Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше – Халықаралық театр күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жаңа қойылым сахналанды.
Бұл жолы погодиндіктер көрермен назарына италиялық драматург Карло Гольдонидің “Трактирші әйел” атымен белгілі пьесасын ұсынды. Қойылымның режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Тимур Кәрімжанов.
Көзге үйреншікті қазіргі заманғы комедияларға қарағанда бұл пьесаның стилі бөлек. Адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді әзілсықақ арқылы сынау, келемеждеу сол заманғы драматургтердің көздегені болатын. Гольдониді “Италияның Мольері” деп бекерден атамаса керекті. Осыдан 260 жыл бұрын жазылған аталмыш пьесада сол заманның өзекті деген мәселелері көрініс тапса да, әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Мәңгілік махаббат тақырыбы пьесадағы Мирандолина (Татьяна Фомиченко) мен Кавалердің (Евгений Патешкин) бейнесінде көрініс тапқан. Адам мінезінің көлеңкелі тұстары Маркиз (Владислав Сабиров) бен Графтың (Алексей Никулин) іс-әрекеттерінен айқын білінеді.
Пьесаның оқиғасы қонақүйде өтеді. Онда тұрақтаған тұрғындар “Трактирші әйел” Мирандолинаның ақылы мен сымбатына ғашық болады. Оның жүрегінің түкпірінен орын алу үшін біреуі байлығын аяғына шашса, біреуі бар айласын іске қосады.Тек Кавалер ғана бірбеткейлігімен “Мирандолинаның қақпанына түсетін мен емес”, деп жар салады. Бірақ ақырында Мирандолинаның қақпанына қалай түсіп қалғанын өзі де аңдамай қалады.
Қойылымның оқиғасы осындай қарапайым. Десе де ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері көрермендерді еріксіз күлкіге кенелтеді. Себебі, көрермен сахнадағы әр кейіпкерден танысының, көршісінің, туысының, әріптесінің және өзінің бойындағы қасиеттерді айна- қатесіз таниды.
Қойылымның қоюшы-суретшісі Сангат Яруллин мен костюмдердің суретшісі Светлана Таныгинаның еңбегі де ерекше. Гольдони өмір сүрген заманның көшірмесін сахнаға әкелген олардың суретшілік шеберліктерінде мін жоқ. Костюмдердің тігісінен бастап, сахнаның безендірілуіне дейін аса талғампаздықпен жасалған. Актерлердің киімдері көздің жауын алады. Ал актерлерге тоқталар болсақ, Граф бейнесін сомдаған Алексей Никулин мен Маркиздің шекпенін киген актер Владислав Сабиров екеуі қойылымның көркі болды.