«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлыстың ұлы күнін Құсни әженің отбасында қарсы алдық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Самарқанның көк тасы жібіген күн” деген сөз санада жатталып қалғалы қай заман?! Бұл құдіретті құбылыстың рас-өтірігін ажырату қиын. Бір білеріміз, Наурыз мерекесі ет пен сүйектен жаралған адамзатты жақсылыққа шақырады. Осы орайда жақсылықтың барлығы отбасынан басталады ғой деген оймен Наурыз мерекесін сүттей ұйыған Кеңпейіловтер отбасында қарсы алуды жөн көрдік.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қызылжар ауданының Озерный ауылында тұратын аталмыш отбасыға қонаққа келген бізге “Төрлетіңіздер!” деген шаңырақтың үлкен келіні Сәбира Сәдуақасқызы “Апалап” қайын енесін шақыра кетті. Асыр салып ойнап жүрген бұл үйдің немере-жиендері бейтаныс адамдарды көріп, сәл тосылып қалғанымен, шешініп жатқан біздің сыртқы киімдерімізді ілмек болып, қолдарын созды. Киімілгішке бойлары жетпейтін бүлдіршіндердің бұл құрметіне алғысымызды білдіріп, төрге өттік. “Айналайындар, амансыңдар ма?” деген Кеңпейіловтер әулетінің үлкені, анасы – Құсни әже ортамызға келіп, байырғы әдетпен мал-жанның амандығын сұрады.

 

– Қалқам, 18 наурызда 91-ге толдым. Үлкен ұлым Жұмабек пен келінім Сәбираның қолын-дамын. Ал жалпы екі ұлым, 6 қызым бар. Барлығы үйлі-баранды. Бүгінде 7 немере, 18 жиен және 28 шөбере-жиеншар сүйіп отырмын, – деген Құсни әже жас кезінде Шығыстың Жаңа жылы атанған Наурыз мерекесінің бар екендігін де білмегендігін айтады. Үлкендердің аузынан сондай мерекенің бар екендігін естімеген оның 40 жыл білім саласында қызмет еткен жұбайы Қапездің де ол жайлы айтқаны есінде жоқ. Өткеннен күшпен қол үздірген заман сондай еді. Желеу – “Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар” деген коммунистік түсінік болатын.

Ал қарт ананың жасы 60-тан асқан үлкен ұлы Жұмабек Қапезұлы – 1988 жылы ауыл ішінде Наурыз мейрамының аталып өтілуіне атсалысқандардың бірі. Сол кездегі Қарағандыдағы жоғары оқу орнында физика-математика мамандығы бойынша білім алған ол сол кезге дейін наурыз айында Халықаралық әйелдер мерекесі ғана тойланады деп келген екен.

– Біз мектеп қабырғасында жүргенде де, студент атанған кезімізде де Наурыз мерекесі бар екенін мүлдем білген жоқпыз. Атап өтілмегендіктен, ешкім айтпайтын да. Ал Қазақстанда Наурыз мейрамы ресми түрде 1988 жылы тойланған кезде, қалай атап өтерімізді білмей абдырап қалғанымыз рас. Ол кезде мен Жамбыл ауданындағы мектептердің бірінде мұғалім болып еңбек етіп жүрген кезім. Ел ішінен сұрастырып, Наурыз тойында Қыдыр ата бата береді, ол ақтың мол болуын тілейді екен деген алғашқы түсінікті қалыптастырдық. Осылай Наурыз тойын елден естіп-білгеніміз бойынша атап өттік. Алғашқы жылдары өзге ұлт өкілдері Наурыз мейрамын қысты шығарып салу деп түсініп, шанаға үш атты парлап жегіп шыққан кездер де болған, – дейді Жұмабек Қапезұлы.

Бүгінде Озерный орта мектебінің директоры қызметін атқарып жүрген Жұмабек Кеңпейілов білім ордасында Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтілетіндігін жеткізді.

Құсни әжеміздің немерелері Гүлнұр мен Елдос болса, олар – Наурыз мерекесінің жаңғыруын өз көзімен көрген буын. Бұл кезеңдегі бүлдіршіндер Наурыз мерекесінде демалыс береді деп қуанған ұрпаққа жатады. Себебі, 1991 жылы Елбасының Жарлығымен Наурыз мейрамы Қазақстан Республикасының ресми мемлекеттік мерекесі мәртебесіне ие болған еді. Қазір бұл қылықтарын “Балалық қой” деп түсіндіретін олардың кейбірі бүгінгі жас ұрпақтың Наурыз мерекесі туралы таным-түсінігін кеңейтуге атсалысып жүр.

– Озерный орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып қызмет етемін. Орыстілді мектептің оқушыларына сабақ бергендіктен, елімізде тойланып жүрген мерекелерден мағлұмат беруді өз міндетім санаймын. Осы орайда Наурыз мерекесінің тойлану мәні туралы өзге ұлт өкілдері балаларына жан-жақты түсіндіруге тырысып жүрмін. Әрине, баланың қызығушылығын ояту оңай емес. Бірақ, түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, оқушыларымның Шығыстың Жаңа жылына деген қызығушылығын арттырып жүрмін. Сол себепті, олар мектепішілік Наурыз мерекесін тойлауға белсенділікпен қатысады, – дейді Гүлнұр Қапезова.

Кезінде өзге ұлт өкілі түгілі қазақтың өзі атын атап, түсін түстемеген Наурыз мерекесінің тойлануы еліміз Тәуелсіздік алған жылдары жанданды. Ал 2009 жылдан бері бұл мереке айрықша маңызға ие болып, 3 күн демалыс берілетін болды. Осы орайда көктемнің ең шуақты айы саналатын наурызда Шығыстың Жаңа жылының барынша сән-салтанатымен тойланатындығына бүгінде көз де, бой да үйренді.

– Мен ес білгелі бері Наурыз мерекесі тойланып келеді. Кейде бұрындары мұндай мереке болған жоқ дегенді қабылдай алмаймын. Біздің мектепте Жаңа жыл ерекше аталып өтіледі. Наурыз мерекесі қарсаңында әр сынып оқушылары өз бұрыштарын ұлттық нақышта безендіріп, қазақтың ежелден келе жатқан дәмді тағамдарын жасап әкеледі. Біз бұл күні қазақтың оюлы шапандарын, ал қыздар кең етекті бүрмелі көйлектер киеді. Түрлі ұлттық ойындарды ұйымдастырып, әр жыл сайын салт-дәстүрлерді көрсетеміз. Бұл ұлттық құндылықтарымызды терең білуге көмектеседі, – дейді Құсни әжеміздің шөбересі Елжас.

Бүгінде облыс орталығындағы қазақ мектеп-гимназиясының 10 “ә” сыныбында оқитын оның қатарластарына Наурыз мерекесі таңсық емес. Олар – жөргекте жатып-ақ Қыдыр атаның тілегін естіген буын. Осылай Елжас бізге Наурыз мерекесі жайлы өз ойын айтып жатқанда оның анасы, Кеңпейіловтер шаңырағының немере келіні Айман дастарқан басына наурызкөжені әкелді. Ыстық көже құйылған тостағанды әулет анасы Құсни әжемізге беріп жатып:

– Біздің ауылда (Жамбыл ауданындағы Суаткөл ауылы – автор) Сейтахмет деген қария болды. Ол кісіні ел қатты сыйлаушы еді. Сейтахмет ата көшенің ана басында келе жатқанда мына басында тұрған жастар жолды кесуге именетін. Ол кісінің өткенін күтіп тұратынбыз. Келіндер ол кісі отырған үйге кірмейтін. Ертеректе әр ауылда сондай сыйлы қариялар болушы еді, – деген Жұмабек Қапезұлы үлкенге деген осындай сыйластық белгілері Наурыз мерекесіндей қайта жаңғырып жатса ғой деген ойын жеткізді.

Бұл мерекелік дастарқан басында болған азын-аулақ әңгіме болатын. Ал біздің көздегеніміз осы арқылы Наурыз мерекесінің тойлануы мен бір отбасының заман ағымына қарай таным-түсінігінің қаншалықты өзгергенін көрсету еді. Уақыт пен ұрпақтың ұласқан жалғастығы деп осыны айтар, бәлкім.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp