«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДЕГІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМГЕ тәубе демеске болмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жуырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен мақұлданған ел Үкіметі мен Ұлттық банкінің экономикалық саясаттың 2013 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі жарияланды. Онда айтылғанындай, ел Үкіметі мен Ұлттық банкінің 2012 жылы жүргізген экономикалық саясаты әлемдік экономикадағы ахуалдың кері әсеріне қарамастан, елде экономика дамуының оң серпінін қамтамасыз етуге, макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді.

Алдын ала бағалау бойынша 2012 жылы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) нақты өсімі 5,0 пайызды құрады, өнеркәсіп өнімінің өндірісі 0,5 пайызға өсті. Экономика саласындағы оң серпін және елдегі жоғары тұтынушылық сұраныс қызмет көрсету саласының 10,0 пайызға өсуіне ықпал етті. Инфляция деңгейі 6,0 пайызды құрады, бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 1,4 пайыздық тармаққа төмен.

 

Елдің халықаралық резерві 17,9 пайызға өсіп, 86,0 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 32,4 пайызға немесе 57,8 млрд. АҚШ долларына дейін өсті. Банк секторы қайта қалпына келудің тұрақты серпінін танытуда. Өткен жылы банктердің активтері 8,2 пайызға өсті, кредиттер көлемі 13,0 пайызға ұлғайды, депозиттер 7,2 пайызға қосылды.

2012 жылы “Fitch” агенттігі Қазақстанның егеменді кредит рейтингін “ВВВ+”-қа дейін көтерді, мұның өзі Батыс елдеріндегі қазіргі дағдарыс жағдайында біздің еліміздің оларға қарағанда кредиттік қабілеттілігінің жоғары екенін аңғартады. Республикалық бюджеттің тапшылығы 906,5 млрд. теңгені немесе ІЖӨ-ге шаққанда 3,0 пайызды құрады. 2012 жылы сыртқы сауда айналымы 9,8 пайызға ұлғайды. Алдын ала бағалау бойынша төлем теңгерімінің ағымдағы шотының профициті 8,8 млрд. АҚШ доллары көлемінде.

Халықтың нақтылы ақшалай табысы 6,8 пайызға өсті, нақты жалақы 6,9 пайызға артты, орташа айлық атаулы жалақы 101 мың теңгеден асты. Жұмыссыздық деңгейі өткен жылғы желтоқсанда 5,3 пайыз деңгейінде қалыптасты. Индустрияландыру картасын, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын сәтті жүзеге асыру экономиканың өсуін қолдауға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.

Десе де, қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, әлемдік экономикадағы ахуалдың нашарлауы экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға қауіп төндіруі де мүмкін. Өйткені, дағдарыстан кейінгі елеулі қайта қалпына келуден кейін әлемдік экономика қарқыны тағы да бәсеңсіді. Мұндай жаһандық тежелім 2020 жылға дейін байқалады деп болжануда. Халықаралық валюта қоры 2013 жылғы әлемдік экономиканың өсуін 3,5 пайыз деңгейінде болжап отыр, бұл өткен жылғы деңгейден (3,2%) сәл ғана жоғары. “Fitch Ratings” халықаралық агенттігі де 2013 жылғы әлемдік экономика өсімі болжамын бұдан бұрын жарияланған 2,6 пайыздан 2,4 пайызға дейін төмендетті. Дей тұрғанмен, әлемдік экономикадағы тұрақсыздықтың Қазақстанға кері әсері 2012 жылмен салыстырғанда біршама төмен болады деп күтілуде.

Жоғарыда аталған мәлімдемеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауының негізгі талаптарын басшылыққа ала отырып, 2013 жылғы экономикалық саясаттың мынадай басты бағыттары белгіленді: прагматикалық экономикалық саясат жүргізу, әртараптандыру негізінде экономиканы жаңғырту, әлеуметтік жаңғырту және Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру, теңгерімделген өңірлік даму, тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру, халықаралық интеграция және өзара іс-қимыл.

Прагматикалық экономикалық саясат экономиканы әртараптандыру, кең ауқымды кәсіпкерлікті тарту, инновацияларды жандандыру және жаңа жұмыс орындарын құру арқылы экономиканың серпінді өсуін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Макроэкономикалық тұрақтылық жаңа салық-бюджет саясатын және экономикалық өсу үшін қолайлы инфляция деңгейін ұстап тұру есебінен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қаржы тұрақтылығын және шикізатқа әлемдік бағаның құлдырауы кезінде бюджеттің орнықтылығын арттыру мақсатында теңгерімделген бюджет саясаты жүргізіледі. Кепілдендірілген трансферт көлемінде қор қаражатын пайдалануды шектеу арқылы Ұлттық қорда мұнай кірістерін жинақтау және әртараптандыру негізінде елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайту жалғасын табады.

Еліміздегі қазіргі экономикалық тұрақтылықты біршама жақсы түйсіну үшін жаһандық қаржы және өндіріс жағдайларына зер салып, оның қай деңгейде жүріп жатқанын біліп отыру да артық емес. Дәл бүгінде еуро аймағындағы Грекия, Испания, Португалия мемлекеттерінің экономикалық жағдайлары өте қиын болып тұр. Аталмыш елдердің қайсыбірі бюджеттік тапшылықтан қарызға белшесінен батып отырғандықтан, ортақ валюта аймағынан шығып, дербес экономикалық саясат жүргізгісі келетіндерін де айта бастады. Бұл орайда, әсіресе, Еуропалық валюта қорынан әлсін-әлсін қаржылық көмек алып, бюджет дефицитін мүлде асқындырып алған Грекия елінің жағдайы қиын. Өткен жылы ел экономикасы 6,4 пайызға қысқарды.

Ал Португалия экономикасы өткен жылдың соңғы тоқсанында тағы да кейін кетіп, елдің ІЖӨ қатарынан тоғызыншы тоқсан бойы құлдырау үстінде. Ол ондағы тұтыну шығындарының азаюына және әлсіз экспортқа байланысты. Ел премьер-министрі Педро Пассос Коэльо жұмыссыздықпен күресудейін-ақ күресіп отыр, бірақ оның еуропалық сауда серіктестерінің тарапынан елге олардың қызығушылығы төмендеп, ал өздерінде салықтың күрт өсуіне байланысты Еуроодақтан және Дүниежүзілік валюта қорынан 78 млрд. еуро көлемінде көмек сұраудан басқа амалы қалмай отыр.

Еуроаймақта жоқ Ұлыбритания биылғы жылдың қаңтарында өнеркәсіп өндірісін құлдыратпай ұстап қала алмады, ол бұрнағы аймен салыстырғанда 1,2 пайызға төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінде бұл көрсеткіш 3,0 пайызды құрайды. Сол сияқты Еуроаймақтың тіректі мүшелерінің бірі болып табылатын Францияда төлем балансының дефициті жылдам өсіп отыр. Тауарлармен сауда дефициті қаңтар айында 6,7 млрд. еуроға дейін өсті. Оған елдегі экспорттың құлдырауы әсер етуде. Айта берсе, әлем экономикасында теріс сипат алып отырған мұндай мысалдар өте көп. Соған қарағанда, біздің еліміздегі экономикалық өсімге тәубе демеске болмайды.

2013 жылы Үкімет пен Ұлттық банк жүргізетін экономикалық саясат 6 пайыз деңгейіндегі орнықты экономикалық өсуді және инфляция аясын көздеген 6-8 пайыз деңгейінде сақтауды қамтамасыз етеді деп сенеміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp