«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

7 жасар бала мерт болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыста 153 өрт болып, одан 52 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 20 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның үшеуі – бала. Алты адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.  

Өткен аптада адамның өмірін жалмаған өрт оқиғалары орын алды.

Тайынша ауданының Келлеровка ауылында жеке тұрғын үйдің бірінде түнде өрт шығып, баспана толығымен жанып кетті. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында өртсөндірушілер 7 жасар баланың мәйітін тапты. Ал 11 жастағы тағы бір бала дереу жергілікті медициналық қосынға жеткізіліп, оған көмірқышқыл газымен уланған деген диагноз қойылды. Балалар 33 жастағы анасымен бірге тұрып келген. Өрт шарпыған үйден 4 газ баллоны сыртқа шығарылды. Өрт алты сағаттың ішінде толықтай сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.

Облыс орталығының Универсальная көшесінде орналасқан “АТЦ” ЖШС цехтарының бірінде өрт шығып, оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру жасағы отты ауыздықтау барысында көлікті жөндеу мақсатында түнде жұмыста қалған 32 жастағы қызметкердің мүрдесін тапты. От тимеген 7 автокөлік пен баллон цехтың ауласына шығарылды.

 

Петропавл қаласының Коминтерн көшесінде екі қожайыны бар 4 пәтерлі тұрғын үй отқа оранып, өрт пәтерлердің шатыры мен қабырғасын, үй жиһаздарын зақымдаған. Тергеушілердің айтуынша, өрт оқиғасы пәтерлердің біріндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алған. Оқиға орнынан екі газ баллоны сыртқа шығарылды. Үй тұрғындарының өміріне ешқандай қауіп төнген жоқ.

Қысқы пешті салу барысында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан Копайда 85 жастағы үй иесі баспанасынан айрылды. Жалындаған өрт шатырды жойып, үйдің қабырғасы мен жиһаздарды зақымдады. Өрт сөндіру жасақтары ауладағы ағаш құрылымдары мен үй жануарларын оттан аман алып қалды.

Пештің кінәсінен Тайынша ауданының Подольское ауылының 86 жастағы тұрғынының үйі мен ауладағы қора-қопсысын түн жарымда от шарпып, 120 шаршы метр аумақ күлге айналды. Өрт пешті пайдалану ережесінің бұзылуынан орын алған.

Облыс орталығының Батыр Баян көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің 8-ші қабатындағы қоймасы өртеніп кетті. Қысқа дайындаған азық-түліктердің бүлінбеуі үшін терезені ашып-жауып жүргенде 9-қабаттан түскен темекінің қалдығынан өрт шыққан. Оқиға орнынан алты адам қауіпсіз жерге жеткізілсе, оның үшеуі – бала.

Белгісіз қаскөйлер Мағжан Жұмабаев ауданының Полтавка елді мекеніндегі “Авангард СКО” ЖШС-нің шашпасына от қойып, нәтижесінде маңдай термен жиналған шөптің 30 тоннасы күлге айналды. Сондай-ақ электр сымдарының қысқа тұйықталуынан “Автозапчасти” дүкенінде өрт шығып, ғимараттың шатыры, қабырғалары, едені мен есіктері зақымданды.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp