«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТАМАШЫЛ БАСШЫ, БІЛІКТІ ДӘРІГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Петропавл қаласының құрметті азаматы” атағын алған бірден-бір әйел – елдің денсаулық сақтау ісінің үздігі Бейбіт Мұстафинаны өңірімізде танымайтын адам кемде-кем. Ол – өңіріміздегі денсаулық сақтау саласының алға жылжуына өлшеусіз еңбек сіңірген ақ халатты абзал жан.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Бейбіт Мұқышқызын әдеттегідей өз жұмыс орнында жолықтырдық. Қазіргі таңда ол кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүр. Қарағанды өңірінің тумасы Бейбіт Мұқышқызы әкесінің қалауымен дәрігерлік жолды таңдаған екен.

– Мектеп қабырғасында білім алып жүргенімде ағам сияқты политехникалық университеттің түлегі атанамын деп ойлайтынмын. Бірақ әкем қыз бала өзінің табиғатына сай мамандықты меңгеруі тиіс, одан да дәрігер болып, халықтың денсаулығының жақсаруына еңбегіңді сіңір деп ақыл-кеңесін айтып, батасын берген еді, – дейді Бейбіт Мұқышқызы.

 

Әкесінің сөзін жерге тастамаған ол Қарағанды қаласының медициналық институтын кардиолог дәрігер мамандығы бойынша тамамдап шығады. Жоғары оқу орнын 1971 жылы бітіре салысымен жолдамамен еңбек жолын Қызылжар өңірінен бастайды.

1981 жылға дейін әуежайда авиажасақтың денсаулық сақтау пунктінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Содан кейін облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары, одан кейінгі бес жылда облыстың бас терапевт міндеттерін абыроймен атқарады.

– Саналы өмірімде мен ауыз толтыра айта алатын екі жұмысымды сөз еткім келеді. Бірі – өңірімізде тұңғыш рет міндетті медициналық сақтандыру қорының облыстық бөлімшесін ашқаным болса, екіншісі – №2 қалалық аурухананың негізінде кардиологиялық орталық, – дейді ол. Шынымен де, 1995 жылы елдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан, медициналық сақтандыру қорының жұмысын жүйеге келтіру – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Содан кейін ол екі жыл медициналық қызметтерге төлем жөніндегі орталықты басқарды. 2001-2010 жылдар бойы №2 қалалық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарды.

– Медицина саласында қызмет етіп келе жатқаныма 42 жыл болды. Соның 30 жылындай уақытты басқарушылық қызметке арнаппын. Осы жылдар ішінде бірталай жұмыс атқарылды. Бірақ мен үшін ең маңыздысы кардиологиялық орталықтың ашылуы болды. Осыдан 10 жыл бұрын, ауруханаға басшылық ете бастағанымда кардиологиялық орталық ашып, оның жұмысын ретке келтіру менің маңдайыма жазылады десе мен сенбес едім. Себебі, ол кезде бұл нақ орындалмас армандай көрінетін. 2009 жылы ауруханамыздағы гинекологиялық бөлімшенің орнына кардиохирургиялық бөлімшенің жұмысын бастау міндеті қойылды. Құрал-жабдықтарды айтпағанда, білікті мамандардың өзі тапшы болатын. Орталық жаңадан ашылғандықтан, онда күні-түні жұмыс істейтін, өз ісіне берілген жас мамандарды тарту қажет болды. Мен ауруханадағы жас дәрігерлер мен медициналық университетті бітіргелі жатқан түлектермен келісіп, оларды орталыққа жұмыс істеуге шақырдым. Олардың тәжірибелері аз болса да, талпыныстары бар еді. Жас дәрігерлердің шетелдерде біліктілікті шыңдап, небір кардиохирургтердің өзінен тәлім алуларына мемлекет мүмкіндік жасады. Олар тамыр арқылы жүрекке күрделі ем жасауда қаншама солтүстікқазақстандықтарға көмектесуде, – деді Бейбіт Мұқышқызы.

Бүгіндері кардиологиялық орталықта отаның екі түрі жасалады. Бірі – ашық жүрекке жасалса, екінші ота жабық деп аталады. Небәрі үш жылдың ішінде орталықтың кардиологтері көптеген жетістіктерге жетті. Әсіресе, жүректі тоқтатып қойып, ота жасау әдісін айтуға болады. Отаның мұндай түрі өңірімізде жасалатын болады дегенге еш сенбес едім, дейді мамандығы бойынша кардиолог дәрігер Бейбіт Мұстафина.

205 төсекке шақталған орталықта терапия, тамыр хирургиясы, кардиохирургия мен кардиология бөлімшелері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мұнда облысымыздың әр түкпірінен келіп науқастар тегін емделе алады. Заман талаптарына сай медициналық құралдар-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зейнеткерлік жасқа келгеніне қарамастан, әлі де өз ісіне берілген Бейбіт Мұқышқызының алғырлығы, келешекке деген арманы мен үміті кімді болсын таңғалдырады. Ең бастысы, ол кардиологиялық орталықтың жас мамандарынан алдағы уақытта білікті әрі танымал дәрігерлер өсіп шығатынына сенеді.

Осы жылдар ішінде бастамашыл және талап қойғыш басшы ретінде ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға үлес қосып келеді. Сондай-ақ ол қалалық мәслихат депутаты болып та сайланды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысуда. Бейбіт Мұқышқызы – облыс дәрігерлері қауымдастығының төрайымы. “Шапағат” медалімен, Құрмет грамоталарымен, Елбасының Алғыс хатымен марапатталған. 2009 жылы “Жыл адамы” атағына ие болды. Оның ендігі арманы – кардиологиялық орталықты одан әрі дамытып, қазіргі заманның талаптарына сай ете түсу.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp