Климакстық кезең – әйел ағзасында жастың келуіне байланысты болатын өзгеріс. Бұл жыныстық толысудан егде жасқа өту, біртіндеп етеккірдің бітуін, бала туу жасының аяқталуын білдіреді.
Любовь БОДАРЕВА,
қалалық әйелдер консультациясының
акушер-гинеколог дәрігері.
Климакс – физиологиялық үрдіс. Оның пайда болу себептері ағзадағы гормондардың қайта құрылуында болып табылады. Аталмыш мезгіл екі кезеңнен тұрады. Бірі перименопауза болса, екіншісі постменопауза. Әйел өміріндегі соңғы етеккір менопауза деп аталады.
Перименопауза – аналық жыныс безі міндетінің басыла басталуының бастапқы кезеңі. Ол 2 жылдан 6 жылға дейін созылады.
Климакстың басталуының орта жасы – 50 жас. Ерте климакс – 35-40 жас, соңғысы 55-56 жасқа келеді. Бұл өзгеріс әр әйелде әртүрлі өтеді. Кейбірі, тіпті, климакстың келгенін байқамаса, кейбірі бұл дерттің белгілерінен ұзақ уақыт зардап шегеді. Бұл синдромның негізгі шағымы “құйылу” деп аталады. Яғни, әйел адамда кенеттен бет, мойын, омырау, желке тұстарында қызару байқалады. Дене қызуы көтеріледі. Мұндай жағдай 2-3 минутқа созылып, кеш бата жиілетеді. Түнгі уақытта болған “құйылу” әсіресе, қиын. Күйгелектік, ашушаңдық, бас ауру, ұйқысыздық, қорқыныш сезімі, торығу байқалады. Кейбір әйелдерде қан қысымы көтеріледі. Жүрек тұсы шаншып, тізе және саусақ буындары сырқырайды. Кейінірек терісі семеді.
Қауіпті белгілердің бірі – остеопороз ауруының дамуы. Сондай-ақ жүрек-тамыр аурулары: атеросклероз, артерия гипотениясы, жүректің ишемиялық дерті көрініс табуы әбден мүмкін.
Климакс ағзаның табиғи қайта құрылуы себебінен ғана пайда болмайды. Гинекологиялық оталар да оған себеп бола алады. Мысалы, аналық жыныс бездерін алып тастау климакстың тууына итермелейді. Десе де, тек қана ота емес, сонымен қатар отадан кейінгі науқастың психологиялық жай-күйі де әсер етеді.
Климакстың белгілері пайда болысымен, гинекологке қаралған жөн. Және әрдайым жарты жылда бір рет тексеріліп тұру қажет. Диагностикаға қарай бұл дертті емдеудің өз тәсілдері бар. Бірақ әр маман сізге темекіден бас тартып, спортпен шұғылдануды және демалуды кеңес етер еді. Артық салмақтан арылу қажет болады. Себебі, тері астындағы май ағзадағы гормондардың қайта құрылуы кезінде көмекші құрал рөлін атқарады. Сондықтан үлкен маңызға ие.
Қазіргі заманғы медицина әйелдерге бұл дертпен күресуде бірегей дәрі-дәрмек ұсынады. Ол дәрі-дәрмектер құрамы мен құрылымы жағынан әйелдердің гормондарына ұқсас. Дәрі-дәрмектерді дәрігер әр әйелдің денсаулығына сай таңдайды. Дұрыс таңдалған дәрі-дәрмек әйелдің денсаулығын жақсартып қана қоймай, нәзік жанның сымбаттылығын да қайтарады. Әжімнің пайда болуын тежеп, терінің жағдайын жақсартады. Өмірдің сапасын арттырып, тән мен жанды қалыпқа келтіреді.
Климакс тек әйелдерде болады десеңіз қателесесіз. Ол ер адамдарда да болады. Әдетте 50 немесе 60 жас аралығында дерттің белгілері пайда бола бастайды. Ағзадағы гормонның бұзылуы, жүрек-қан тамырлары дерттерінің пайда болуы, қан қысымының көтерілуі сынды белгілер ер адамдарда да байқалады. Емделу жолдары да біркелкі болғанымен, тәсілі әртүрлі. Сондықтан емнің дұрыс жолын маман ғана таңдап бере алатындығын естеріңізден шығармаңыздар.