«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

42 ЖЫЛДАН КЕЙIН, кездескен түлектер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мамлют ауданының Новомихайловка орта мектебінде оны 1971 жылы бітірген түлектері жиналып, кездесу өткізді.

Қырық екі жылдан кейін кездесуге келген түлектердің ішінде бірін-бірі танымай қалып жатқандары да болды. 17 жасында мектеппен қоштасып, 60-тан асқанда жүздескен жандардың қуаныштарында шек жоқ! Балалық шақтағы қызықтарын айтып мәресәре.

Соңғы бес жыл бойы сыныптастарының басын қосуды армандап келген Лидия Максимей құрбыларына телефон шалып, Новомихайловкада сыныптастар кездесуін ұйымдастырғалы жатқанын естігенде, елең етпегендері болмаған. Осыған орай бұрынғы түлектер республиканың түкпір-түкпірінен, тіпті, көрші Ресейдің Омбы облысынан алып-ұшып мектебіне жеткен.

 

Өзі соңғы жылдары облыс орталығында тұрып келгенімен, аталмыш шараны өткізуге мұрындық болған Лидия Максимей бұрынғы сыныптастарын табу бастапқыдай оңай болмағандығын жасырмады. Оның айтуынша, тіпті, сыныптастарының бірін полицияның көмегімен тапқан екен.

– Араға 40 жыл салып жүздесудің қандай болатынын елестету де қиындау болды. Бәріміздің көз алдымызда құрбылас сыныптастарымыз сол 17-18 жастағы балғын қалпында сақталып қалған. “Қандай болдық екен?” деген ой мазалады. Қаншама жылдан кейін сыныптастарымызды бірден тани аламын ба деп күмәндандым. Дегенмен, өткен уақытқа қарамастан, басым бөлігін бірден тани кеткеніме қуаныштымын, – деді ол.

Бүгінде олар оқыған мектептің орны ғана қалған. Десек те, 1974 жылы іргетасы қаланған ауыл мектебінің табалдырығын аттап, сыныптарды аралады. Осы мектеп түлектерінің, республика, облыс пен ауданға аты мәлім азаматтарының суреттері ілініп, ауыл негізі қаланғаннан бергі тарихынан сыр шертетін мұражайды тамашалады. Бүгінде бұл білім ордасында 130-дай оқушы білім нәрінен сусындаса, мектеп жанындағы шағын орталықта 25 бала тәрбиеленуде.

– Бұл кездесуге шен, байлық таластыру үшін емес, таза көңілмен келдік. Өйткені, қанша жерден атақты болып кетсең де, қатар өскен құрдастарың сені бұрынғы бала қалпыңда қабылдайды. Кездесу сонысымен де құнды. 42 жылдан кейін кездесу өткізгелі жатыр деген сөзді естігелі бері жасарып кеткендей болдым. Кездесу деген – адам баласының өткеніне құрмет, болашағына салауат. Ендігі елу жылдық кездесуде қаншамыздың басымыз қосылып, қатарымыздың қаншасы селдіреп қалатынын бір Алла біледі. Өмір деген осы, уақытша іссапарда жүргендейсің. Бүгін жиналғандарымыз 22 адам екенбіз. Әркім қолынан келгенше еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Бәрі де құрдастарының ортасына сыйлы, отбасына құрметті, – дейді Алматыдан ат терлетіп келген Амангелді Малғаждаров.

Шара барысында бір-бірін сағынған әрбір түлек өз өмірлерінен мағлұмат берді. Туған еліне, халқына қандай қызмет көрсеткендерін, қандай ұрпақ тәрбиелегендерін мақтанышпен айтты. Кешегі жеткіншектердің арасынан журналист те, ғалым да, жеке кәсіпкер де, тәлім-тәрбие беруші ұстаз да, ақ халатты абзал жан да шығыпты. Қазір абзал әке, ардақты ана, көбісі немере сүйіп отырған кешегі түлектер кездесу соңын “Біздер әлі кездесеміз” атты өлеңмен қорытындылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp