«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАГРОДА” ҚАРЖЫ МОЛ, тек оған қол жеткізу жолдарын білу керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімдігінің үлкен залында “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ы арқылы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өтті.  

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кеңесті ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров “ҚазАгро” акционерлік қоғамының агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) басым бағыттары – астық сатып алу, мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асыру, холдингтің ағымдық бағдарламалары аясында, соның ішінде көктемгі-дала және орақ жұмыстарын жүргізуге агроөнеркәсіп кешені субъектілерін кредиттеу бойынша инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде айтарлықтай жұмыстар жүргізіп отырғанын атап өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру міндетін жүктеп отыр. Осыған орай холдинг “Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасын жасады.

 

Бұл бағдарлама етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа деңгейіне көтеретін мал семірту алаңдарын, асылтұқымды репродуктор-шаруашылықтар, мал табынын басқару мен өз төлі есебінен өсіру орталықтарын және соларға лайықты инфрақұрылымдар құру жөніндегі кешенді шараларды қарастырады. Осы айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында біздің облыста “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-ның бес еншілес кәсіпорны жұмыс істейді, олар холдинг құрылымына енген күннен бастап бағдарламалардың барлық түрлері бойынша облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 160 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлді, – деді өңір басшысы.

“ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-ның басқарма төрағасы Дулат Айтжанов қаржылық құрылымның агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызды міндеттеріне тоқталып, 2012 жылдың жұмыс қорытындысынан ақпарат берді. Холдинг облыс ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржыландыруға 30,9 млрд. теңге жұмсаған. Соның ішінде, “ҚазАгроФинанс” АҚ-ы арқылы лизингке 6,7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, 394 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Холдингтің өңірдегі еншілес қаржылық институттары арқылы “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасының шеңберінде 28 мың бастан астам ірі қара, оның ішінде шетелдік селекциядағы 4,2 мың бас мал сатып алынды. 2 мың бас малға арналған 2 бордақылау алаңы құрылды, ангус, герефорд және симменталь тұқымындағы импорттық ірі қара әкелініп, 4,9 мың басқа арналған 6 репродуктор-шаруашылық ұйымдастырылды. Холдинг төрағасы биылғы жылы жалпы қаржылық қолдау қоры 183 млрд. теңгені құрайтынын, одан солтүстікқазақстандықтардың да сүбелі үлеске ие болатынын айта отырып, оған қол жеткізу мүмкіндіктерін саралап берді.

Астаналық меймандар жиынға қатысушылардың қойған сауалдарына нақты жауап берді. Ақжар ауданының әкімі Ағзам Тастеміров Горьковское ауылындағы мал басын 3,0 мың басқа жеткізу мүмкіндігі барын айта отырып, оған қаржылық көмек алу жайын сұрады. Холдинг басшылары мұндай жобаны қолдайтындықтарын білдіріп, оның жоспарлы жұмыстары көрсетілген бизнес-жобасын дайындау қажеттігін ескертті. Ал “Арқалық” шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаев қымыз дайындаудың өндірістік әдісін дамыту үшін қаржылық көмек алу мүмкіндігін білгісі келді. Дулат Айтжанов мұндай қаржылық көмекке қол жеткізуге болатынын, бірақ оның жылдық сыйақы мөлшері басқаша тәртіпте қаралатынын айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp