Медицина ғылымының дәлелдеуінше, ана болуға дайындалып жүрген әйелдің маскүнемдікке салынуы – өзі дүниеге әкелер сәбиге тікелей қастандық жасаумен тең.
Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,
терапевт дәрігер.
Үзбей арақ-шарап ішу болашақ ананың өзіне де қауіп. Жүкті кезінде ішімдікке үйір болған әйелдің жүктілігі тым күрделі жағдайда өтеді. Ондай әйелдерде түсік тастау немесе мезгілсіз ерте босануы жиі кездеседі. Босанудың өзі тым қиынға түседі. Толғақ ұзаққа созылады, ондайда нәресте дүниеге келмей жатып, тұншығып қалуы мүмкін. Ал ана маскүнемдігінің ұрыққа келтірер зияны, тіпті, өлшеусіз. Баршаға белгілі, алкоголизмге шалдыққан адамда “алкоголь синдромы” (алкоголизм белгілері: бас жазуға құштарлық, арақсыз тұра алмаушылық, “маскүнем елірмесі”) деген болады. Міне, осы “алкоголь синдромын” маскүнем әйелден туған нәрестеден де байқауға болады. Ондай сәбилер тым тынышсыз, себепсіз көп жылайды, аз ұйықтайды, тыныс алмай қиналады. Кей сәбилер бір-екі күнде еш себепсіз қайтыс болады.
Арақ-шарап ішкен жүкті әйелдің қаны арқылы алкоголь тікелей оның жатырындағы сәбиге жетеді. Алкоголь, әсіресе, ұрық байланған алғашқы 7-8 аптада өте қауіпті. Бұл кезде болашақ сәбидің ішкі органдары қалыптаса бастайды. Ал ішімдік сол қалыптасу үдерісін бұзады. Түрлі мүгедектікке, нақұрыстыққа апарып соғады. Әсіресе, сәбидің жаңа қалыптаса бастаған миы қатты зардап шегеді. Өйткені, ми құрамында майлы зат көп болады. Ал алкоголь ол клеткаларды тез бұзады. Туабіткен нақұрыстықтың басты себебі де осы. Оның зияндылығы жүктіліктің соңғы кезеңінде де кемімейді. Ұрық баяу дамиды, тері астына, ішкі органдарға қан құйылады. Маскүнем әйелден туған сәбилер нормадан ауытқып туады. Көбіне-көп олардың бойы да, салмағы да әдеттегіден кем болады. Тәжірибелі акушерлер ондай сәбилерді тез айырады: беті сопақ және тым ұзын, маңдайы тар, қушық, иегі жетілмеген, аузы тым үлкен сәбилер тек қана маскүнем аналардан тууы мүмкін. Кейде бас сүйектің ми орналасқан тұсының нормадан көп кіші болуы ықтимал.
Ішімдікке салынған әйелдерден туған сәбилердің әрбір үшіншісінде жүрек ауруы болады. Аяқ, қол кемістігі, ішкі, сыртқы жыныс органдарының аномалиясы да жиі кездеседі. Бала қатарластарына қарағанда баяу дамиды, нашар оқиды. Мінезқұлқы құбылмалы болады. Кейбіреулері өсе келе эпилепсияға, ауыр жүйке сырқаттарына шалдығуы мүмкін.
Ең абзалы, өзінің болашақ сәбиінің денсаулығын, келешегін ойлаған әйел алкоголь ішімдіктерінен мүлде аулақ болуы керек.