналасуына қарай қалыптасқан өз салт-дәстүрі мен мәдениеті бар. Тарихи Отанымда өзге елдердегідей Наурызды өз салтына сай қарсы алады.

– Бұл мереке Сіздерде де Наурыз мейрамы деп атала ма?

– Әзірбайжан тілінде “Наурыз байрамы” деп аталса да, мағынасы бір. Қазақстандағыдай бұл мереке мемлекеттік мейрам болып күнтізбеге енгізілген. 22 наурызда тойланады.

– Десе де, қандай да бір ерекшеліктері бар шығар?

– Әрине. Мәселен, 22-сі күні ауыл халқы жиналып, ортаға ағаштарды тіктеп қойып, алау жағады. Сосын ауыл жігіттері бірінен соң бірі кезектесіп, лаулаған оттан секіреді. Осылайша өткен жылы болған бар кесапат пен жамандықтың кетуін тілейді. Себебі, наурыз тек қана ұлттық мейрам емес, ол – Жаңа жылдың басталуының белгісі. Үй-үйде мерекелік дастарқан жайылып, ренжіскендер бір-бірімен төс қағысып, бітісуі тиіс. Егер де ренжіскендер араларында болған кикіл-жіңдерді ұмытып, достасып жатса, келер жылы молшылық пен татулық болады дегенді білдіреді.

– Қазақ халқында Наурыз мейрамы мен наурызкөже егіз ұғымдай бірге жүреді. Наурызсыз наурызкөже болмайды, көжесіз наурыз болмайды. Әзірбайжандықтардағы наурыз мейрамының белгісі қандай?

– Наурыз мерекесінде ұсынылатын ұлттық тағам – наурызкөженің дәмін татқаным бар. Өте дәмді. Біздің халықта да наурызда дастарқанға қоятын ұлттық тағамдар жетерлік. Бірақ тағамнан бұрын наурыздың нышаны ретінде жаңадан өскен бидайдың өскіндері қойылады. Бидайдың өскіндері көгеріп, мереке қарсаңында өсіп шығуы үшін әр отбасы бидайдың тұқымын бір ай бұрын суға салып қояды. Осылайша мерекеге дайындық бір ай бұрын басталып кетеді. Өсіп шыққан өскіндерді қызыл лентамен байлап, табақтың ортасына қояды. Жағалай бірлік пен берекені білдіретін 7 түрлі ұлттық тағам қойылады. Жылына бір рет осы мейрамға орай пісірілетін шекер бура немесе пахлава деп аталатын тәтті ұсынылады. Әртүрлі жаңғақтар мен пісірілген балық, бозбаш деп аталатын тағам пісіріледі. Айран және өте тәтті қою шай дастарқан басында міндетті түрде болуы керек деп есептеледі. Бұл да жаңа жылдың тәтті шайдай болуын, айрандай ақ болуын білдіретін ырымдар.

– Өміріңізде есте қалған Наурыз мейрамы жайында айта өтсеңіз.

– Жарты ғасыр өмір сүрген мен үшін есте қалған наурыз мейрамы – балалық шағымда ата-анаммен өткізген мерекем. Кеңес өкіметі кезінде бұл мейрамды тойлауға тыйым салынса да, біздің елдің әр түкпіріндегі халық өзінше атап өтетіндігі менің есімде сақталыпты. Мен Барда деген ауданның тумасымын. Ауылда туып-өстім. Отбасымызда 7 ұл, 3 қыз болды. Ауылдастарымыз біздің отбасымыздағы балалардың көптігіне қарап, бізді футбол командасы деп те атайтын (күлді). Наурыздың 21-і күні анам асүйде иісі әлі күнге дейін есімде сақталған ұлттық тағамдарды пісіре бастайтын. Әкем мен аға-інілеріміз бірлесіп алауды жағуға дайындықтарымызды бастайтынбыз. Түс ауа ауылдың барлық кішкентай балалары жиналып, үй-үйдің есігін қағып: “Наурыз құт-береке әкелсін! Жаңа жыл отбасыңызға шаттық әкелсін!” деп әндетіп, тілек айтып жүретінбіз. Үй иелері бізді көріп, тәттілер мен ақшадан ұстататын. Ойын балалары, біз, неғұрлым жұмыртқа көп жинасақ, соғұрлым Жаңа жыл отбасымызға бақыт әкеледі дегенге сенетінбіз. Және әр үйден ақша мен тәттілерге қарағанда, жұмыртқаны көптеп жинауға тырысатынбыз. Сосын 21-інен 22-сіне қараған түні, әсіресе, бойжеткен қыздар мен бозбалалар көрші үйді тасалап, бірінші айтылған сөзге құлақ түретін. Қандай сөз естісе, сол сөз Жаңа жылда ойлаған армандары мен мақсаттарына қол жеткізуіне септеседі деп санайды. Бұл дәстүр әлі күнге дейін сақталған.

– Облыс орталығында тұрып келе жатқаныңызға 6 жылдан асыпты. Біздің елде тойланатын Наурыз мейрамы Сізге ұнай ма? Ұнаса, несімен?

– Осы уақыт ішінде қазақ халқының мәдениетін, өнерін, әдебиетін, тарихын, салт-дәстүрін етене тануыма мүмкіндік болды. Әсіресе, халықтың байырғы тұрмыс-тіршілігін Наурыз мейрамында көзіммен көріп, қолыммен ұстауыма мүмкіндік туды. Өз басым жыл сайын Наурыз мейрамында орталық алаңға шығып, мерекені халықпен бірге тойлап келемін. Мағжан Жұмабаев көшесіне қазқатар тігілетін киіз үйлерге кіріп, оның құрылысын, ішіндегі кілемдер мен жиһаздардың жасалу үлгісін тамашалау ұнайды. Кереге, уық, шаңырақ және өзге бөліктерден тұратын киіз үй – сәулет өнерінің таптырмас үлгісі. Ал тігілген киіз үйлерде жайылған дастарқандағы тағамдарды айтсаңызшы! Бауырсақ пен наурызкөженің дәмі тіл үйіреді. Спорттық ойындарды, концерттік бағдарламаларды тамашалаймын.

– Наурыз мейрамында оқырмандарға тілер тілегіңіз қандай?

– Жаңару мен жасару күні елге бақ-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, еліміз көркейе берсін деп тілегім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp