«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АУКЦИОН “Мәмбетов және К” серіктестігінде өтті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сейсенбі күні облыстық “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі былтыр туған “Абердин-Ангус” асылтұқымды бұқаларын сату бойынша Қызылжар өңірінде алғашқы аукцион өткізді. Бәсеке саудасына 30 бас ірі қара шығарылды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Озат серіктестік репродуктор-

шаруашылыққа айналды

“Мәмбетов және К” КС осыдан 15 жыл бұрын “Меңкесер” кеңшары негізінде құрылған болатын. Осы жылдар ішінде серіктестіктің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов пен атқарушы директоры Константин Мишеневтің іскерлігі арқасында облыс көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналды.

Серіктестік соңғы жылдары агротехникалық шараларды тиімді пайдаланудың арқасында әр гектардан 20 центнердің үстінде өнім алып келеді. Агроқұрылым тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие.

 

– Біздің 24601 гектар егістік алқабымыз бар. Биыл 14 мың гектар егістік алқапқа өңірімізде аудандастырылған “Омбы-35”, “Омбы-36”, “Астана”, “Безенчук-182” бидайларын, 1,5 мың гектарға “Кедр” арпасын, 1200 гектарға біржылдық жемазықтық дақылдар, 1500 гектарға көпжылдық шөп, бұдан басқа сұлы егеміз. Көктемгі егіске 2 “Джон-Дир” себу кешені мен 36 агрегат әзір етілді. Күндік нормамыз – 1500 гектарға дән сіңіру. Техникамыз түгелдей дерлік жаңартылған. Заманауи 79 тракторымыз, 59 комбайнымыз бар. Қырманымыз да жоғары талапқа сай. Шаруашылықта 201 адам тұрақты еңбек етеді. Орташа айлық жалақы 68 014 теңгені құрайды, – дейді серіктестіктің атқарушы директоры Константин Мишенев. Константин Савельевичтің айтуына қарағанда, агроқұрылым өткен жылдан бері жеке шаруашылықтардың бал арасын ұстауына да жағдай жасап отыр. Соған қарай 100 гектар алқапқа экспарцет, түйежоңышқа, поцелия сияқты жемазықтық дақылдар егіледі.

Өткен жылдан бері серіктестік етті мал шаруашылығын дамытуды да қолға алды. Сол үшін агроқұрылымның өз күшімен кешенді мал фермасына арналған үш қора, екі шашпа, малшылар үйі салынды. 2012 жылы “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасын жүзеге асыру аясында АҚШ-тың Оклахома штатынан етті бағыттағы 200 бас “Абердин-Ангус” асылтұқымды тайыншалары әкелінген болатын. Соның негізінде серіктестікте репродуктор шаруашылық құрылды. Жоба құны – 250 млн. теңге. Содан бері 136 төл алыныпты, оның 72-сі – ұрғашы мал. Жыл басынан бері қотанға 48 бұзау қосылған.

– Агроқұрылымның жайылымдық жері – 5622, шөп алқабы 2325 гектарды құрайды. Бұған дейін, яғни кеңшар тарағаннан бері 100 бастай жылқы ғана өсіріп келгенбіз. Енді мемлекеттік бағдарламаға қарай репродуктор-шаруашылық құруды жүзеге асырдық. 2014 жылы мал басын 540-қа жеткіземіз. Қазірдің өзінде біздің өңірге жерсініп үлгерген шетелдік мал өзінің тиімділігін көрсетіп отыр, – дейді шаруашылықтың бас директоры Еркебұлан Мәмбетов.

Бір жасар “гарик”

1 миллион 120 мың теңгеге сатылды

Облыс көлемінде бірінші рет өткізіліп отырған мал аукционына 30 бұқа шығарылды.

– “Мал шаруашылығын дамыту” бағдарламасы бойынша облысымызға 7600 бас асылтұқымды шетелдік мал әкелінді. Алған бағытымыздың дұрыс екендігін “Мәмбетов және К” КС де дәлелдеп отыр. Бұл – өңірімізде өткізіліп отырған алғашқы аукцион. Сауда сәтті болуына тілектеспін, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев.

Саудаға ең алғашқы болып “Шанс” бұқасы түсті. 8 наурызда ғана 1 жасқа толған торпақтың тірі салмағы 430 кило екен. Тәуліктік салмақ қосуы 1126 грамды құраған. Алғашқы бағасы 560 мың теңгеге бағаланған бұқа аукционда 1 млн. 80 мың теңгеге сатылды. Оны “Новомихайловка – 2030” ЖШС директоры Владимир Щеголев жеңіп алды. Бәрінен де 450 килолық “Гарик” бұқасының бәсі жоғары болды. Баға 1 млн. 120 мың теңгеге жеткен кезде Мамлют ауданындағы “Стан” ЖШС-іне тең келер ешкім болған жоқ.

Осылайша алғашқы аукционда 18 мал өз иесін тапты, оның 4-еуі – 1 млн. теңгеден жоғары бағаланды.

– Туған кездегі салмағы 18-20 кило шамасында болғанымен, бұл малдардың тәуліктік салмақ қосулары өте жоғары. Бір жасқа толар-толмас бұқалардың тірі салмағы 370-450 кило аралығында. Біздің өңірде туып, жерсінген малдар болғандықтан, өте бағалы болып отыр. Ауданымыздағы “Азия-Тораңғұл” ЖШС-нің директоры Петр Гольцердің 3 млн. 600 мың теңгеге 6 бас бұқа сатып алғаны да сондықтан, – дейді Есіл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Серік Жанмұрзин.

Бұл күні “Стан” ЖШС-нің директоры Қанат Бекенов тағы да 530, 650, 580 мың теңгелік 3 бұқаға қол жеткізді.

Аукционға кешігіп келген Айыртау ауданындағы “Баян” ШҚ-ның жетекшісі сияқты басшылар мал сатып алуға ниетті екендіктерін білдіріп, бухгалтерияға 50 мың теңгелік кірме-жарнасын төлеп жатты…

СУРЕТТЕ: шаруашылық басшылары Е.Мәмбетов пен К.Мишенев.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp