Саягүл ЖАКУБАЕВА,
Гүлбақыт ҚАНАФИНА,
№20 мектептің мұғалімдері.
Наурыз мейрамы №20 орта мектепте биыл айрықша аталып өтілді. Іс-шараның мақсаты – балаларға қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра болып қалған салт-дәстүрін, Наурыз мейрамының мәнін түсіндіру. Ұлтқа деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді біріншіден, отбасыда, екіншіден, мектепте қалаған дұрыс деп санаймын. Сол себептен, мектепте осындай іс-шаралардың ұйымдастырылуы бүлдіршіндердің қызығушылығын оятуға септігін тигізеді.
№20 орта мектептің дайындық тобының мұғалімі Әмина Мұқатаеваның ұйымдастыруымен өткен “Наурыз – жыл басы” атты мерекелік іс-шара кішкентай бүлдіршіндердің жарқын күлкілерімен басталды. Балалардың аталған шараға белсене қатысуы көрерменді сүйсінтті. Бүлдіршіндердің Наурыз тойына деген қызығушылығы мол екені бірден аңғарылды.
Сонымен қатар мерекеге орай бастауыш және орта буын сынып оқушылары арасында ұстаздар Нұрзат Найманова мен Әйгерім Рақышева, Анар Қоңырбаеваның ұйымдастыруларымен “Қош келдің, Наурыз!” атты іс-шара өтті. Аталған іс-шараға ата-аналар да белсене қатысты.
Мектебіміздің үлкен залы мерекеге байланысты безендіріліп, ұлттық киімдер киген оқушылар мен ата-аналарға толы болды. “Бәйшешек”, “Баян ауыл”, “Бәйтерек”, “Шұғыла” атты шартты түрде құрылған төрт ауылдан келген қонақтар ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, ұлттық ойындарын, өнерлерін көрсетіп, өзара сынға түсті. Әр ауылдың әжелері шашу шашып, ақ баталарын беріп, тойдың сәнін келтірді. Ұлттық тағамдарға толы дастарқан сайысы да өткізілді. Қазылар мен келген қонақтар әр ауылдың көже, қымызынан дәм татып, кейін балалар “Қара жорға” биін билеп, көңілдерін көтерді.
Іс-шараның соңында мектебіміздің басшысы Шарғия Мұқышева мен ғылыми ісінің жетекшісі Әйгерім Уәлиева жеңімпаз ауылдарды марапаттап, өздерінің игі лебіздерін білдірді.
Петропавл қаласы.