Наурыз мерекесінің қарсаңында Петропавлдың “Жастар” стадионында Ұлыстың ұлы күнінің құрметіне футболдан қалааралық үшкүндік “Солтүстік жұлдызы” деп аталған жарыс болып өтті.
Александр НОВИЧКОВ,
“Футбол” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері.
Бас жүлде үшін барлығы сегіз команда таласып, қарлы алаңда 1999 және 2000 жылдары туған жасөспірімдер шеберлік сынасты.
Өңірлік дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық әдістемелік орталығы мен “Футбол” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырған жарысқа Астанадан – төрт, Петропавлдан – үш және Көкшетаудан бір команда қатысты.
Футболшылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлініп ойнады. Атап айтқанда, бірінші топта 1999 жылы, ал екіншісінде 2000 жылы туғандар сынға түсті.
Алғашқысында Астананың “Футбол орталығы – 99”, осы қаладағы Олимпиада резервінің мектебі, Петропавлдың “Қызылжар – 99” және Көкшетаудың “Оқжетпес” командалары алаңға шықса, екіншісінде – Петропавлдың “Жеңіс”, Астананың “Футбол орталығы – 2000”, елордадағы №8 Олимпиада резерві мектебінің және біздің “Футбол” мектебінің ойыншылары бақ сынады.
Аталған топтардан екі алғашқы орын еншілеген командалар жартылай финалға шығып, бас жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде Астананың “Футбол орталығы – 99” командасының бағы жанды. Екінші орын да Астананың “Футбол орталығы – 2000” ойыншыларына бұйырды. “Қызылжар – 99” клубы үшінші орынды қанағат тұтты.
Жарыс соңында ең шебер ойыншылар анықталды. Атап айтқанда, “Үздік қақпашы” – Александр Есько (“Астана – 99”), “Үздік қорғаушы” – Сұлтан Қожабаев (“Қызылжар – 99”), “Үздік жартылай қорғаушы” – Әділ Баталов (“Оқжетпес”), “Үздік шабуылшы” – Владимир Прокопенко (“Астана – 2000”), “Ең шебер ойыншы” – Әмин Ілиясов (Астана “Футбол орталығы – 99”) болды.