«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЗІМБЕКТІҢ МАҚСАТЫ — қазақ өнерін әлемге таныту

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ эстрадасындағы жаңалықтарды қалт жібермейтін қызылжарлықтар үшін қуанышты хабар – “Алашұлы” тобындағы Әзімбек өткен сенбіде бір басы екеу болып, отау құрды.

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

АСПАНҒА ҰШУ АЛАҢЫ

“Алашұлы” тобы енді ғана шығып келе жатқандықтан, “Осынша сүйіншілейтіндей Әзімбек деген кім?” дейтіндер де табылатын шығар. Тани отырыңыздар.

Есіл ауданы, Мектеп ауылында туып-өскен Әзімбек Байлин 2005-2006 жылдары облыс орталығындағы Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа ауысып келеді. Оған дейін бұл білім ордасында Әзімбектің өзімен құрдас жиені, қазіргі таңда Жүрсіннің жүйріктерінің бірі, “солтүстіктің солақай перісі” атымен танымал Әлібек Серғалиев оқып жүр еді. Сөйтіп ағайындылар бір сыныпқа түседі. Әлібек мектеп бітіргенше ақындар айтысына, әртүрлі мүшәйраларға қатысып, үнемі биіктен көрініп, облысқа танылады. Ал Әзімбек терме, жыршылар байқауларында бағын сынап, біртіндеп “жұлдызын” тұтата бастайды.

 

Өнердегі осы бір өрлеу кезеңін дарын иесі былай баяндайды:

– Мен келген жылдары интернатта үлкен өзгеріс болып жатты. 2005-2006 жылдары оркестр, драматургиялық үйірме ашылды. Жаңа аппаратура әкелінді. Бізге Мақсат пен Кенже Ақжоловтар, Алтай Сұлтан сынды, т.б. сол кездегі өнердің өрінде жүрген тұлғалар келіп сабақ берді. Бұл өз кезегінде білім ордасында өнердің дамуына қатты ықпал етті. Интернаттың “жұлдызды” түлектерінің бірі, Есіл ауданындағы Тауағаштың тумасы Күнсұлу Шаяхметова – қазіргі таңда М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді актрисасы. Біз мектепте оқып жүргенде сол кісідей атақты болуды армандайтынбыз. Міне, армандар біртіндеп орындалып келе жатыр.

Алла бойға талант бергеннен кейін тартынып қалуға болмайды. Сондықтан 11-сынып оқып жүріп Әзімбек өнердегі ағаларының қолпаштауымен, мектеп басшылығының демеушілігімен С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында тұңғыш рет жеке концертін берді. Сол кездің өзінде өнердің “өлермендері” бұл баланың болашағына зор үміт артқан болатын.

Бір қызығы, Әзімбек пен Әлібектің мектепте жүргендегі мақсаттары М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің журналистика мамандығына түсу болған екен. “Солтүстіктің солақай перісі” осы мамандыққа түсе алмағасын, Көкшетауға кетіп қалғаны да есімізде. Ал Әзімбекті тағдыр айдап Алматыдан бірақ шығарды.

Сөйтіп қызылжарлықтардың сүйікті ұлына айналып үлгерген Әзімбек 2007 жылы мектеп бітіріп, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясына оқуға түседі. Сол жерде ол Оразхан Кенебаев, Тұңғышбай Жаманқұловтың, Ерлан Біләл сынды ұстаздардың шеберханасында актерлік білім алып, шыңдалып шығады.

Атақ, даңқ 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбектің арқасында ғана келетіні ақиқат. Сол 1 пайыз талант Әзімбектің бойына тұқым қуалап келсе керек. Яғни, Әзімбектің әкесі Елубай жастайынан сықақшы, асаба болып, ел арасында серілік құрған. Қазіргі уақытта ауыл мен қала арасында қатынайтын автобустың жүргізушісі болса да, қиындықтың бетіне күле қарайтын, әзіл-қалжыңға жақын жан екен. Ал әншілік өнер Әзімбекке анасы Қадишаның ақ сүтімен беріліпті. Ол туралы оның өзі былай дейді:

– Ән айту, домбыра тарту – біздің тегімізде бар дүние. Анам әнді Жанар Айжановадан артық айтпаса да, кем айтпайды. Әттең, мамандығы – дәрігер. Егер кезінде өнер саласын таңдағанда, ел аузында жүретін танымал әнші болар ма еді деп ойлаймын.

Әзімбек – үйдің кенжесі әрі жалғызы. Әпкелері Арай мен Ақнұр және қарындасы Раушан – барлығы да ән айтады. Бірақ өнер жолын қуған тек Ақнұр екеуі ғана.

Петропавлдағы өнер колледжін дирижерлік пен вокал бойынша бітірген Ақнұр бүгінде Астанада оқып жүр. Ал Әзімбек 2011 жылы Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясын бітіріп, қазіргі таңда сол “қара шаңырақта” магистратураға түсіп, диссертация жазып жүр. Оның үстіне студенттерге сабақ береді. Оған қоса, “Алашұлы” тобымен дайындықтар, гастрольдік сапарлары бар. Мұндай режімге еті үйренген Әзімбек “жалқауларға ғана уақыт жетпейді” деп есептейді.

АТА САЛТЫН АРДАҚТАҒАН “АЛАШҰЛЫ”

Енді қазақ эстрадасына өзіндік қолтаңбасымен келген “Алашұлы” этнотобына тоқталып кетсек, ол 2009 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының жанынан құрылды. Өткен жаздан бері “А+” компаниясымен 5 жылға келісімшартқа отырды. Бас директоры әрі продюсері – Назгүл Қарабалина. Ал топтың шығармашылық жұмысымен Алуа Қонарова айналысады.

Топтың репертуарында “Қара жорға”, “Жарапазан”, “Махамбеттің жыры”, “Ақтанның термесі”, “Отан”, “Елім менің” сынды ұлттық нақыштағы он шақты ән бар. Роза Рымбаевамен дуэт болып орындаған “Туған елім” әні де халықтың жүрегіне жол тартып үлгерді. Жігіттер ең алғаш топ болып құрылғанда тойларға шығып жүріп, тырнақтап жиған қаржыларына өз күштерімен “Жарапазан” әніне клип түсірген екен. Кейін продюсерлерінің арқасында “Ақтанның термесі” мен “Елім менің” әндеріне де бейнебаян түсірілді. Этно-топтың репертуарында Әлібек Серғалиевтың сөзіне жазылған “Біздің қыздар” әні де бар. Жігіттер жақын арада осы әнге клип түсіруді де жоспарлап жүр.

Топ мүшелеріне келетін болсақ, Ұшқын Жамалбек – Қытай елінің Құлжа қаласынан болса, Мақсат Рахмет – Алматыдан. Үшеуі де бір-бір үйдің жалғыз ұлдары. Топтың атын да өздері таңдаған екен. Әу бастан-ақ олар “Атаның баласы емес, Алаштың баласы болуды” мақсат тұтқан.

Бұл топ туралы продюсер Назгүл Қарабалина “Жарайсың” бағдарламасына берген сұхбатында:

– Қазақ эстрадасында этно-топтар сирек. Сондықтан қанатымыздың астына алдық. Барлығы да өнерлі жігіттер. Болашақтарынан зор үміт күтемін, – деген болатын.

Топтың көздеген мақсаты – жастардың рухын көтеріп, қазақ өнерін кеңінен насихаттау әрі жер-жаһанға таныту. Сонымен қатар айтылмай жүрген, ұмыт болып бара жатқан термелер мен жырларды қайта жаңғырту. Бір сөзбен айтқанда, өткенді жаңғырту. Осы мақсатты орындау барысында жігіттер түнгі клубтарда да ұлттық нақыштағы әндерді шырқауға дейін барған екен.

“Алашұлдары” шоу-бизнеске алшаңдап тұрып қадам басты. Алаш идеясы ұлттың идеологиясы болса, “Алашұлы” этно-тобының әні ұлттық әуенге айналды. Ата салтын ардақтаған “Алашұлының” әндері жұрттың делебесін қоздыратын мәнерімен бірден жүректерді жаулап алды. Үстіндегі ұлттық киімдері де, билері де “Алашұлы” деген атқа лайық жарасып, өзіндік ерекше стильдерін танытты.

2012 жыл топ үшін табысты болды. Ең алдымен продюсерлік компаниямен келісімшартқа отырды. Содан кейін жұлдызды шақтары басталып, “Саз әлемінде” бақтарын сынады, “Ду қол шоколад!” сынды көптеген телебағдарламаларда өнерлерін көрсетті, “Жарайсыңда” сұхбат беріп, еліміздегі танымал журнал “Жұлдыздар отбасының” алғашқы бетіне шықты.

Жігіттер 2011 жылдың наурыз айында Қазақстанның Ресейдегі елшілігі ұйымдастырған Наурыз мерекесінде өнер көрсетіп қайтыпты. Олардың әндерін естіген Ресей қазақтары елін сағынғаннан көздеріне жас алған. “Мұндайды көргенде өзіміз де толқып, көкіректе қуаныш, жүректе сенім пайда болды”, дейді топ мүшелері. Биыл да олар Англияға, Түркияға шақырту алған екен. Алайда, жігіттердің қазіргі ең басты мақсаты – тұсаукесерлерін аман-есен өткізу. Топ 2009 жылдан бері сахнаға шығып келе жатса да, 29 наурызда Астана қаласында ресми түрде елге таныстырылмақ. Бұл шараға барлық жұлдыздар, БАҚ өкілдері шақыртылған екен. Сондықтан жігіттер қазір алдағы жарқын оқиғаға қызу дайындық үстінде.

БОРАНДАТЫП ЖҮРІП ТОЙЫН ӨТКІЗДІ

Атақты қытай ғұламасы Конфуций “Ән көненің көркемдігіне үйретеді” деп есептеген екен. Ендеше тарихты тірілтіп, өткенге өмір бітіріп жүрген жігіттер жуықта ғана Қызылжарда болып қайтты. Гастрольдік сапар емес, бар болғаны топтың мүшесі Әзімбектің шаңырақ көтеріп жатқан шаттығын бөлісу үшін келді.

9 наурыз күні Әзімбек мейрамханада дүбірлетіп тұрып той жасады. “Шын мәнісінде тойдың ойдағыдай өтуіне 8 наурыздағы боран кедергі болды”, дейді жас жұбай. Соның кесірінен тойына алыс-жақын ауылдардағы көптеген туған-туыстары келе алмай қалған екен. Тіпті, үйленер алдында Әзімбектің өзі де жолда қалып, көлікте түнеп шыққанын жасырмады.

Той әнімен, сәнімен, бар салтанатымен өтті. Өйткені, оны Әлібек Серғалиев басқарды.

Әзімбек “Той керемет” өтті дейді. Әлібек те “Асабалық карьерамдағы ең жақсы той болды” дегенді айтады.

Келін кім десеңіздер, ол оңтүстіктің қызы. Есімі – Гүлдана. Әзімбек екеуі құрдас әрі академияда бір топта оқыған екен. Қазіргі уақытта Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса болып қызмет атқарады. “Оңтүстіктен қыз алуға қорықпадың ба?” деген сауалымызға Әзімбек:

– Қалың малды меңзеп отырған боларсыз? Ертеден келе жатқан дәстүр ғой. Әрине, шамамыздың келгенінше бердік. Алайда, мал-мүлкімізді сатып, үйімізді кепілдікке қойып, кредит алатындай керемет шығынданған жоқпыз. Меніңше, қорқа бермей, солтүстік пен оңтүстік біраз қан алмасулары керек. Себебі, солтүстік аздап орыстанып кеткен ғой, – деп солтүстіктің “серілерінің” құлағына алтын сырға ілді.

“Алашұлының” әншісі аймақтағы өнердің жай-күйі туралы да әңгіме қозғады. Бойында таланты бар іні-қарындастарын Алматыға оқуға шақырды. Қолынан келетін бар көмегін аямауға уәде етті.

Шыққан тегін ұмытпайтын Әзімбек болашақта міндетті түрде Қызылжарға келіп концерт қоямын дейді. Сонымен қатар ол алдағы уақытта диссертациясын қорғап, Алматыда үй салып, нәрестелі болып, “Алаш ұлының” жеке концертін беріп, барша әлемге қазақ өнерін танытуды армандайды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp