Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақ ұлттық аспабы – қобызды өмірінің серігі етіп таңдаған талай жан бар. Бірақ өзге ұлт өкілдері арасында қобыздың тілін меңгерген өнерлі жан санаулы. Бабек Илдырымлы – солардың бірі.
Оны алғаш рет қалалық Мәдениет үйінде “Назқоңыр” қобызшылар ансамблінің кезекті концертінде жолықтырдым. Өзге ұлттың өкілі болса да, қазақ тілінде жетік сөйлейтін Бабек Илдырымлының қолына ұстаған қобызы қызығушылық тудырмай қоймады. Әсіресе, қарапайымдылығы, үлкенге деген ізеттілігі мен кішіге көрсеткен сыпайылығы жас жігітке деген сыйластық сезімін тудырды.
Тәттімбет пен Құрманғазының күйлерін нақышына келтіріп орындаған одан қазақ ұлттық музыкасына, көне аспапқа деген қызығушылығының себебін сұрамай кете алмадым.
– Қобыздың атасы – Қорқыт атаның иісі түркінің пірі, атасы саналатыны жалған емес. Қорқыттың қобызы – түркітілдес халықтарда бұрыннан келе жатқан көне аспап. Қобызға ұқсас Әзірбайжан халқында да аспап бар. Кіндік қаным тамған туған жерім Қазақстан болғандықтан, мәдениеті де, өнері де маған жат емес. Бала кезімнен өнерге бір табан жақын болғандықтан, музыканы өміріме серік етіп таңдадым. Прима-қобызды таңдағанымның себебі мынада жатыр. Бұл аспап қыл қобызға қарағанда, әртүрлі халықтардың төл музыкасына икемді келеді. Мұнымен Құрманғазының күйін қалай ойнасаңыз, Моцарттың концерттерін де солай орындай бересіз, – дейді ол.
7 жасынан өнер колледжінің табалдырығын аттаған Бабек Илдырымлы Назгүл Маштақованың сыныбында оқыған. Өңкей қыздардың ортасында тәлім алған ол қатарластарынан озық тұрған, дейді оның алғашқы ұстазы. Жерлесіміз өнер колледжін тамамдаған соң қобыз сыныбы бойынша Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға түскен алғашқы студенттердің бірі болады. Қазіргі таңда жоғары оқу орнының 3-курсында білім алуда.
Музыканы жанына жақын тартқан қобызшы болашақта өнер арқылы елі мен жерін танытуды көздейді. Ол үшін алғашқы қадам да жасалды. Осыдан бірер жыл бұрын Испанияның Барселона қаласында өткен халықаралық байқауға қатысқаны бар. Онда ол әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған көрермендерді ұлттық музыкадан сусындата алды. Одан бұрын республикалық студенттер олимпиадасында лауреат атанып үлгеріпті. Ендігі арманы – орындаушылық шеберлігі жер-жерге тараған музыкант атану. Өңірімізден шыққан жас талантқа игі тілектерінің орындалуын тіледік.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.